Әлем • 02 Тамыз, 2019

«Брексит» қашан бітеді?

948 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Газетіміздің бұған дейінгі нөмірлерінде «Брексит», яғни Ұлыбри­та­ния­ның Еуропалық Одақтан шығу барысы туралы бірнеше рет жаз­ған болатынбыз. Көктемде аяқталуы тиіс мәселенің әлі күнге түйіні тарқаған жоқ. Соңғы шешім бойынша «Брексит» 31 қазанға дейін аяқталуы қажет.

«Брексит» қашан бітеді?

 Мәселе қалай басталды?

Ұлыбритания 1972 жылы Еуро­па­лық одақ құрамына енген-тұғын. Содан бері «Тұманды Альбионда» ұйымның пайдасы мен зияны туралы әрдайым айтылып тұратын. Елде 1975 жылы Еуропалық одақта қалу-қалмау туралы референдум өтіп, қатысқандардың 67 пайызы «кәрі құрлықпен» бірге болуды қолдап дауыс берді. Әйтсе де, ұйымның тиімсіздігі жөніндегі әңгіме жиі айтылып келеді. 2013 жылы осы мәселеге бір жола нүкте қою үшін сол кездегі Премьер-министр Дэвид Кэмерон Еуропалық одаққа қатысты референдум өтетінін мәлімдеді.

Әлбетте, Кэмерон мырза халықтың «кәрі құрлықтан» бас тартпайтынына сенімді болған. Алайда сол кезеңдегі Еуропадағы миграция дағдарысы мәселені ушықтырып жіберді. 2016 жыл­ғы 23 маусымда Ұлыбритания хал­қы дауыс беріп, «Еуропалық одақтан шығуды» қолдайтындар 52 пайызбен жеңіске жетті.

Ұстанған саясатын тұрғындардың көпшілігі қолдамайтынына көзі жеткен Кэмерон мырза қызметінен кетті. Осы орайда Ұлыбританияның бас­қару жүйесі парламенттік монархияға негізделгенін айта кеткен жөн шығар. Яғни, елдің патшасы яки патшайымы биліктік өкілеттілігі аз, негізінен салтанатты рәсімдерге ғана қатысады. Ал мемлекеттік істерді жүргізу Премьер-министрге тиесілі.

Айтпақшы, «Брексит» үшін Д.Кэ­ме­ронның лауазымын тоқтатқанын жоғарыда айттық. Содан кейін ел тізгінін қолына алған Тереза Мэй де «Брекситпен» басы қатып, ақыры қызметінен кететінін мәлімдеді. Оның орнына келген Борис Джонсонның мәселені оңтайлы шешуге 31 қазанға дейін ғана уақыты бар.

«Брексит» неге тоқтап тұр?

Қырық жылдан астам уақыт ішінде Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдері етене араласып кеткені бел­гілі. Сауда, қауіпсіздік, мигра­ция, экономика салаларында көп­те­ген келісімдер жасалып келген. Бі­ріккен корольдік ұйым құрамынан шығатындықтан, солардың бәрін қайта қарастыру қажет. Бұл құжат – Withdrawal Agreement («Шығу келісімі» – автор) деп аталады.

Заңға сәйкес, «Шығу келісімін» Ұлы­британия парламент мүшелері мақұлдауы тиіс. Алайда Тереза Мэй­дің Брюссельмен жүргізген келі­сімін «халық қалаулылары» үш рет қайтарып тастады. Алғашқы тың­да­лым 15 қаңтарда өткен. Депу­тат­тардың 432-сі келісімге қарсы, 202-сі қолдап дауыс берді. Парламент мүшелері 12 наурызда тағы да Тереза Мэйдің ұсынысын қа­был­дамады. Соңғы рет 29 наурызда, яғни «Брексит» аяқталуы тиіс күні келісімге Парламент мүшелері келіс­кен жоқ. Ақыры Т.Мэй Еуропалық одақ­тан шығу мерзімін ұзартуды сұра­ды. Осылайша, Ұлыбританияға «Брек­ситті» аяқтау үшін 31 қазанға дейін мұрсат берілді.

585 беттік құжатта бірнеше өзек­ті мәселе айтылған. Мәселен, Ұлы­британия тарапы Еуропалық одақтан шыққаны үшін қанша «айыппұл» сомасын төлеуі қажет? Құжатта оның көлемі 39 миллиард фунт стерлингті құрап отыр. Қазіргі таңда Біріккен корольдік ЕО құрамында болғаны үшін жыл сайын 10,8 миллиард фунт-стерлинг жарна төлейді. Алда-жалда шығу мерзімі тағы ұзарса, төлем қалай өзгеретіні белгісіз.

Сондай-ақ «Тұманды Альбионда» тұратын еуропалықтар мен «кә­рі құрлықта» қызмет істейтін ағыл­шын­дардың тағдыры қалай өзгереді? БҰҰ-ның халықаралық миграция жөніндегі деректеріне сүйенсек, бү­гін­де Еуропада өмір сүретін ағыл­шын­дардың саны 1,5 миллион. Ал «Тұманды Альбионда» еңбек етуді таңдаған еуропалықтардың саны
500 мыңнан асып жығылады.

Бұдан бөлек, Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі қалай шешілетіні белгісіз. Еуропалық Одақ та, Ұлы­бри­тания тарапы да кедендік бақылау бекеттерін қайта салуға құлықты емес. Өйткені шекара маңында жайы­лымы аралас, қойы қоралас жатқан ауылдар жетерлік. Кедендік бақылау олардың жүріп-тұруын қиындатады. «Брекситтің» бітпеуіне әсер етіп отыр­ған басты себептің біреуі – осы Ир­ландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі.

 Енді не болмақ?

Премьер-министр Борис Джонсон 31 қазанға дейін Брюссельмен келіс­сөздер жүргізуі тиіс. Оған дейін «Брек­сит» мәселесі бірнеше бағытта өрбуі мүмкін. Егер Парламентке «Брексит­тің» бағыты ұнамаса, сенімсіздік воту­мын жариялауы мүмкін. Мұн­дай жағдайда Үкіметке ұстанған сая­са­ты­ның дұрыстығын дәлелдеуге 14 күн уақыт беріледі. Осы мерзім ішін­де үкімет те, оған балама үкімет те өз­дерін дәлелдей алмаса, жалпы сайлау өткізіледі.

BBC арнасының мәліметіне сай, «Брекситтің» шешімі табылмаса, елде тағы бір референдум өткізілуі ықтимал. Сондай-ақ «Брекситтен» бас тарту мәселесі де талқыланып жатыр.

Алайда ең ықтимал шешім – еш­қан­дай келісімсіз Еуропалық одақпен қоштасу. Егер Б.Джонсонның ұсы­ны­сын Парламент қабылдамай, «Брек­ситті» келісімсіз аяқтауға шешім шы­ғар­са, елде бірқатар өзгерістер болмақ.

Мәселен, ағылшындар тұтынатын тауардың 30 пайызы Еуропалық одақ елдерінен әкелінеді. «Брексит» келі­сімсіз аяқталса, аталған тауарлардың бағасы өспек. Ағылшын банкі басшысы Марк Кэрнейдің болжауынша, азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттайды.

Сонымен қатар Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдері аза­мат­тарының өзара қатынасы қиындай түседі. Кеден бекеттерінде паспорт тексеру уақыт алып, банк карталарын, мобильді желіні қолдану барысы өзгеріске ұшырайды. Пәтер құнының қымбаттауы, кедендік өткізу бекеттеріндегі кезектердің ұл­ғаюы секілді мәселелер туындамақ.

Қысқаша айтқанда, бүгінде Ұлы­бри­таниядағы ахуал біржақты ше­шіл­ген жоқ. Ел саясаткерлері «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешім қабылдау үшін әлі көп еңбек етуі керек. Өйткені ағылшын халқының қамын ойлаған үкімет те, парламент те Еуропалық одақтан оңтайлы шығуды көздейтіні айтпаса да белгілі. Ендеше «Брекситтің» мәселесі әлі біраз уақытқа дейін талқыланады.