Жуырда «Витебск – 2019» ХХVIII Халықаралық эстрада орындаушыларының байқауынан бас жүлде – «Лира» кубогын кеудесіне басып оралған Әділхан Макин Kazakh TV арнасының жүргізушісі Майя Бекбаевамен сұхбатында аталған өнер бәйгесіндегі көңіл күйін шамамен осындай сөздермен жеткізді.
Негізінде Әділхан он алты жасынан ән айта бастаған. Макиндер әулетінде өнер Әділханға ғана қонған. Ата-анасы жалпы өнер ауылынан алыс адамдар – әкесі Құрманғали әскери қызметкер, қазір отставкада, ал анасы Зәуренің мамандығы – заңгер. Дегенмен, Әділханның нағашы әжесінің ән салатыны бар екен. Әділхан Қызылжардағы музыка колледжіне барғысы келгенде анасы рұқсат бергенімен, әкесі біразға дейін көнбей қойыпты. Қайтсін енді, көздерінің ағы мен қарасындай екі ұлдың үлкенін (Әділханның Жантөре деген інісі бар) сарыала погонмен көргісі келген шығар.
Осы орайда Әділхан өзін Витебскіден күтіп алушылардың бірі, жас әншіден жәрдемін аямай жүрген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемировті «өнердегі әкем» деп текке санамаса керек. Мұны қадаңқырап айтып отырғанымыз, егер Әділханның өнердегі жолына жіті назар тіктеп қарасақ, онда белгілі бір дәрежеде шашыраңқылық барын байқар едік. Сөз жоқ, ол жас шағынан алдына мақсат қоя білген, соған жету үшін бұлтаққа түсіп көп ізденген, қазақша қайырғанда, басын тауға да, тасқа да ұрған (мысалы, рок үшін классикалық музыка бағытындағы училищені тастап кеткен эстон әншісі Яак Иоала сияқты). Өз түйсігімен әртүрлі ән байқауларына қалмай қатысуға тырысқан. Жанында ақылшы, кеңесші болмаған. Бәрін де өз бетінше, өз білгенімен жасаған. Содан ба екен, алғашқы аяқ алыстарында ылғи да сәтсіздікке ұшырған: «Жас қанат – 2012» байқауында финалға жете алмай қалса, 2018 жылғы X Factor Kazakhstan реалити шоуын бесінші орынмен аяқтайды. «Славян базары» байқауы бойынша өткен іріктеу сындарына үш рет қатысып, үшеуінде де жолы болмады. Талап таудай, бірақ бақ шаппай қояды. Томас Эдисонның «Талант – бір пайыз дарын, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» дейтіні де осыған саяды. Ал сол 99 пайыз еңбектің кілтін қолыңа ұстатып, бет нұсқайтын адам – ол ұстаз. Ойымызша, Құдай Әділханға ондай бағбанды Янис Кайсиди бейнесінде жолықтырған. Өзге оқытушылар шәкіртке білім ғана берсе, бұл ұстазы біліммен бірге көкірегіне үміт отын жаққан, сенім ұялатқан.
– Әділхан маған келгенде дауысы қай стильге көбірек лайықты екенін оның өзі шамалап білетін, – деп жеткізді осы орайда өз ойын Янис Георгиевич бізбен әңгімесінде. – Сондықтан да ол бірден поп-рок, этнорок бағытына бет бұрды және уақыт мұның дұрыс қадам болғанын көрсетті. Макин өнердегі алғашқы адымын колледжде академиялық ән өнерімен бастап, кейін эстрадалық вокалға ауысқандықтан, бұл екі түрлі орындау мәнері одан бірдей сезіліп тұрады, оның үстіне ол әртүрлі вокалдық техника қолдануға құмар, тіпті көмей әніне дейін еркіндеп бара береді. Витебскідегі байқауда қазылар алқасының төрайымы Тамара Гвердцителиді тәнті қылған да оның осы әмбебаптығы, ешкімге ұқсамайтын дара мәнері. Ендігі жерде менің алдымда Әділханның сол даралығын одан әрі ұштап, қырлап, кәсіби әнші ретінде шыңдау міндеті тұр, – дейді маман.
Негізінде Әділханның дауыс диапазоны кең. Мамандардың айтуынша, көлемі қазірдің өзінде үш октавадан жоғары. Бұл дегеніңіз опералық өте күшті дауыс. Бірақ эстрада үшін дауыс ауқымының мұншалықты жоғары болуы қажетті өлшем емес. Мәселен, атақты Фредди Меркьюридің дауысы екі октавадан аспаған. Фрэнк Синатранікі одан да аздау. Сөйте тұра әлемнің жартысы Фредди секілді «қышқырып», Синатра сынды қоңырлатқысы кеп тұрады. Себебі әлемдік танымал ән өнерінің бұл алыптарының дауысы аса тартымды, естіген адамды қуатымен, әлдебір тылсым күшімен бірден баурап алады. Осыны ескере келіп, Янис шәкірттерінің дауыс көлемін көбейтуден бұрын, алдымен ән айту мәнері, әнді нақышымен салу, дұрыс репертуар таңдау, өзін сахнада ұстау, харизмалық көріну жағына баса көңіл бөледі. Басқаша айтқанда, орындаушы сахнада осы айтылған кәсіби сипаттардың жиынтығына, яғни әнші-актерге айнала білуі тиіс. Айрықша ән айту мәнері дегеніміз де осы.
Әділханның дауыс түрі – тенор. Алғаш академиялық вокалды ол баритон дауыс түрімен бастағанымен, кейін эстрадаға ауысқаннан кейін өзінің табиғи тенор дауысында қалған, бірақ Янис оның даусын баритоннан жоғары тенорға дейінгі аралықта қайта қалыптастырады. Себебі Әділханның дауыс ауқымы бұған толық мүмкіндік беретін, ал жоғары регистрге ауысқанда аралас микс дыбыстарды пайдалануға кеңес береді. Дауысты осылайша әрі жоғары (тесситуралы), әрі кең көлемді (диапазонды), әрі бай (тембрлік) қалыпқа көшіру, онымен бір мезгілде тартымды ету оңай міндет емес. Мұның бәрін шәкірттің зердесіне жететіндей етіп, Янистің өзі айтқандай, «еститіндей» етіп айту, соның ішінде Әділхандай асаудың жалынан ұстап тұрып, тыпыр еткізбей жетесіне жеткізу де өз алдына бір жосын шаруа. Өзі «еститіндей» етіп жеткізе алды ма, жоқ па, ол жағын педагог түпкі нәтижемен өлшейді. Ол нәтиже, әлбетте шәкірттің жеткен жеңісі, шыққан биігі.
Жалпы, «Витебск – 2019» байқауы күшті бәсекелестік орын алған жағдайда өтті. Онда бірінші орын алған грузин әншісі мен Израиль өкілі мықты өнер көрсетті. Бұл қатарға Әділханмен ән айту мәнері, тембірі ұқсас ресейлік әнші Иван Дятловты, молдовалық Лидия Исакты, украин спивагы Дмитрий Бабакты және Болгариядан келген Ники Таневті іркілмей қосқан болар едік. Бұлар өте күшті, қуатты, жоғары дауыс иелері және осындай энергетикалық орындау мәнері болашақта қазіргі әлемдік танымал ән өнерінің бір трендіне айналып жатса, таңғалудың керегі жоқ.
Бірақ, айтты-айтпады, біздің Әділхан ештеңеге қарамастан жеңіп шықты. Әрине өз дауысының, шеберлігінің, Алла берген дарынының арқасында. Сонымен бірге осы жерде оны байқауға әзірлеген Жүргенов академиясының мамандарын да айта кетуіміз керек: бұл топ Әділханның дауыс диапазонын толық көрсететін, әрі вокалдық техника арсеналын барынша қолдануға мүмкіндік беретін репертуар таңдай білген. Репертуар — ән байқауында жеңіске жетудің маңызды шарты (2015 жылы «Славян базарында» Димаштың репертуары осы шартқа әбден сай келгенін айта кетейік). Әсіресе, Әділхан байқаудың екінші, шешуші күні орындаған She's Gone композициясы қазылар үшін де, тыңдарман қауымға да тосын сый болды.
Ақиқатында, Әділхан Макиннің «Славян базарындағы» жеңісі біздің еліміздегі эстрада жанры іштей демократияландыруды тілеп отырғанын танытты. Бұл жеңіс қазақ атын шығарған жеңіс қана емес, көптің көкейіндегі ойды ортаға салған символ-жеңіс болды деуге лайық. Қазақстанда эстрада саласы соңғы жылдары жоғары шеберлікті қажет етпейтін катч әндерге басымдықты беріп алғаны, кеңес кезінде әдемі үлгісі жасалған халықтық эстраданы той-томалақта айтылатын үш ноталы, екі аккордты әнсымақтардың бодауына жіберіп алғанымыз белгілі. Осы жағдайды шығармашылық жіті түйсікпен түйсініп, мұзжарғыш кеме сияқты тоңын-мұзын сөгуді алғаш ойға алған әншіміз — Димаш. Ол Queen тобының орындауындағы «Шоу жалғаса береді» композициясын рокқа академиялық вокал, поп-вокал араластыру арқылы орындап, сол арқылы қазақ эстрада өнеріне дем салып қана қоймай, әлемдік рок-музыкаға бұрын болмаған бір революциялық дүмпу берді. Сол бір соны үрдісті Әділхан сәтті жалғады.
Бұл күндері ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде «қазақтармен вокал жағынан теңесу қиын» деп келетін пікірлер қай кездегіден де көбірек айтылатын болды. «Қазақтар, әлде сіздерде толассыз зымыран ұшырып жатқан Байқоңырларың сияқты топырлап әнші шығарып жатқан фабрика салынып қалған ба?!» іспетті әзіл-шыны аралас сөздер аз емес. Айтса айтқандай, Димаш, Данэлия, Ержан, Назима... енді, міне, Әділхан... Бұл топ айналдырған үш-төрт жылдың бедерінде әлемге таңдайына нота ұялаған қазақ дейтін халықтың бар екендігін танытты. Осы үдеріс халықтың буырқанған ішкі кернеуінен бастау алып, дүниеге баяғы жауһарларымыздың ұшып түскен жаңқаларын, яғни «самородок» төлтумаларымызды қайыра туғызып жатыр. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жуырда Әділхан бастаған шетелдік ән байқаулары жеңімпаздарымен кездесуінде ой саларлық бір сөз айтты. «Қазақтың қоңыр үні – қазақтың маңдайына біткен бағы» деді министр. Осы сөз романтик көшпелінің кеудесінен ытқып шығып, қоңырлатып кеп ұлғайып, зорайып, одан әрі көкке шаншылып барып, тік шырқаумен қолқа-жүректі суырып алардай болып тынатын қоңыр әніміз. Кезінде Жұмекен ақын жазған қоңыр үн – қазақ халқының бүгінгі ен-таңбасы, бренді. Ендігі міндет – осы әдемі басталған үдерісті үзіп алмай, барлықтырмай-шалдықтырмай, жетер жеріне жеткізу, одан әрі жалғастыру. «Қазақ вокалы» дейтін ұғым қалыптастыру. Лайым Димаш бастап, Әділхан қостаған «шоу жалғаса берсін». Қазақтың тамашасы тарқамасын...
Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,
ҚазҰӨА баспасөз қызметі
Алматы