01 Тамыз, 2019

Ақжайық, арнаң қашан толар екен?

747 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еуропада Еділ мен Дунайдан кейінгі ең ірі үшінші өзен Жа­йық­тың жағдайы мүшкіл. Мұны осы өзенді жағалай отырған Ресей тарапы да, Қазақстан мамандары да мойындап отыр.

Ақжайық, арнаң қашан толар екен?

 Жиырма үшінші жорық

Жарықтық Жайық өзенінің арнасынан асып, тасымағанына да 25 жыл болыпты. Тасу тұрмақ, жылдан-жылға бұрын өткел бермес өзен балақты түріп өтіп кетуге болатын жылғаға айналып барады. Орынбор қаласының тұсында Жайық әбден таязданып, балдыр мен қоға басып, батпаққа айналған. Мұны «Ақжайықты аялайық!» экологиялық экспедициясы аясында түсірілген бейнесюжеттен көріп, жағамызды ұстадық.

Жайық өзенінде осыдан ширек ғасыр бұрын «Правдухиннің ізімен» деген атаумен басталған экожорық бүгінде «Жайық-Урал» тарихи-мәдени, экологиялық-ту­ристік экспедициясына айналған. Бұрынғы Парламент депутаты, бүгінде «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық-турис­тік қозғалысы» қоғамдық бір­лес­тігінің төрайымы Елена Тара­сенко бастаған қозғалыстың бас­ты мақсаты – өзеннің бүгінгі алаң­датарлық ахуалына қоғам назарын аударып, оның мәселелерін оң шешуге атсалысу болатын.

– Биыл «Жайық-Урал» эко­жорығы ХХІІІ мәрте ұйым­дас­тырылды. Еліміздегі Жастар жылы аясында қатарымызға жас­тарды көбірек тартуға тырыстық. Орынбор облысы Елек ауданынан басталған экспедициямыз 6 күн ішінде жүздеген шақырым жү­зіп өтіп, су мен топырақтың экологиялық сынамалары алынды. Біздің мақсатымыз – билікті нақты жұмысқа шақыру әрі жас­тарды тарту. Осы экспедиция барысында жасаған ұсыныстарымыз зерттеледі. Биыл қазан айында Атырау қаласында үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтпек. Біз, әрине ол жиынға да қатысамыз. Жайықты құтқару мәселесінде билік, мемлекеттік органдар тарапынан нақты әрекет, пайдалы іс болғанын қалаймыз, – деді Елена Тарасенко.

Жыл сайын жалауын жел­бі­ретіп, Жайықты жалдап, қа­йық­пен серуендеп өте шыға­тын­дай болғанымен, экспеди­ция­ның осы кезге дейін атқарған жұмысы аз емес. Ең бастысы, өзен­ді тел емген екі мемлекет – Ре­сей мен Қазақстан Жайық өзе­ні мәселелерін ақылдасып ше­ше­тін үкіметаралық орган құрды. Оның алғашқы отырысы былтыр Мәс­кеу қаласында өтті.

– Шынын айтайын, бұл жиын­ның шешімдері әзірге көңіл көн­­шітпейді. Мәскеуде «комис­сия жұмысы ғылыми тұрғы­дан не­гіз­делуі тиіс» деген талап қой­дым. Сарапшылар бұл ұсы­ныс­ты қолдағанымен, комис­сия­ның қорытынды шешіміне енгі­зілмеді. Сондықтан бұл мәселені Оралдағы семинарда да көтеруге мәжбүрмін. Өйткені Жайық өзенінің бүгінгі мүшкіл халі ғы­лыми негізделген сауатты зерт­теу­лердің ескерілмеуінен болып отыр, – дейді үкіметаралық комиссия мүшесі, Ресей Ғылым ака­демиясының академигі, «Орыс география қоғамы» бүкіл ре­сейлік қоғамдық мекемесінің вице-президенті Александр Чи­би­лев.

 

Оралдағы семинар

Академик Александр Чибилевтің Оралдағы семинар деп отырғаны – «Жайық өзені бассейнінің экологиясын сақтаудың бірлескен институционалдық және экономикалық тетігі бойынша ұсыныстар дайындау және халықаралық тәжірибелерді зерттеу мәселелері» атты екікүндік жиын. Ол 25-26 шілде күндері Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өтті.

Семинар Жайық өзенінің экожүйесін сақтауда халықаралық тәжірибені негізге алуды мақсат етіпті. Басқосуға Ресей мен Қазақстан ғалымдары, лауазымды тұлғалар, депутаттар қатысты. Семинарды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ресей Федерациясы Орынбор облысы қолдап, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырды.

– Жайық өзені біздің өңірдің және көршілес Ресей Федерациясының шекарасына облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуында зор рөл атқарады. Бұл өзен қос мемлекет үшін тарихи, эстетикалық және мәдени маңызға ие. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының 80 пайызының тұрмыс-тіршілігі Жайық өзенімен тікелей байланысты. Сондықтан Жайық өзені бассейнінің экожүйесі нашарлап, су сапасының төмендеуі, жайылма ормандардың азаюы, биологиялық ресурстардың, әсіресе бағалы бекіре тұқымдас балықтардың жойылуы бәрімізді алаңдатады. Әрине, бұл мәселелер бірнеше мәрте түрлі деңгейде, Мемлекет басшыларының, Үкімет және Қазақстан мен Ресей парламентшілерінің араласуымен талқыланды. Екі мемлекет басшысының кездесуінде трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау бойынша келісімшартқа қол қойылды. Мұның барлығы стратегиялық тұрғыда шешілуі керек. Айта кетейік, күні бүгін Жайық өзенінің суы Орал қаласын сумен және жылумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Оның жылдық көлемі 17 млн текше метрді құрайды. Биыл өзеннің деңгейі едәуір төмендеді. Бұл тұрғыда сумен қамтамасыз етуде баламалы қуат көздерін қолдану жолдары қарастырылуда. Ауыз судың жерасты көздерін қолдануды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда салалық министрлік тиісті жұмыстар жүргізуде, – деді семинарда сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Жайық өзенінің мәселесі тек екі ел емес, халықаралық ұйымдардың да назарын аударыпты. Оралдағы жиынға арнайы келген ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші Дьердь Сабо: «Біз бұл мәселені кешенді түрде қарауды ұсынамыз. Саясаттың салмағы артып келеді. Әріптестік, қауіпсіздік мәселелерін нығайтатын осындай шараларды қолдаймыз» деген пікірін білдірді.

– Бірінші кезекте өзен жағасындағы шаруашылық қызметті ретке келтіру керек. Ең алдымен өзенге өндірістік қалдық пен сарқынды су төгуді тоқтату қажет. Осы жиында Атырау мен Батыс Қазақстан облысының басшылары да отыр. Атырау қаласында болған жаппай балық қырылуына енді жол беруге болмайды. Бұл мәселені үнемі назарда ұстау керек, - деді Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Нұрлыбай Сәбит.

Қазақстан өзен суын жоғарыдан бірнеше жерден буып, төменге жеткілікті мөлшерде су жібермегені үшін Ресей тарапын кінәлайды. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, Жайықтың Орынбор қаласы тұсындағы ахуалы да адам аяғандай.

– Жайықтың басындағы қиын жағдай тек адам қызметімен байланысты емес. Оған табиғи процестер де әсер етеді. Орынбор облысында табиғи су көздері аз. Сондықтан осы салада мәселе көп. Экологиялық мониторинг жүйесін енгізу су сапасын жақсартып, оны ұдайы бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бірыңғай цифрлық ғылыми ақпараттық орталық құруды ұсынамыз. Бұл орталық өзенге қатысты барлық ақпаратты жинақтап, уақытымен өңдеп отырады. Бұл тез шешім қабылдауға мүмкіндік бермек, - дейді Орынбор облысы үкіметі төрағасының орынбасары Павел Самсонов.

Шарада Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры Наталья Дәулетиярова, Ресей Федерациясы Орынбор облысының табиғи ресурстар, экология және меншік қатынасы министрінің міндетін атқарушы Константин Костюченко, халықаралық сарапшылар Сергей Виноградов пен Болат Есекин, Ресей Федерациясының ұлттық сарапшысы Жанна Савохип, қазақстандық ұлттық сарапшы Мейрам Арыстанов ғылыми баяндама жасап, Жайық өзеніндегі қазіргі ахуалды таратып айтып берді. Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсенбаев, Сәрсенбай Еңсегеновтер Жайық өзені бассейнінің экожағдайын жақсарту, өзенге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру, жүйелі ғылыми зерттеулер жүргізу, ортақ инвестициялық қор құру секілді сан-салалы пікірлерін ортаға салды.

Қос елдің сарапшылары мен ғалымдары сөз алып, Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жан-жақты жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Батыс Қазақстан, Атырау және Ресей елінің көршілес Орынбор облысында бірдей аталып өтетін «Жайық күні» қарсаңында ұйымдастырылған халықаралық семинарда Жайық өзені бассейнінің экожағдайын жақсарту, өзен арнасын тазарту және тереңдету, жоғарыдан келетін су қарқынын арттыру, жасанды су қоймаларын салу, ортақ инвестициялық қор құру сияқты маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.

Семинар соңында ұсыныстар тізімі бекітілді. Ресей экологиялық қоғамы мен «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық туристік қозғалысы арасында келісімшартқа қол қойылды.

Каспийге жетер ме екен майшабағым?!

Жайық бұрын қызылбалығымен әйгілі еді. Өзен бойындағы әр үй қара уылдырықты нанға жағып жеп отыратын. Бүгінде бәлду-бәлду бәрі өтірік. Жайықта қазір балық түгілі су тапшы. Сол аз судың да гидрохимиялық және гидробиологиялық сапасы нашар. Дегенмен өзеннің басына бақ қонып, баяғы дәурені қайта келер деген үміт өлмейді. «Жайық-Урал» экожорығына қатысушылар экспедицияның бастамасымен соңғы жылдары Ресей мен Қазақстанда аталып өте бастаған «Жайық күні» Орал қаласының тұсында бекіренің 1600 шабағын өзенге жіберді.

- Дәл қазір 50 грамнан аспайтын қызылбалық майшабағы Каспийге жеткенше біраз уақыт өтеді. Бекіренің табиғи болмысының өзі осындай: ана-балық Жайықты жоғары өрлеп келіп, уылдырығын өзенге шашады. Тұщы суда туып, теңізге жеткенше өсіп-өнетін майшабақ 12-13 жылдан кейін ғана жыныстық жағынан жетіліп, уылдырық шашуға өзінің туған жеріне ұмтылады. Бүгін суға жіберіп отырған бекіре шабақтары да бір мүшелден кейін осы жерге оралады деп үміттенеміз, - дейді «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Төреш Мырзашев.

Йә, Жайық аман болса, арнасы суға толса, ол күнге де жетерміз.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Батыс Қазақстан облысы