Аймақтар • 02 Тамыз, 2019

Орал әуежайының ғимараты жаңарады

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы халықаралық әуежай ғимаратын қайта құру және жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның бастамашысы – «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болса, қажетті қаржыны өңірдегі ең ірі Қарашығанақ кенішін игеруші КПО.б.в компаниясы бөліп отыр.

Орал әуежайының ғимараты жаңарады

– 2015 жылы ұшып-қону жо­лағына күрделі жөндеу жүргі­зіліп, барлық түрдегі қазіргі за­манғы әуе кеме­лерін шектеусіз қа­­былдауға мүм­кін­дік туды. Алай­да тер­минал ғима­раты­ның тозуы және техникалық базаның ескіруі әуежайдың жолаушылар өткізу қабілетін арттыруға және жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік бер­мейтін. Қарапайым сөзбен айтқанда, қонақтарды қарсы алып, шығарып салған кезде әуежайдың қазіргі көрі­нісінен ыңғайсызданатынбыз, – деді жаң­ғырту жұмыстарының бас­талуына орай өткен салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Өңір басшысы айтса айт­қандай, Орал қаласының әуежай ғимараты Ке­ңес өкіметі заманын еске түсіретін көне ғимарат болатын. Тіпті тоқырау кезе­ңінің көрінісін қаз-қалпында сақтап қалған бұл мүйіс 40-50 жыл бұрынғы оқиғаларды таспаға түсіруге таптырмас декорациядай еді. Әуежай ғимаратының ірге­тасы 1979 жылы қаланса, содан бері күрделі жөндеу көр­мепті. Мамандар «терминал 79%-ға тозығы жеткен» деген ше­шім шығарған. Әуежайдың «халық­аралық» деген атына заты сай емес, жолаушыларға қолайсыз, инфра­­құрылымы нашар, шынында да моралдық һәм материалдық жағынан әбден тозған болатын. «Қазақстанның батыс қақпасы» саналатын Орал қала­сына заманауи әуежай қажеттігі көптен айтылып жүрген еді.

ҚПО б.в. компаниясының бас директоры Эдвин Блом жо­баның қаржысы әлеуметтік мін­деттемелері шеңберінде бө­лініп отыр­ғанын айтады. Жо­баның құны – 2,4 млрд теңге. Жаң­ғырту жұмыс­тарын 2020 жыл­дың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мердігері – «KazConstructionGroup» ЖШС.

Қайта жаңарту нәтижесінде терминал ауданы қазіргі 4,5 мың шаршы метрден 7 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Сондай-ақ жолаушылар санын жылына 160-тан 350 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Орал» ӘКК» АҚ директорының бірінші орынбасары Артур Досқалиевтің айтуынша, жаң­ғырту жұмыстарынан кейін ха­­лықаралық бағыттар саны кө­бейіп, өңірдің транзиттік, туристік әлеуеті арта түспек. Сон­­дай-ақ терминалдың техно­логиялық жабдықтары халық­аралық қауіпсіздік және кедендік бақылау талаптарына сәйкес жаңартылатын болады.

 Батыс Қазақстан облысы