Экономика • 01 Тамыз, 2019

Көппәтерлі үйлердің иелері үшін жер салығын жою қарастырылады

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасы шеңберінде көппәтерлі үйлердің меншік иелері үшін жер салығын жою және жеке тұлғалардан алынатын мүлік және жер салығын бір салыққа біріктіру ұсынылуда. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Көппәтерлі үйлердің иелері үшін жер салығын жою қарастырылады

Бұл өзгерістің басты мақсаты – жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығын төлеуін жеңілдету.

Заң шығарушылар жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын салық салу нысаны, салық базасы, мөлшерлеме, есептеу және төлеу секілді салық элементтерін өзгертпей, біріктіруді ұсынып отыр. Екі салық бір төлеммен алынады. Мөлшерлеме бұрынғыдай, ештеңе қымбаттамайды, тек салық төлеу тәсілі қолайлырақ болмақ. Осы күнге дейін екі түрлі салық, түрлі есептеу әдістемесі, екі түбіртек салық төлеушіге қолайсыздық тудырып келді.

Ал көппәтерлі тұрғын үйдің меншік иелеріне салынатын жер салығын мүлде жою көзделуде. Өйткені болмашы салық үшін нысанның көптігі мен есептеудің қиындығы себепті әкімшілендіруге көп шығын кетеді.  

Қазіргі уақытта құжат мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өткізілуде. Ағымдағы жылғы күзде оны Парламентке енгізу жоспарлануда.

Құжаттың мәтіні Министрліктің ресми сайтында және нормативтік құқықтық актілердің ашық порталында орналастырылған.

Нормаларды енгізудің жоспарланған мерзімі – 2020 жыл.