Жаңаөзендегі перзентхана құрылысы: жыр мен сыр
Сенбі, 15 маусым 2013 2:41
Халқы аз уақыт ішінде екі есе көбейген Жаңаөзенде қалалық перзентхана құрылысы қолға алынған болатын. Бая-я-ғыда. Яғни, Жаңаөзендегі оқиғадан да, шағын қалаларды дамытуға арналған бағдарлама дайындалмастан да бұрын. Алайда, аталмыш бағдарлама аясында соңғы жылдары Жаңаөзенде бірнеше жаңа нысанның тұсауы кесілді, ал перзентхана құрылысы сол сиырқұйымшақ қалпы. Тіпті, қалада бала саны артып, ескі перзентхана тарлық етіп, жаңасы қажет болып тұрса да…
Сенбі, 15 маусым 2013 2:41
Халқы аз уақыт ішінде екі есе көбейген Жаңаөзенде қалалық перзентхана құрылысы қолға алынған болатын. Бая-я-ғыда. Яғни, Жаңаөзендегі оқиғадан да, шағын қалаларды дамытуға арналған бағдарлама дайындалмастан да бұрын. Алайда, аталмыш бағдарлама аясында соңғы жылдары Жаңаөзенде бірнеше жаңа нысанның тұсауы кесілді, ал перзентхана құрылысы сол сиырқұйымшақ қалпы. Тіпті, қалада бала саны артып, ескі перзентхана тарлық етіп, жаңасы қажет болып тұрса да…
Құрылысы 2009 жылы басталған 100 орындық перзентхананың жүгі де, жыры да жеңіл болған жоқ. Жоспар мен уәде бойынша, ол осыдан екі жыл бұрын халық игілігіне тапсырылу керек болатын. Жаңаөзен қалалық перзентханасы 1972 жылы салынған. 80 орынды. Яғни өмірге нәресте әкелетін 10 мың анаға лайықталған еді. Бір палатада бірнеше әйел жатудан, дәлізде шұбырып, телміре кезек күтуден құтылып, көне ғимараттан жаңасына көшуі тиіс еді. Босанған 6 ана, балаларымен 12 жан бір палатаға сығылысқан күн артта қалып, әр бөлмесі екі әйелге арналған, жеке жуынатын орындары бар, қабат сайын аналарға буын бұрқыратып ас беретін асхана жұмыс істейді делінген. Сол ғимаратта дүниеге келген торсық шекелердің жасы 2-ден асып, апыл-тапыл жер басып жүруі қажет еді. Аталмыш перзентханадан босаған ескі ғимаратқа қалалық ауруханадан бөлініп, Жаңаөзендегі 40-45 мың баланың денсаулығын күзетіп отырған қалалық балалар ауруханасын қоныстандыру көзделген. Иә, жоспар мен жоба бойынша солай болатын!
Наурыз айында Маңғыстау облысына сапары барысында кешіккен құрылыс барысымен танысқан «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек құрылысты жүргізуші «Нияз-Мұхаммед» ЖШС басшысы Б.Нұровқа жұмысты маусым айының басында тапсыруға пәрмен берген болатын. Бірақ, маусым айы да аунап барады, «баяғы жартас – бір жартас». Құрылыс жұмыстарына 2 млрд. 579 млн. теңге қаржы бөлінген құрылыс төрт жылдан бері тоқырап тұр.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында қиындықтар кездесіп, қалыпты жұмыс жүргізуге кедергілер келтірілді. 2009 жылдың желтоқсан айында, салынатын ғимараттың белгіленген жер телімінде бірнеше инженерлік желілерге, оның ішінде жылу, су құбырлары жолдары, байланыс пен электр желілеріне тап болдық. Осыған орай, бізге, аталған инженерлік желілерді жергілікті атқарушы коммуналдық органдарының көрсетіп, белгілеген жерлеріне ауыстырып қайта орналастыруға тура келді. Аталған желілерді ауыстыруға кеткен шығын, мекеменің өз қаражаты есебінен жүргізілді. Сәйкесінше, аталған желілерді қайта орнатуға жіберілген уақыт, құрылыс жұмыстарын жүргізуге белгіленген кестеден 8 айдан 1,2 жылға мерзімге кешіктіріліп басталды. Сондай-ақ, 2011 жылғы келеңсіз оқиғаның салдары құрылыс-монтаж жұмыстарының қалыпты жүруіне кері әсерін тигізді. Жұмысшылар жұмыс орындарын тастап, жұмыс күшін тарту қиындық тудырды. Осының салдарынан құрылыс жұмысының кестесі 6-8 айға кешіктірілді. Және бекітілген техникалық шарттарға сәйкес, ғимараттың жылыту жүйесі, осы ғимаратқа жақын орналасқан қолданыстағы ауруханаға қосылған болатын. Алайда, жылу жүйесін іске қосу кезеңінде, қолданыстағы аурухананың жылыту қазандығының құрылғылары ескі және қуаттылығының аз болуына байланысты, жаңадан салынған перзентхана қосымша жылыту көлеміне шыдамай, ғимараттың жылыту жүйесінде ауа кептелісі орын алып, олардың жарылуына әкеліп соқты. Осының салдарынан ғимараттың 1-ші қабатынан 5-ші қабатына дейін су кернеп кетті. Ауа райы суық болғандықтан, жылыту жүйесінен аққан суларға мұз қатып, еден төсеніштері мен қабырғалардың қаптаулары жарамсыз болып қалды, деп созылған «жырдың» «сырын» тарқатты «Нияз-Мұхаммед» ЖШС басшысы Берген Рахметұлы.
Айтуынша, орын алған жағдай салдарынан, жылыту жүйелеріне қайта жаңғырту жұмыстары, су шайған еден төсеніштері мен қабырға қаптауларына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қырсығы арылмай, қиюы кеткен істі жамап-жасқап келіп, осыдан бір жыл бұрын перзентхананың сыртқы желілерін монтаждау және жылыту жүйесін орталық желіге қосу жұмыстарына байқау өткізілген. Барлық айтарлықтай маңызы бар мәселелер және оларды шешу кезеңдері жұмыс кестесінің ұзақ уақытқа шегерілуіне әкеліп соғыпты!
Нысан құрылысының кешігуіне екі себеп бар: біріншісі – мерзімінде қаржыландырылмау, жобалық-сметалық құжаттардың сәйкессіздігі, жылдық коэффициенттердің еленбеуі және бұған бақылаушы органдардың тарапынан дер кезінде шешім қабылданбауын да қосып қойыңыз. Екінші себеп, асты айқыш-ұйқыш құбыр мен желіге толы жер телімін бере салу да іске көп кедергі келтірген. Ақыры не болды? Артық шығын, созбаланған құрылыс, уақыттан ұтылу осындай оралымсыздыққа да тіреп отыр. Сырғыған уақыт, сырғыма уәде мен межелі мерзімде бітіре алмағандардың айтар уәжі таусылып, абдырап қалғандарды көргенде «кеңеспей пішілген тонның» кері осы-ау демеске шараң жоқ.
Келісімшарт бойынша 2 млрд. 579 млн. теңгені құрайтын құрылысты салу құны материалдар мен құрылыс жабдықтарының, жанармай құнының қымбаттауы, жалақының өсуі, дер кезінде қаржыланбауы себепті негізгі жұмыстары тоқтап қалған құрылысқа инженерлік қызмет көрсету, нысанды күзету, көтергіш крандарды жалдау секілді қосымша шаруалар арқылы біраз артып, ол шығындар бас мердігер «Нияз-Мұхаммед» ЖШС-нің мойнына ілінген.
«Қырсыққанда қымыран іриді» деген осындай-ақ болар! Жыл сайын мұнайлы қаладағы перзентхана құрылысы «қысыр» қалып тұрғанмен, жаңаөзендік аналар сәбилі болудан жаңылар емес. Жаңаөзен қалалық перзентханасының бастығы Б.Нұрбосынованың айтуынша, еститін құлақ, көретін көз болса, жас аналар қатары көбейе түскен.
«Біз мердігер мекеме ретінде осы нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға әзірміз. Әлеуметтік маңызы бар ғимараттың құрылысын барлық қиындықтарға қарамастан, пайдалануға беруге бар күш-жігерімізді саламыз», дейді мердігер мекеменің басшылары. «Қашан?» деп сұрай алмадық, себебі, ішің білсін, бұл ескі әуен, жаңа әуенді айтар күн жақын болсын дейік.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы