Медицина • 02 Тамыз, 2019

7,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі қайтарылды

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықтың көші-қонына орай 3,9 млрд теңге сомасында және диагноз бен емдеу жүйесінің өзгеруіне байланысты 4,3 млрд теңге тұратын дәрі-дәрмектен бас тартуға тура келді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында «СҚ-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп мәлімдеді.

7,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі қайтарылды

Ол, сондай-ақ 2018 жылдың қо­ры­тындысы бойынша, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында медициналық ұйымдарға Бірыңғай дистрибьютер тарапынан 95 млрд теңге сомаға дәрі-дәрмек жіберілгенін, 87,2 млрд теңгеге рецептілермен қамтамасыз етілгенін айтты. Медициналық ұйым­дардан бастапқы өтінімдер бойынша сатып алу 117,5 млрд теңгеге жүзеге асырылған. 2018 жылы стационарларға 74,3 млрд теңге сомаға дәрі-дәрмек жөнелтілген.

2019 жылы тегін қамтамасыз ету үшін сатып алынатын дәрі-дәрмек тізімі 2018 жылмен салыстырғанда 108 атауға артқан. 2019 жылға сатып алу 178,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде: диспансерлік есепте тұрған науқастар үшін – 91,1 млрд теңге, стационарлар үшін – 87,6 млрд теңге. Қазіргі уақытта рецепт бойынша дәрі-дәрмектер тек 46,5 млрд теңгеге берілгеніне қарамастан, қазірдің өзінде, стационарларға 55,4 млрд теңге, ал амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 66,2 млрд теңге сомасында дәрі-дәрмек жөнелтілген. Осылайша, бүгінде медициналық ұйымдардың қоймаларында 19,7 млрд теңге сомаға препараттар қоры бар.

Берік Шәріп атап өткендей, Бірыңғай дистрибьютер тізімінде шекті бағаның 40%-ға төмендеуін ескере отырып, 2019 жылға сатып алу кезінде 22,1 млрд теңге үнемделген. Ол ең шығыны көп ауруларды да атап өтті. Мәселен, қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмекке 17 млрд теңге жұмсалған, гемофилиясы бар емделушілерге 8,1 млрд теңге сомасында дәрі-дәрмек сатып алынған. Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттарға 7,8 млрд теңге, артериялық гипертензияны емдеуге 5,8 млрд теңге, гематологиялық ауруларды емдеуге 4 млрд теңге жұмсалды. Бұл ретте, тегін қамтамасыз етілетін науқастардың ең көп саны (47%) артериялық гипертониямен ауырады, 17% – қант диабеті және елдегі диспансерлік пациенттердің жалпы санының 15%-ы жүректің ишемиялық ауруы бойынша есепте тұр.

Сондай-ақ «СҚ-Фармация» басшысы бірінші жартыжылдықтағы 1439 қысқа нөмірі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі байланыс орталығының жұмысын қорытындылады. Осы уақыт ішінде 28 064 қоңырау келіп түсті, оның ішінде 6191 қоңырау (22%) шағымдарды құрады. Барлық негізделген шағымдар пысықталып, емделушілер өздеріне тиесілі дәрі-дәрмекті алды.