Экономика • 02 Тамыз, 2019

Бизнесмен болуға жол ашық па?

523 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы жариялаған Жастар жылы аясында жастармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу – өте маңызды міндет. Бұл жұмысты Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша мүдделі органдарға міндеттеді.

Бизнесмен болуға жол ашық па?

«Жастар жылы» аясында жү­зеге асырыла бастаған біре­гей жо­ба­лардың бірі – бизнес идея­лар­дың жолын ашатын «Жас кәсіпкер» бағдарламасы. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлық­тау рәсімінде: «...Жастардың стар­таптарын қолдаймыз. Менің міндетім – Сіздердің ең үлкен мақ­саттарыңызды жүзеге асыру­ларыңызға, дербес «табыс тарихын» жазуларыңызға барлық мүмкіндікті жасау» деген сөзімен сабақтас қадам деуге болады.

Жалпы, жастар кәсіпкерлігін дамыту еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың басты бағыттарының бірі. Шет мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінсек, жастардың неғұрлым жеке кәсіппен шұғылдануға бейім болғаны елді инновациялық даму жолына түсуін жеделдететін фактор саналады. Егде тартқандарға қарағанда, жастардың бизнесі тұтынушылардың сұранысын тезірек өтейді екен. Нарықтың кей­бір жекелей сегменттерінде сирек кездесетін жаңа өнімді ұсы­нуға келгенде жастардың жылдам қимылдауы, креативті ойлауы жал­пы елдегі кәсіпкерлікті өрге сүй­рей­тін факторлардың бірі деу­ге болады.

 Жастар ынталы ма?

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңда айтылғандай, 14 пен 29-дың арасындағы ел азаматтары жастар санатына жатады.  Ресми статистикаға жүгінсек, еліміздегі халық санының 21,5 пайызы, яғни, 3 900 834 адам осы санатта. Статистика комитетінің былтырғы дерегі бойынша, 29 жасқа дейінгі тіркелген жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 124 мыңнан асады.

Жыл санап жас кәсіпкерлердің қатары көбейіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, былтыр тіркелгендерінің саны 4 мыңға жуықтайды. Кәсіпкер жастары көп өңірлердің көшін Алматы қаласы бастап тұр – 18 074. Одан кейінгі орын Нұр-Сұлтан қала­сына тиесілі – 14 204. Үшінші орын Алматы облысына тиесілі – 9837. Қарағанды, Түркістан, Шы­ғыс Қазақстан облыстары, Шым­кент қаласы салыстырмалы түрде кәсіпкер жастары көп өңірлерге жатса, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарына бұл тізімнің соңынан орын тиеді.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалдама нәтижесіне жүгінсек, жеке кәсіпкерлікті жастар арасында көбірек насихаттау, бизнестің қыр-сыры туралы жиі ақпарат беру өзекті көрінеді. Мәселен, сауал­дамаға қатысқан жастардың 25,7 пайызы жастар кәсіпкерлігі туралы бейхабар болып шықты. «Таяу үш жыл ішінде жеке кәсібі­ңізді бастау жоспарыңызда бар ма?» деген сауалға қатысушы­лар­дың 51,3 пайызы «жоқ» деп жа­уап берсе, 32,3 пайызы бұл тура­лы ойланбағанын айтыпты. Осы сұраққа қалада тұратын жастар­дың 17 пайызы, ауылдық жердегі азаматтардың 14,5 пайызы «иә» деп жауап бергені анықталды.

Жоғарыда «иә» деп жауап бергендер, яғни, жеке ісін бас­тауды жоспарлап жүргендер қандай бизнеспен айналысқысы келеді? Бұл сауалға олардың 34,3 пайызы сауда-саттық саласын таңдайтынын айтса, 20,1 пайызы қызмет көрсету саласын таңдаған. Сауалдамаға қатысқан жастардың жартысына жуығы (47,7 пайыз) мемлекеттің тікелей қамқорлығы жастар кәсіпкерлігін дамытуға ықпал ететін ең маңызды қолдау деп санайды. Бестен бірі несие мөлшерлемесін төмендету мен салықтық жеңілдіктер пайдалы деп есептейді.

Жастарды шағын және орта кәсіпкерлік саласында не қызық­тырады? Бұл жағына келер бол­сақ, біріншіден, олар сүйікті ісімен шұғылдануды жөн санайды. Екіншіден, табыстың жоғары деңгейі. Үшінші себеп – жұмыс кестесін өзі түзетіні.

 Бетін қақпай, белін буатын бағдарламалар

Енді жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жасалып жатқан мемлекеттік қолдауларға тоқ­тала кетейік. 2017-2021 жыл­дар­ға арналған «Еңбек» нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерікті дамыту бағ­дарламасының басты мақ­саты – жұмыссыздықты жою және өзін-өзі қамтуға жол ашу. Кәсіп­кер­лікті дамытуға ықпал ететін, жас­­тардың жолын ашатын ең басты құжат осы «Еңбек» бағ­дар­ламасы деуге болады. Бұл бағдарлама негізінен төрт бағытта жұмыс істейді. Соның бірі – жап­пай кәсіпкерлікті дамыту. Тиіс­ті министрліктің мәліметіне сүйенсек, бұл бағыт бойынша 84 млрд теңге қаражат қаралып отыр. Оған 19 мың азамат ілігеді. Бағдарлама бойынша осыған де­йін 4 мыңдай шағын несие бе­рілген. Оны алғандардың 3200-і ауыл азаматтары болса, қалған 800-і – қала тұрғындары.  Соның ішінде стартап жобаларға 2100 шағын несие берілсе, жеке істі кеңейтуге 1402 шағын несие ұсынылған.

Таяуда Үкімет үйінде баспасөз мәслихатын өткізген Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау бірін­ші вице-министрі Ержан Жылқыбаев:

– Шағын несие алушылардың арасында әйелдердің үлесі артып келе жатыр. Көрсеткіш был­тыр­ғыдан 33 пайызға артып, 2000 мыңға жетті. Биыл шағын несие алған кәсіпкерлердің өзі 5 мыңдай жаңа жұмыс орнын ашты, – деді.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аясында «Бастаушы кәсіпкерлер үшін», «Кәсіпкерлер үшін», «Бизнестегі әйелдер үшін» арнайы бағдарламалары қарасты­рылған. «Бизнестің жол картасы-2020» құжаты, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы­ның арнайы «Бастау» бағдарламасы, Жастар бастамаларын қолдау қорының жұмысы... Айта берсек, бизнесмен боламын дегендердің бетін қақпай, белін буатын бағдарламалар баршылық. Қазақстанның даму банкі, Ұлттық технологиялық даму агенттігі, «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруашылығын қолдау қоры, «Қазақинвест» ұлттық агент­тігі сынды ұйымдар беретін жеңілдетілген гранттардың өзі бір төбе. Дүниежүзілік банк қар­жылай демеуші болған «Жас­прожект», Еуропа қайта құру және даму банкінің жобалары, Microsoft мұрындық болған Bizpark сынды жобалар да біраз жастың жолын ашты.

 «Жас кәсіпкер» басталды

Жастар жылы жалындаған ұрандармен өтіп кетпей, нақты нәтижелі жұмыстардың жасалуына негіз болатын жобалардың бірі «Жас кәсіпкер» екенін жоғарыда айттық. Бұл бірер апта бұрын ғана іске қосылды, биыл желтоқсанда, «Жастар жылымен» бірге тоқтап қалмайды, бұйырса одан әрі жалғаса беруге тиіс. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.

«Жас кәсіпкер» қалай жүргізі­леді? Біріншіден, жобаға қатысуға тілек білдірген азаматтарға ал­ғашқы капитал ретінде қай­тарым­сыз 200 айлық есептік көр­сеткіш, яғни 500 мың теңгеден астам қаржы грант ретінде беріледі. Грант иеленген адам бұл қара­жатты қандай да бір жеке кәсі­бін бас­тауға жұмсаса болғаны. Екін­шід­ен, 6 пайыздық жылдық мөлшер­лемемен 8 мың АЕК көле­мінде жеңілдетілген несие ұсынылады. Үшіншіден, бизне­с­пен шұғылданбақ жастарға істің қыр-сырын үйрету, кәсіпкерлік түрлерінің ішінен оң жамбасына келеді-ау дегеніне таңдау жасауға мүмкіндік беретін жолдар қарастырылған. Бұл жобаның негізгі мақсатты аудиториясы – екі қолға бір күрек таппай жүрген NEET санатындағы жастар, аз қамтылған көп балалы отбасынан шыққан жастар. 18-29 жас аралығындағы еңбекке жарамды мүгедектер, колледж бен университет түлектері де бақтарын сынауына болады.

«Жас кәсіпкер» арқылы бизнес-жоспар жасау дағдыларын үй­рену, тәжірибелі бизнес-тре­нер­лердің дәрісін тыңдауға мүм­кін­дік жасалуда. Жобаға қа­ты­су­шыларға 20 мыңға жуық шә­кірт­ақы берілетінін де айта кетейік.

Таяуда Үкімет басшысы Асқар Мамин елордадағы «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына барғанында, Премьер-Ми­нистрге жобаның жай-жапсарын баяндаған «Атамекен» ҰКП басқа­рма төрағасы Абылай Мыр­зах­метов колледждер мен универ­ситет­терде оқып жүрген 100 мың­ға жуық студентке «Жас кәсіп­кер­дің» негізінде бизнес негіз­дері оқытылатыны туралы айтты. Жыл соңына дейін тағы 75 мың адам «Бизнес Бастау» жоба­сы бо­йын­­ша кәсіпкерлік дағды­ларын үй­реніп жатқанын да айта кетейік.

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деген тіркесті жиі айтамыз. Алайда, бүгінгі таңда елі­міз­де жастардың рөлі қоғамды өр­ге сүйрейтіндей деңгейде емес екені жасырын емес. Қоғамды сүй­ремек түгілі, қара басын алып жүру мұң болып, екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер жетерлік. Былтырғы дерек бойынша ондайлардың саны 82 мыңға жуықтайды. Мемлекеттің мақсаты – «Жастар жылын» жариялау­дағы көздегені де осы көрсеткішті азайту, жастардың әлеуетін көтеру екені түсінікті. Шындығын­да, елді өрге сүйрейтін басты күш – елдің тепсе темір үзетін буыны. Үкімет кәсіпкерлікті дамытуға ба­ғытталған бағдарламалар қа­былдап, жобаларды жүзеге асыру арқылы  жас буынның әлеуетін көтеруді көздейді. Енді жастар жағы әрекет етіп, бір-бір кәсіптің құлағын ұстауға ұмтылып, жеке бизнесін дөңгелетіп әкетуге тырысқаны жөн болар еді.