Аймақтар • 31 Шілде, 2019

Алтынордалық қолөнершілер қаласы

356 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Уақыттан үстем не бар? Бір кездері «шеберлер қаласы» атанып, атағы жаһанға жария болған шаһардың орны көп жылдар теңіз суының астында қалды. Сарайшықтан шық­қан керуендер соқпай өтпейтін ортағасырлық қала Ұлы Жібек жолы­ның бойында қоныс тепкен.

Алтынордалық  қолөнершілер  қаласы

Бұл қазіргі Атырау қаласының маңын­да­ғы жаңадан бой көтерген «Жұл­дыз» шағын ауданының тұсы. Жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, топырақ астынан аршылып алынған көне қаланың орнын көре аласыз. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында теңіздің беті қайтып, қоныс қалдықтары жер бетіне шыққан.

Бұл жерді алғаш рет 1960 жылдары мұнайшы-геолог Сапар Қарымсақов пен өлке­танушы ғалым Вячеслав Афанасьевтер анықтапты. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, қалада көптеген қолөнер шеберханалары болған. Жергілікті халық сауда керуендеріне қызмет көрсеткен. Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы сүйек жүзіктер мен тарақтар, білезіктер, ыдыстар, шыны тұмарлар, мон­шақ­тар ежелгі ақтөбеліктердің қолөнерге қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Жер­гі­лікті өлкетанушы Афанасьев Алматыдан келген археолог Мершиевпен бірге барып, зерттеу жүргізеді. Мершиев мұны ортағасырлық қала деп табады. Оған дейін Атырауда ортағасырлық бір ғана қала – Сарай­шық болды деп есептеліп келген. Ақтөбе мен Сарайшық қаласының арасы елу шақырым. Сарайшықтан шыққан керуен­дер Ақтөбеде тоқтап, демалып кетеді. Бұл жер керуен сарай қызметін де атқар­ған.

Өткен ғасырдың 73 жылдары Мәс­кеу­ден археолог Галкин келіп, қазба жұмы­сын жүргізіп, ондаған кварталды ашады, үйлер­дің орындары, шеберханалар, сауда орындары бар екенін көреді де, сол кездегі қолөнершілердің қаласы деген қорытынды айтады. Оның зерттеуі бойынша, қала XIV ғасырларда өмірін тоқтатқан. Тасқын судың кесірінен адамдар қаладан көшіп кеткен. Бұл қала туралы италиялық саяхатшылар да жазған екен, картада Лаэти деп белгілепті. Ескі кенттің орынын зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тоқтап қалды. Араға 20 жыл үзіліс салып атыраулық археологтер бұл мекен­ге көңіл бөлді. Соңғы жылдары облыс­тық тарихи-өлкетану музейі мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл да уни­версиеттің тарих мамандығында оқып жатқан студенттер тәжірибелерін осы жерде тәжірибеден өтті. Оларға жетекшілік еткен тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасенов: «Ақтөбе-Лаэти – мемлекетпен қорғалатын мұралар тізі­мін­дегі қала, сондықтан да оның ашыл­май жатқан құпия сырларын зерттеу жұмыстары назардан тыс қалмайды», дейді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­ламалық мақалалары аясында орта­ға­­сырлық қала орнына екі ай бойы қазба жұмыстарын жүргізген облыстық тарихи-өлкетану музейі 100-ге жуық жәдігер тапты. «Олардың қатарында диірмен тас, қаз-қалпында сақталған ядро, екі үлкен құмы­ра, қыш ыдыстар мен көзелер, шығырлар мен шырағдандар, әшекей бұйымдар бар, дейді музей басшысы Рашида Харипова. Ақтөбе-Лаэтидің басқа ортағасырлық қала­лардан ерекшелігі – ол өндірістік қала ретінде танылған. Түрлі металл өңдейтін орын­дар, әйнек, зергерлік бұйымдар жасайтын шеберханалар болған. Қазба орнынан табылған жәдігерлер қайта қалпына кел­ті­ру жұмыстарынан кейін музейге қойы­лады».

Ақтөбе-Лаэтиден бұған дейін де 500-ден астам жәдігер табылды. Қойнауына талай ғасырдың сырын бүгіп жатқан бұл жер толық зерттеліп, аспан асты музейіне айналса, тіпті жақсы болар еді. Әзірге ол да уақыт еншісіндегі әңгіме.

 

АТЫРАУ

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20