01 Тамыз, 2019

Жақсы болсаң – мақтаулы атың сақталар

1147 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біз – атақ-даңқтың қадірін жоғары бағалайтын халықпыз. Бірақ бүгінде байқап отырсаңыз, бір емес, бірнеше атағы бар адамдарды да жиі кезіктіресіз. Сондайда Құдайға шүкір, еліміз атағы жер жарған адамға кенде емес екен-ау дейсіз. Алайда солардың бәрі атағына заты сай жандар ма екен деген де ой келетіні рас. Мәселен, толып жатқан «Қазақстанның құрметті азаматы» немесе облыстың, ауданның құрметті азаматтары, қаптаған академик, ғылым докторлары, сансыз орден, медаль иелері дегендей, айта берсе, жетіп артылады.

Жақсы болсаң – мақтаулы атың сақталар

Әрине мұндай атағы бар және атақты адамдардың арамызда жүргені өзімізге де жақсы. Өйткені атақты да, сыйлықты да алатын жандар елге, мемлекетке еңбегі сіңген адамдар екені белгілі. Ендеше олардың елге елеулі еңбегіне сай бір атаққа кенелуі маңдай тердің еш кетпегені деген сөз. Бірақ біз осылай деп ойлап, талай жыл бойы соған сеніп келгенімізбен, бүгінде оған күдік те туып отыр. Себебі небір орден, медальдарды кеудесіне оңай тағып алатын епті жандар елеулі атана бастады. Соның салдары шығар, естір құлаққа түрпідей тиетін «қазір орден де, докторлық та, т.б. сатылады екен» деген сөз де талай адамның жігерін құм қылды. Мәселен, «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» деген қоғамдық мойындаудың жоғары орденін ақшаға сатып, сосын сатып алған жанды елден артық деп марапаттау белең алды. Ал біле-білсек, жоғарыда айтқанымыздай, халқымыздың арасынан шыққан кез келген атаққа лайықты азаматтарымыз баршылық екені сөзсіз. Бірақ мына ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді мақ­сат еткен жандар ісі солардың адал еңбегін бұр­малауға қолдан жасалып жатқан қиянат дерсіз.

Мұның өзіндік себебі де болып отыр. Жасыратыны жоқ, қоғамда тамыр-таныстықпен жұмысқа орналасу, атақ алысу, тақ бөлісу үдей түсті. Соның бірі – жалған атақ-даңққа таласу, соны қалайда иелену, сол арқылы өзін өзгелерден айрықша көрсету үрдіс алды. Әсіресе қолында билігі барлар, қалтасы қалың әумесерлер кез келген атақты сатып алуға байлығы да, пәрмені де жетіп тұрған соң, тартынып қалмайды.  Соны білген біреулер барлық атақты сатылымға шығарғандай кейіп туды. Ал оны жапа-тармағай жарыса сатып алып, кеудесіне тағып жатқандар да жоқ емес. Бірақ бұл қазіргі уақытта масқаралық, ақымақтық екеніне жалған атаққа көзі байланған жандар назар аударуы тиіс. Олардың не істеп, не қойып отырғанын қалың жұрт көріп отыр. Сондықтан мұндай адамдар туралы да Абай атамыз кезінде: «Біреуі – атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардың ішін күйдіріп, өзінен кейінгіге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» дейтұғын болмаққа ойланбақ. Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егер де бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс», деген еді.

Осындайда Асқар Жұмаділдаевтің да: «Біздің балаларымыз грамота алғанды жақсы көреді. Оларға сатып та алып беруге болатын еді. Бірақ еңбек сіңіріп, есеп шешіп алғаны, тіпті жақсы» деген сөзі еріксіз еске түседі. Міне, сонда біздің қоғамның қазіргі көрінісі көз алдыңызға нақты елестейді. Түк бітірмей-ақ марапатқа қол жеткізудің жолы көп екен.  Жыл сайын таласа-тармаса орден, медаль алатын, доктор, профессор  атанатын қайсыбір адамдардың кейінгіге қандай ісі үлгі, өнеге немесе қайырымдылық болып қалды екен дейсіз. Қалмайды, өйткені Абайша айтқанда «олардың ісінен сөзі ұзын». Сөз емес, іс керек. Сонда адамның артында оның кеудесіне тағылған темір-терсегі емес, адамдық құндылығы қалады. Мұны жас та болса, бірақ атағы әлемге мәшһүр Димаш Құдайберген: «Әрбір жақсылық немесе жамандық – өткінші дүние. Мысалы, адамның рухани құндылығы мен үшін кәсібилігінен жоғары тұрады. Себебі біз өмірге адам болу үшін келдік. Сол себепті адамгершілік қасиетті, рухани құндылықтарды сақтап қалу – біздің ең басты парызымыз», деп ештеңемен сатып алынбайтын адами қасиетті артық қояды.

Бұл арада еліне сіңірген шынайы еңбегімен, адамгершілігімен, қайталанбас ерлігімен еленіп, жақсы атанған адамдар арасында жалған атаққа іліккендер қарасы да мол екенін жасыра алмаймыз. Ал ондайлардың маңдайында кім екені жазылып тұрмаған соң, солардың жалған ісінен мемлекеттің экономикасына, ел мүддесіне, мәдениеті мен өнеріне қаншама залал келетінін шамалай беріңіз. Мұның бәрі рухани құндылықтарымыздың дамуына да, құқықтық мәдениетіміздің жетілуіне де, өзге елдер алдында бәсекелік қабілетіміздің артуына да кері әсерін тигізері анық. Демек, қандай атақ-даңқтан да бұрын адамдығымен адам болып қалған адамның жақсылығы басым тұрады. Сондықтан тамыр-таныстыққа, қулыққа, ақшаға сатылып, жалған атақ-даңққа кенелем дегенше Ж.Баласағұнның: «Екі нәрсе барлық тілде жатталар: Бірі – жақсы, бірі – жаман ат болар. Жақсы болсаң – мақтаулы атың сақталар, Жаман болсаң – жаман атың датталар», деп қалдырған өсиетін ұмытпаған да жөн-ау.