Саясат • 31 Шілде, 2019

Халал өнімдер өндірісінің өрісі кең

351 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысын жалғастыру мәселелері қаралды.

Халал өнімдер өндірісінің өрісі кең

Өнімдерді өңдеуге инвестиция керек

2019 жылдың бірінші жар­тыжылдығының нәтижесі бо­йынша мал шаруашылығын­да жалпы өнімнің көрсет­кіш­тері 2018 жылдың осын­дай кезеңімен салыстырған­да 10,5%-ға өсті, мал азығы да­қыл­дарының егіс алаңы 19%-ға ұлғайды.

«Қазір жалпы құны 200 млн доллардан астам 7 инвести­ция­лық жоба бар. Олар бойын­ша мал шаруашылығы өнім­­дерін өңдеуге инвестиция салуға да­йын стратегиялық инвес­тор­лардың жұмысы пысық­талып жатыр. Біздің ортақ міндетіміз – салаға келетін инвес­ти­цияларды жыл сайын кемін­де 30%-ға арттыру. Инвести­ция көлемін 2020 жылға қарай 211 млрд теңгеге дейін, 2021 жылға қарай 274 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет», деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының ай­туынша, қазіргі таңда мал шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу көлемі төмен деңгейде қалып отыр, бұл көрсеткіш 35 пайыздан аспайды. Ал Ресейде – 40 пайыз, Бела­русьте – 50 пайыз, дамыған Еуропалық одақ елдерінде 80 пайыз­дан асады. «Отандық өңдеу­ші кәсіпорындардың то­лық жұмыс қуатына шық­пауы­на, жабдықтардың тозуына, шикізаттың жетіспеуіне байланысты бұл кәсіпорындар қо­сым­ша өсімді қамтамасыз ете алмай отыр», деді Үкімет басшысы.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаровтың айтуын­ша, соңғы жылдары өнім­дерді өңдеу қарқын алып келеді. «Соңғы жылдары мал шаруа­шылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Сиыр еті 477 мың тоннаны құрады, бұл ішкі тұтынудың 98%-ын қамтиды. Қой еті 150 мың тоннаға, шошқа еті 86 мың тоннаға жетті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша сиыр етінің экспорт көлемі 19,9 мың тоннаны, қой еті 3 мың тоннаны, шошқа еті 400 тоннаны құрады. 5 жыл ішінде тұрақты тұтыну өсімі кезінде құс етін өндіру көлемі 40%-ға артып, 192 мың тонна болды. Жұмыртқа экспортының қар­қыны артып келеді, өткен жыл­дың қоры­тындысы бойынша 680 млн дана жұмыртқа экспорттал­ды. Сүт өндіру көлемі 5,7 млн тон­наны құрады», деді министр.

2019 жылы 683 отбасылық ферма 66,7 мың мал басына несие алып, шетелден 42 мың бас аналық ірі қара мал әкеліпті. «Сонымен қатар 536 фермерлік шаруашылық 210 мың аналық қой сатып алуға қар­жыландырылды. Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағ­дарламасы шеңберінде өнер­кәсіптік және отбасылық үлгі­дегі фермалар салуды қаржы­лан­дыру жүзеге асырылады. 2018 жылы 7 өнеркәсіптік кешен мен 22 отбасылық ферма жаң­ғыртылып, іске қосылды», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Ислам елдеріне азық-түлік экспортын арттыру үшін елде халал өндірісті дамыту керектігін айтты. «Әлемдік үрдістерді ескере отырып, халал өнімдер экспортын дамыту қажет. Отандық халал өнімдердің Ислам елдері нары­ғында жоғары бәсекеге қабі­лет­тілігі осы өнімдердің халық­аралық талаптарға сәйкес­тігін бақылау жүйесін дамыту­ды қажет етеді. Ауыл шаруашы­лығы министрлігіне мүдделі мем­лекеттік органдармен бір­лесіп, биылғы 15 тамызға дейін халал өнімдерді дамыту жөніндегі жол картасын Үкі­метке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырамын», деді Үкімет басшысы.

 

Мал басы өсіп келеді

Агроқұрылымдардағы мал мен құс санының өсуінің оң динамикасы сақталуда. Ірі қара малдың саны 7,2 млн, қой 18,7 млн, жылқы 2,6 млн, құс 44,3 млн басқа жетті.

АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы шең­бе­рін­де министрлік мал шаруа­шы­лығы салаларын дамытудың ұзақ мерзімді салалық бағдар­ламаларын іске асыруда.

Етті мал шаруашылығын да­мытудың ұзақ мерзімді бағдар­ламасында 10 жыл ішінде бор­дақылау алаңдарымен және ет комбинаттарымен кооперацияланып жұмыс істейтін етті мал шаруашылығы мен қой шаруашылығында 80 мың от­басылық фермерлік шаруа­шылық құру қарастырылған. Бағдарлама сиыр еті мен қой етінің экспорттық әлеуе­тін арт­тыруға бағытталған.

Сүтті мал шаруашылығы­ның ұзақ мерзімді бағдарламасы сүт өнімдерінің импортын ал­мас­тыруға бағытталған. Жалпы алғанда, өнеркәсіптік және от­ба­сылық үлгідегі тауарлы сүт фер­маларын көбейту есебінен қайта өңдеу қуатын арттыру үшін сүт өндіру көлемін 1 млн тоннаға ұлғайту жоспарлану­да. Жылдам нәтижелерге қол жет­кізу үшін өнеркәсіптік тауар­лы сүт фермаларын салу қар­қынын арттыруды қамта­масыз ету қажет.

Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасында құс етінің импортын алмастыру үшін жаңа өндірістік қуат құру көз­делген. Құс етін өндіру көлемін 3 еседен артық ұлғайту жоспарлануда.

Шошқа шаруашылығын дамыту бағдарламасы Қытай нарығына шошқа етін экспорттауды дамытуға бағытталған. Сол үшін шошқа етін өндіру көлемін 2 есеге ұлғайту жоспарлануда.

Үкімет басшысы осы орайда Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне «ҚазАгро» хол­дингімен және облыстардың әкім­діктерімен бірлесіп, тауар­лы-сүт шаруашылығының көле­мін арттыру, отандық құс шаруа­шы­лығын дамыту шараларын қабылдауды тапсырды.

 

Тұрғын үй құрылысына инвестиция көбейді

Үкімет отырысында баян­дама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Роман Скляр­дың ай­туын­ша, биылғы жартыжыл­дықта тұрғын үй құрылысына тартыл­ған инвестиция был­тыр­ғы алты айдағыдан 15%-ға өскен.

«Осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2018 жылғы деңгей­ден 15,5%-ға жоғары. 1 теңге мем­ле­кеттік қаражатқа шақ­қанда 7,4 теңге жеке инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін 118 мың баспана салуды жоспарладық. Жартыжылдық қо­рытынды бойынша 48 925 баспана, яғни 5,7 млн шаршы метр үй пайдалануға берілді», деді Р.Скляр.

Министрдің айтуынша, 2018 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны бойынша Түркістан (147,4%), Қызылорда (122,4%), Алматы (115,6%) және Қостанай (115,2%) облыстары көш бастап тұр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында және Маңғыстау облысында құрылыс қарқыны сәйкесінше 32,8% және 10,3% төмендеген. Бұл жалпы республикалық көр­сеткішке теріс әсер етті, яғни тұр­ғын үй құрылысы 1,9% тө­мендеді. «Сондықтан бұл өңір­­лер жеке құрылыс салушы­лар арқылы жұмысты жандан­ды­руы керек. Тұтас алған­да бас­қа өңірлердегі құры­лыс қар­қынын арттыру арқы­лы жылдық жоспарға қол жеткі­зетін боламыз», деді Р.Скляр.

Оның айтуынша, көп балалы отбасылар үшін жалға бері­летін тұрғын үй салуға және сатып алуға 50 млрд теңге қарас­ты­рылды. «Қаржыландыру жос­пары бойынша өңірлерге 9,7 млрд теңге аударылып, оның 9,6 млрд теңгесі игерілді. Барлығы 7482 пәтер беру жоспарлануда. Мамыр айынан бастап 1619 көп балалы отбасына тұрғын үй берілді», деді Р.Скляр.

«Мемлекет басшысы барлық тұрғын үй бағдарламаларын біртұтас тұрғын үй саясатына бірік­тіруді тапсырды. Сондық­тан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 млн-нан ас­там адам жаңа тұрғын үй­­­мен қам­тама­сыз етіледі», деді А.Мамин.

Әкімдік LRT шығындарын үнемдеу жолын тапты

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысын жалғастыру мәселелері бо­йынша әкім Алтай Көлгінов баяндама жасады. «Елорданың балама көлік түрлерін салу халықаралық міндеттемелерді орындау, сондай-ақ құрылыс инфрақұрылымын дайындау бойынша атқарылған жұмыстың көлемін ескере отырып, LRT жобасы аясында келесі жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасына сәйкес, жо­баны оңтайландыру жұмыс­тары жүргізілді. Үкімет тарапы­нан Қытай даму банкінің қары­зынан бас тарту туралы шешім қабылданды. Бұл 800 млн АҚШ дол­ларын немесе 300 млрд тең­ге­ден астам сомада қарызға к­ете­тін шығыстар бөлігінде рес­пуб­ли­калық бюджетке түсе­тін қар­жы­лық салмақты азайту­ға мүм­кін­дік берді», деді елорда әкімі.

А.Көлгіновтің айтуынша, инвесторлармен келіссөздер жүр­гізіліп, Қазақстанның екін­ші деңгейлі банктерімен, қар­жы институттарымен облигацияларды орналастыру шарты қарастырылды. Бұдан бөлек, Қытай тарапынан келісімшарт құ­нына салықты қосу туралы кел­іс­сөздер басталған, бұл шара жоба бойынша шығындар­ды 200 млн долларға азайтуға жол ашады.

«Жолаушылардың қазіргі санын ескере отыра, жоба аясында жылжымалы құрамды немесе пойызды 19-дан 12 бірлікке дейін қысқарту мүмкіндігі қарас­тырылды. Бұл 40 млн АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік береді. Пойыздардың жүру интервалы 3 минуттан 10 минутқа дейін өзгертілді. Егер алдағы уақытта халықтың саны артса, оны қайтадан қалпына келтіруге болады. Сонымен қатар қазіргі таңда 7 аялдама стансасын қысқарту қарастырылып отыр. Сөйтіп 18 стансаны 11-ге дейін қысқарту көзделді. Жерасты жаяу жүргіншілер жолы да азайып, бұл 110 млн доллар қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Аталған шаралар жобаның шығындарын 350 млн долларға немесе 135 млрд теңгеге дейін оңтайландыруға септігін тигізеді», деді әкім.

Үкімет отырысында Пре­мьер-Министр айтқандай, «Ас­тана» банкіне аударылған 258 млн доллар көлеміндегі қаражат Нұр-Сұлтан әкімдігіне жобаны одан әрі жүзеге асыруға қай­тарылады. Бұл елорданың қоғамдық көлігін дамытуға үлес қосуы тиіс.