Аймақтар • 01 Тамыз, 2019

Алматы облысында «Мектепке жол» акциясы басталды

680 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық шарасы басталды. Акцияға облыстық  білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мұрындық болды. Ал әлеуметтік қамқорлық бағытындағы бастама еліміз бойынша 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейінгі аралықта өтпекші.

Алматы облысында «Мектепке жол» акциясы басталды

- Жыл сайын өтетін қайырымдылық шарасында балаларды барынша  қамтуға басымдық береміз. Биылғы шараны алғашқылардың бірі болып, Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды. Оған Алматы облыстық ұйымы, Талдықорған, Текелі  қалалық,  Ескелді,  Көксу,  Қаратал  аудандық  және І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кәсіподақ филиалдарының  төрағалары, ата-аналар және оқушылар қатысты. Бұл шараның мақсаты – еліміздің ертеңі-балаларға қамқорлық көрсету, көпбалалы отбасылардың балаларына сапалы білім алуына мейлінше жағдай жасау, мекеме басшылары мен қайырымды жандарды акцияға қолдау көрсетуге шақырып, балаларға демеушілік жасау, дейді білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Алматы облыстық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров. 

Акция басталған алғашқы күні кәсіподақ тарапынан 18 оқушыға мектепке қажетті киім-кешектер мен қажетті құрал-жабдықтар табыс етілді. Қайырымдылық шарасына қатысқан Ескелді ауданындағы О. Кошевой атындағы орта мектептің кітапханашысы, көп балалы ана Айгүл Жұмаханова ұйымдастырушыларға ата-аналардың атынан балаларының мектепке баруына ықпал етіп, алаңсыз білім алуына жағдай жасаған жандардың жомарттығына алғысын айтса, Текелі қаласындағы №3 орта мектептің  оқушысы Элла Ермакова қайырымды азаматтардың қайырлы істеріне ризашылығын білдіріп,  қуанышымен бөлісті.

Қайырымдылық акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып,  жалпы саны 100   оқушыға  көмек  көрсетіліп, игі мақсатқа 2 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалмақшы.

 

 

Алматы облысы