Соңғы бір жыл ішінде Ақ Жайық өңірінде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы және «Ынтымақ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің кәсіподағы құрылды. Мұнан өзге жаңадан құрылған 59 бастауыш кәсіподақтар есебінен кәсіподақ мүшелерінің саны 10755-ке артқан.
- Кәсіподақтар орталығы Қазақстан Республикасы «Кәсіптік одақтар туралы» Заңымен бірге басқа да нормативтік-құқықтық заңдарды басшылыққа ала отырып, өз жұмысын облысымызда қызмет атқарып отырған салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе жүргізіп келеді, дейді «БҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспихов.
Бұл салада биылғы үлкен оқиғаның бірі – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі биыл жыл басынан 2019-2021 жылдарға арналған ұжымдық шартын қолданысқа енгізді. Ұжымдық шартта осы кезге дейін қолданыста болған әлеуметтік пакетті жетілдіріп, қызметкерлердің әл-ауқаты деңгейін одан әрі жақсарту бағытында қабылданған. «Ұжымдық шарт бойынша әр жыл сайын 1 қаңтардан барлық жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуді жүргізу шарты алдағы мерзімге де сақталды. Қосымша жалпы индекстеуден бөлек барлық жұмысшылардың жалақысын 2019 жылы – 2,0%, 2020 жылы - 1,0%, 2021 жылы 0,5% ұлғайту, жұмысқа қабылдау кезіндегі жалақы деңгейін 170 000 теңгеден төмен емес деңгейде белгілеу шаралары да осы ұжымдық шарттың еңбек адамының жағдайын жақсартуда жылдар бойына жасалып отырған оң үрдістердің жалғасы деуге болады», дейді Амангелді Таспихов.
«БҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының айтуынша, кәсіподақтар ұжымдағы еңбек дауларының алдын алу мақсатында биылғы 15 наурыз күні кәсіподақтар орталығы мен Орал қаласының №2 соты арасында еңбек даулары мен жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулардың алдын-алу мақсатында өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойған. Меморандумға сәйкес №2 сотының судьялары мен кәсіподақ өкілдері бүгінде облыстың кәсіпорын ұйымдарында түсіндірме жұмысын жүргізуде.
- Жалақы мәселесі – бүгінгі күнгі ең өзекті тақырып. Кәсіподақтар бұл мәселені ерекше назарда ұстайды. Облыстағы ірі өндіріс ұйымдарының бірі «Батыс Су арнасы» ЖШС кәсіподақтың бастамасымен әр жыл сайын 1 қаңтардан барлық жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен төмен емес деңгейде индекстеуді жүргізіп отыр, «БатҚазТЭК» АҚ кәсіподақтың бастамасымен мамыр айынан бастап жұмысшылардың жалақысын ресми құнсыздану деңгейінен 4% ға индекстеуді жүргізіп, маусым айынан жұмысшылардың жалақысын 10% ұлғайтты. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» ҚБ өз тарапынан жұмыс берушіге жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесі жөнінде ресми хат жолдады. Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері саласында да маусым айынан мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы санатына қарай 15% және 30% артты, деді Амангелді Таспихов БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Махамбет Құсайыновтың айтуынша, бүгінде құрамында 10 140 мүшесі бар орталық атқарған оң жұмыс жетерлік. Кәсіподақ мүшелеріне еліміздегі Манкент, Ақжайық, Көктем, Мерке, Шортанды, Сарыағаш шипажайларына жолдама беріледі. Кәсіподақ жарғысына сәйкес, бастапқы ұйым жиналған мүшелік жарнаның 65% мөлшерін өздері пайдаланады. «SENIM» кәсіподақ құрамындағы медициналық колледж студенттеріне ай сайынғы атаулы ақы төленіп келеді. Кәсіподақтың 581 студент мүшесі жарна төлеуден босатылған. Туберкулезбен ауырған және амбулаториялық емделуде жүрген медициналық ЖОО мен колледж студенттеріне әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылған. Сондай-ақ облыста төрт жас маман 500 мың теңге көлемінде көтермеақы түрінде материалдық көмек алса, екі жас маманға тұрғын үй құнының 20%-ы мөлшерінде материалдық көмек берілген.
Батыс Қазақстан