Тараз қаласының тұрғыны Шахистаның негізгі мамандығы қаржыгер екен. Екінші алған жоғары білімі – заңгерлік. Бірақ оқу бітірісімен еңбек жолын құрылыс саласынан бастаған, бүгінде осы саладан қол үзбей, жұмысын жалғастырып келеді.
– Әрине, полиэтилен құбыр шығару, байланыс желілерінің құрылысын жүргізу әйел адамдар араласа қоймайтын жұмыс. Сол себепті, мен бірнеше жыл бұрын жеңіл өнеркәсіп саласында бақ сынап көрейін деген ойға кеттім. Бірнеше ай ойланып, түрлі жоспар құрып, ақыры біржола бекіндім. Осылайша, 2014 жылдан бастап «Altezza» брендінің тарихы басталды, – дейді Шахиста Мұхамеджанова.
Іскер қыз бұл саланың қыр-сырын жетік білмесе де, батылдық танытып, тігін бизнесін ашуға шешім қабылдаған. Онда да жай ғана кішігірім цех емес, үлкен өндіріс орнын ашуға бекінді. Ғимараты, тігін машиналары, жұмысшылары бар фабрика болса деп армандап қана қоймай, арманын жүзеге асыруға кірісті. Түркиядан қажетті мата түрлері мен фурнитураларды жеткізді. Джинс материалдан түрлі киім шығаруды жоспарлады.
– Алғашқы кезде бұрын білмеген бірқатар проблемамен бетпе-бет келдім. Біріншіден, біздің өңірде маған қажетті мамандар тапшы екен. Киім үлгісін пішетін технолог таппай қиналдым. Екінші проблема нарықты мүлдем білмеуімнен болды. Тұтынушының сұранысын, не қалайтынын еш білместен, нарықты алдын ала зерттеп алмай тұрып, бірден ашылдық. Соның салдарынан алғашқы кезде бизнеске салған біраз ақшам күйіп кетті. Ақыры тәжірибе жинақтай келе, әйелдер киімін тігетін болып шештім, – дейді кәсіпкер қыз.
Дизайнердің айтуынша, ең үлкен қиындық – отандық шикізаттың жоқтығы. Қажет шикізаттың бәрі, мата, жіп сияқты керек-жарақ атаулы Қытайдан, Өзбекстаннан, Түркиядан немесе Қырғызстаннан жеткізіледі екен.
Жақында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жас кәсіпкерлер арасында «ALTYN OIMAQ» ұлттық байқауын жариялаған болатын. Осы байқауға қатысып жатқан Шахиста:
– Мен үшін байқаудың бизнес-идеясы қызықты болды. Сол үшін қатысып жатырмын. Өзім бұл салаға дизайнер есебінде емес, өндірісші ретінде келдім ғой. Байқаудағы осы идея – киім дизайнері емес, қарапайым көпшілікке, яғни, орта тапқа арналған киім шығаратын кәсіпкер ретінде тартқаны ұнады. Осы жолда кәсібімді дамытсам деймін, – дейді Шахиста.
Жас кәсіпкердің басты қағидасы – өмірді барынша жауапкершілікпен сүру.
– Әр адам өз өміріне өзі жауапты. Не ексең, соны орасың. Алдыма қойған мақсатым көп. Соның бірі – өнімді республиканың барлық аймақтарына тарату, – дейді ол.
Таяуда «Атамекен» палатасының Іскер әйелдер кеңесі мүшелігіндегі кәсіпкер қыз-келіншектер арасында ұйымдастырылған «Жыл жаңалығы» қосымша байқауының жеңімпаздары жария етілген болатын. Бұл байқауда жеңімпаздардың қатарында Шахиста Мұхамеджанова да марапатталды.