Өркенді істің бастауы немесе қой өсіремін десең көмек көп
Жұма, 14 маусым 2013 2:09
Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл-аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз кәсіптерін дөңгелетіп, аяғынан тік тұрып кетуіне қажетті жағдайдың бәрі қарастырылып жатыр. Бұл орайда істелген жұмыс та қыруар. Көктемгі егін егу жұмыстарынан бастап, атакәсіп мал шаруашылығын дамытуға бет бұрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісін қолға алушыларға демеу боларлық мүмкіндіктер де мол екендігі және ақиқат. Соның бірі – еліміздің аудандары мен өңірлерінде құрылған несие серіктестіктері шаруаларға кең өріс ашты.
Жұма, 14 маусым 2013 2:09
Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл-аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз кәсіптерін дөңгелетіп, аяғынан тік тұрып кетуіне қажетті жағдайдың бәрі қарастырылып жатыр. Бұл орайда істелген жұмыс та қыруар. Көктемгі егін егу жұмыстарынан бастап, атакәсіп мал шаруашылығын дамытуға бет бұрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісін қолға алушыларға демеу боларлық мүмкіндіктер де мол екендігі және ақиқат. Соның бірі – еліміздің аудандары мен өңірлерінде құрылған несие серіктестіктері шаруаларға кең өріс ашты. Осыдан он екі жыл бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың белсенді қолдауымен құрылған 165 несие серіктестігі дәл осы таңда еліміздің 160 ауданында жұмыс істейді. Олардың мақсаты шаруаларға көмек көрсетуді жүйелі түрде жүзеге асыру, анығырағы – несие серіктестіктеріне мүше болғандарға және мүше болуды ойластырып жүргендерге төмен пайызбен қаржы ұсынып, оның жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолжетімділігін арттыру. Жалпы, бағдарламаның басты мақсаты да осы. Оның негізгі тиімді тұсы несие серіктестігіне қатысушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі – 9 пайыз және несие беру мерзімі 9 жылға дейін. Қазіргі уақытта аталған аудандардағы несие серіктестіктері бес бағыт бойынша кредит береді. Олардың атын атап, түсін түстесек, яғни агроөнеркәсіп субъектілерін несиелеу үшін аналық сиырлар мен өндіруші бұқаларды сатып алуға арналған («Сыбаға» бағдарламасы), кепілсіз несие беруге бағытталған жедел несие, айналым қаражатын толтыру мақсатында өсімдік шаруашылығын несиелеу, айналым қаражатын толтыру бағдарындағы мал шаруашылығын несиелеу, негізгі құрал-жабдықтарды сатып алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге несие беру болып шығар еді. Осылайша корпорация несие серіктестіктері жүйесін несиелеу арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық бағыттарын қамтыды. Жай қамтып отырған жоқ, өсіп-өркендеуіне мұрындық болып отыр.
Берері көп бұл бағыт аясында Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында қой өсіруге несие берген «Құлан-Дән» несие серіктестігінің іске асырған жұмысы талай шаруашылықты шалқытты. Ол өңірдегі 10 серіктестік ішінде корпорацияның Жамбыл облыстық филиалынан берілген қаражаттың 40 пайызын игерген іргелі ұйым. «Құлан-Дәннің» төрағасы Рахманәлі Әбдіқадыровтың айтуынша, кредит беру шарттары жеңілдетілген сайын серіктестікке мүше болғысы келетіндер саны өсе түскен. Мәселен, былтыр аудан бойынша бар-жоғы 230 миллион теңге несие берілсе, биыл жыл басынан бері 36 жоба мақұлданып, 196 миллион теңге қаржы өз иесін тауып, қанжығаларын майлапты.
Қаржының пайдасын көргендердің бірі – жасы жетпіс үшті алқымдаған Санат ақсақал. Ол басқаратын «Мерей» шаруа қожалығы 2003 жылдан бері «Құлан-Дән» несие серіктестігіне мүше. Алғаш рет 2004 жылы корпорацияның несиесін алғанда жеке меншігінде 70 саулық болса, бүгінде қорасындағы қой саны 1060-қа жеткен. Қожалық жетекшісі Санат Қырықбаев соңғы тоғыз жылда тоғыз мәрте осы қаржы ұйымынан несие алғанын мақтанышпен жеткізді. Бүгінде шаруашылықтың бүкіл қойын бағатын екі шопан отбасына өзі бас-көз болып отыр.
– Соңғы рет былтыр 5 миллион теңгеден астам несие рәсімдедім. Оған биязы жүнді 138 меринос саулық, 15 қошқар мен 400-дей қозы сатып алдық. Ал, несиені 1 миллион 200 мың теңгеден, жылына бір рет төлеп отырамын. Аталмыш қаржы ұйымы біз секілді ауылдағы ағайынға көптеген мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, мен ол үшін ауылымдағы саман кірпіштен тұрғызылған екі үйді, жайылымдағы мал қорамды кепілге қойдым. Басқа ешбір екінші деңгейлі банк немесе қаржы ұйымдары шаруаларға осыншама тиімді шарттар ұсынып отырған жоқ. Олар шалғайдағы үйіңіз бен қораңызды кепілге алмақ түгілі, мән-жайға да қарамайды. Егер корпорация берген несие болмаса, қой санын мыңнан асырып, шаруашылығымды дөңгелетіп әкетуім де екіталай болар еді, – дейді Санат ақсақал.
– «Мерей» қожалығы секілді ауылдағы талай шаруаның мерейін өсіруге негіз болған бағдарламалар арасынан несие серіктестіктері арқылы кредит беру жүйесі бүгінде өз тиімділігін дәлелдеді, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Нұрғали Сейітбеков. – Біріншіден, кәсіпкер облыс орталығына сабылып әуре болмайды. Құжаттарын тікелей аудан орталығында рәсімдейді. Екіншіден, биылдан бастап біз несие серіктестіктеріне кредит беру немесе бермеу туралы шешімді өздері қабылдайтын құзыреттілікті жүктемекпіз. Осы кезге дейін олар мәселені шешу үшін облыстағы филиалға жәутеңдеп қарайтын. Демек, олар енді сенім білдірген тұлғаларына өздері несие бере алады. Биылдан бастап «Несие серіктестіктері арқылы несиелендіру» бағдарламасы аясында Жамбыл облысы бойынша 100-ден астам жоба мақұлданып, 400 миллион теңге несие берілді. Ал, өткен жылы бұл сома 546 миллион теңгені құраған болатын. Демек, ілгерілеу бар. Жыл соңына дейін осы бағдарлама бойынша 800 миллион теңгені игеру көзделуде. Жалпы, басқа да бағдарламалар аясында 1 миллиард 700 миллион теңгені ел игілігіне береміз деген жоспар бар, – деп сөзін түйіндеді Нұрғали Сейітбеков.
Иә, солай болатынына сенімдері мол.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».