Аймақтар • 31 Шілде, 2019

Ақтауда медициналық сақтандыру жүйесі туралы семинар өтті

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Медициналық сақтандыру қоры» жергілікті сарапшылары Ақтаудағы бірнеше медициналық ұйымдарға оқыту-семинар жүргізді.  Семинар денсаулық саласындағы жаңа реформа – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің енуі жайында  болды.  

Ақтауда медициналық сақтандыру жүйесі туралы семинар өтті

Алғашқы семинар Ақтау қалалық 1-емханадан басталған. Бұдан кейін сарапшылар 22 шілде күні облыстық аурухана, 23 мамырда 2-қалалық емхана, 24 мамыр Онкология және Туберкулезге қарсы диспансерлерде оқыту жүргізген. Оқыту соңында қызметкерлер білім деңгейін тексеру үшін тест тапсырған. «Нейрон» жеке меншік клиникасының 100-ге жуық медицина қызметкерлері де Денсаулық саласындағы 2020 жылы өтетін өзгерістер туралы дәріс алды.  

«Дәрігерлер үшін бұл тың жаңалық емес. Емхана қызметкерлерін сақтандырылған азаматтарға қандай артықшылықтар беріледі, сақтандырылмаған азаматтар тегін емханаға қарала ала ма деген сұрақтар қызықтырды. Шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу – мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар: емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады. Әлеуметтік маңызы бар аурулар  да тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандарға ғана пайдалана алады. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да  тегін емделеді. Яғни, кепілдендірілген стандарт азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі, - деді «МӘМС» қоры жергілікті филиалының сарапшысы Лаура Қалдығожина.

Ал сақтандырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды қызметтерді алады. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар? Тұрғындар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 процентін өз қалтасынан төлейді екен. Яғни адамдар өз қалтасынан дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Бұл тұрғындардың әлеуметтік тұрмысына едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа реформаның маңызы сол, осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді», - дейді «МӘМС» қоры жергілікті филиалының  бөлім басшысы Айгүл Дәден.

Медициналық сақтандыру қоры мамандары алдағы уақытта аудандағы емханаларды аралап, семинар жүргізетін болады.