Шығыстан соққан желдің салдарынан өрт түтіні Краснояр аймағындағы Эвенки ауданынан Хакасия, Алтай аймағы, Кемеров, Новосібір, Омбы және Том облыстарына тараған. Төтенше жағдай режімі Иркут облысы, Краснояр аймағы, сол секілді Бурятияның екі ауданы және Якутияның бір ауданында енгізіліпті. Елдің табиғи ресурстар министрі Дмитрий Кобылкиннің болжауынша, өрттің тұтануына күннің күркіреуі әсер етуі мүмкін. Тілсіз жаумен күреске үш мыңдай адам, 350-ден астам техника және 26 әуе құралы жұмылдырылған.
Десе де биліктің әрекеті сібірліктердің көңілінен шықпай отыр. Жергілікті тұрғындар өрт ошақтарын шұғыл түрде сөндіруді талап етуде. Тіпті осыған байланысты арнайы петицияға қол қою науқаны басталып кетіпті. Белсенділер қосымша техника мен құтқарушылардың санын арттыру қажет екенін айтады. Жергілікті халық аталған жағдайдың орын алуына билікті кінәлауда. Себебі өртті сөндіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, жауапты органдар құлықсыздық танытты дейді тұрғындар. Енді қаһарына мінген тілсіз жау жақын маңдағы елді мекендерді де шарпуы мүмкін.
Ресейдегі жағдайды Голливуд жұлдыздары да назарына алған екен. Мәселен, Леонардо Ди Каприо Instagram-дағы жеке парақшасында тайгадағы ахуалға алаңдаушылығын білдірді.
«Орман өртінен полярлық аймаққа орасан нұқсан келуде. Оның Гренландия, Сібір мен Аляскадағы ошақтарын ғарыштан көруге болады. Дүниежүзілік метрологиялық ұйымның мәліметінше, осы өрттің салдарынан көмірқышқыл газдың мөлшері Швециядағы зиянды қалдықтардың жылдық нормасынан асып түскен», дейді Ди Каприо.
Желі қолданушылары танымал актердің пікірін қуаттай кетті. Осындай жазбаны басқа да ресейлік және шетелдік өнер жұлдыздары жеке парақшаларына жариялап, Сібір тұрғындарына қолдау көрсетіп жатыр.
Айта кетейік, NASA-ның ғарыштан түсірген суреттеріне қарасаңыз, тайгадағы өрттің түтіні Қазақстанның едәуір бөлігіне дейін тарап үлгерген. Әсіресе ауадағы зиянды газ Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, және Алматы облыстарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы аумағында байқалды.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»