Шетелдік студенттер биылғы қазаннан оқу жылының аяғына дейін алдымен ағылшын тілінің дайындық курстарынан өтеді. Айта кетейік, оқу статистика (statistics), пайдалы қазбалар өндіру (mining) және ауыл шаруашылығы (agriculture) мамандықтары бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі. Ал негізгі оқуын 2020 жылдың қыркүйегінен, яғни жаңа оқу жылынан бастайды. Ауған студенттері Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Almaty management university сынды республикамыздағы беделді жоғары оқу орындарына орналастырылады.
Бұл іс-шара БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асыратын «Қазақстан мен Өзбекстанда білім беру және кәсіби даярлау арқылы ауған әйелдерінің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» жобасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Жобаға қатысатын 50 адамның 40-ы бізде, қалған 10-ы Өзбекстанда білім алады.
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Якуп Бериш «Еуропалық одақ ауған әйелдерінің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге, оларға және олардың Ауғанстандағы қауымдарына бизнес жүргізу мен жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін құруға көмектесуге арналған жобаға 2 млн еуро көлемінде грант ұсынды», деді. Сондай-ақ ол өз сөзінде халықаралық алмасу бағдарламаларын қолдау бойынша ең үлкен тәжірибесі бар Қазақстандағы серіктесі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» осы жоба шеңберінде ауған студенттері үшін академиялық орналасу мен оқыту үдерісін ретке келтіруге көмектесетініне сенетінін айтқан. Ал «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізген. «Жобаның іске асырылуына қатысу бізге үлкен абырой. Бұл – Еуроодақ пен БҰҰ Даму бағдарламасы тарапынан білдірілген жоғары сенім. Халықаралық бағдарламалар орталығының халықаралық білім беру саласындағы тәжірибесі көп. Қазақстанда Ауғанстан әйелдерінің білім алуы бойынша бағдарламаға құжаттар қабылдау басталды және 10 тамызға дейін жалғасады. Бірлескен жұмыс оң нәтижелерге алып келеді деп ойлаймын», деді орталық басшысы.
Аталған орталық үміткерлерді іріктеу, тілдік курстарды жүргізу және оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша конкурс өткізуді қоса алғанда жобаның іске асырылуына техникалық, сараптамалық және талдамалық қолдау көрсетеді.
Шетелдік студенттер бакалавриат (4 жыл), магистратура (1 жыл) және кәсіби даярлық (TVET – Technical and Vocational Education and Training) бағдарламалары бойынша білім алады. Орталық таратқан ақпаратқа сүйенсек, TVET бағдарламасы қатысушылардың одан әрі қажетті білім мен дағдыларды игеруіне бағытталған бір жылдық курстарды ұсынады. Академиялық бағдарламаларға теориялық аспектілерді тереңінен зерттеу, сонымен қатар өндірісте тәжірибелік дағдыларды алу жатады.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»