01 Тамыз, 2019

Төрт ірі қылмыстық топтың мүшелері ұсталды

471 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құқық қорғау органдары қылмыс деңгейін төмендету және елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауда. Маңғыстау облысында еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесе ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің заңға қарсы әрекеттерінің жолын кесу бойынша ауқымды арнайы операция өткізді.

Төрт ірі қылмыстық топтың мүшелері ұсталды

Қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп сақшыларының қыра­ғылығы мен әбжілдігі арқасында Маңғыстаудан төрт ірі ұйым­дасқан топ қылмыскерлері тұ­заққа түсті. Құқық қорғау және қауіпсіздік орындарының назарына адам өлтіру мақсатымен ұрлау, атыс қару-жарақтары мен есірткіні сақтау, біреуді бопсалау бойынша күдікке ілінген төрт қылмыстық топ мүшелерінің біреулері облыстың аудандары мен жалдамалы пәтерлерден, енді біреулері жол үстінде қолға түсті. Олардың, яғни ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде адам ө­л­тіруге және ұрлауға, ақ­ша қаражатын бопсалауға қа­тыс­­тары бар болып шықты. Сон­дай-ақ құзырлы орындар та­ратқан ақпаратқа қарағанда, ұйым­дасқан қылмыстық топ мү­шелері қаруланған, өзара ұйым­шыл және дөрекілігімен ерек­шеленген. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында арнайы операция жүр­гізуге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жә­не Ішкі істер органдарының ар­найы жасақ күштері мен құ­рал­дары тартылып, 29 шілде күні таңғы сағат 6 шамасында басталған ша­ра барысында түске дейін 20 адам ұсталды. Жалпы сол кезде қол­ға түскендерден есірткі мен көптеген қару тәр­кіл­еніп, 20-дан астам күдікті тер­геу орындарына жеткізілсе, 16 адамға қатысты бұлтартпау ша­ра­сы қолданылған.

Аталған оқиғаға орай Қа­зақ­стан Республикасы Бас про­ку­­ра­турасы азаматтарды әлеу­мет­тік желілерде тарауы мүм­кін арандатушылыққа ермеу­ге және үрейленбеуге, сон­дай-ақ заңсыз әрекеттерге бар­мау­ға шақырып, жағдайдың құ­қық қорғау органдарының толық бақылауында екендігін, сон­дай-ақ арнайы операцияның қоры­тын­дысы жұртшылық назарына жеткізілетіндігін ескертті.

Қылмыс пен қылмыскер қоғамға қауіпті, заң алдында жауапты. Енді қолға түскендерге заң алдында жауап беріп, өз кінә­ларына сай жазаларын тарту қалды. Бұлар бұған дейін беті ашылмай қалған талай қыл­мыстар мен суда саны, құмда ізі байқалмай кеткен небір қыл­мыс­тардың «төл авторлары» болар, кім білген?!

 Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы