Облыс әкімдігі мен «Отандастар қоры» КЕАҚ екіжақты меморандумының нәтижесінде жазғы демалысқа Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласы, Қобда, Бай-өлке аймақтарынан 80-ге жуық бала мұғалімдерімен бірге атамекенге демалуға келді.
Ұстаз Бақытгүл Қонарбайқызының айтуынша, балалар күн сайын білікті және білімді ұстаздардан дәріс алып, мәдени-спорттық шараларға қатысады. Атап айтар болсақ, осындағы үздік оқушылардың бірі Аллаберген Құрметханұлы Өлгей қаласындағы жалпы білім беретін №1 мектепте оқиды. Дзюдодан екі дүркін аймақ чемпионы. Ал келесі бір оқушы Мұхаммедәли Аманкелдіұлы ел көлемінде маңызды жарыс – математикадан өтетін «Мазалай» олимпиадасының қола жүлдегері болса, Қобыланды Еркінұлы ағылшын тілі, химия, биология секілді пән түрлерінен аймақтық олимпиада жеңімпазы.
Алда атажұртына аяқ басқан оқушылар Мәшһүр Жүсіп кесенесіне, Жасыбай батырдың ескерткішіне тағзым етеді. Баянауылдың басқа да көрікті жерлеріне саяхатқа шығады.
«Жыл сайын алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қазақ отбасыларымен кездесіп, олардың ұл-қыздарын атамекенге тарту жөнінде үгіт-насихат жүргіземіз. Елге келіп, білім алып, тұрақтап қалғысы келетіндер аз емес», дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық бөлімшесінің басшысы Болат Зауыт.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы