Аймақтар • 02 Тамыз, 2019

Солтүстік Қазақстанда Ұлттық Дельфий комитеті шеберлік сыныптарын ұйымдастырды

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық Дельфий комитеті жас таланттарды қолдау мақсатымен өңірге келіп, шеберлік сыныптарын өткізді.

Солтүстік Қазақстанда Ұлттық Дельфий комитеті шеберлік сыныптарын ұйымдастырды

«Бәйтерек-Fest» ұлттық фестивалі аясында өткен игі шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылды. Талантты жастардың өнерін сарапқа салған қазылар алқасы екі күн бойы 14-28 жас аралығындағы ұл-қыздардың шеберлігін шыңдап, ақыл-кеңестер берді. Жастар хореография, ым тілі, актерлік шеберлік және дизайн саласы бойынша топтарға бөлініп, өнерлерін ортаға салды.

Жоба жетекшісі Құралай Түсіпбекованың айтуынша, фестиваль талантты жастарды іздеу мақсатын діттеген.  Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты жанында құрылған  «Sensitive» балдық би ансамблі осы мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысты. Өнерлі ұл-қыздар  ым-ишара тілінде орындаушылық қабілеттерін шыңдай түскен.

«Өнерлі жастар қатары қалың. Мен оларға сахнада өзін қалай ұстау және ым тілінде не нәрсеге мән беру керектігін үйреттім. Есту қабілеті нашар балалардың арасында хореография саласын жетік меңгергендері аз емес. Біз бұған шеберлік сағаттары кезінде анық көз жеткіздік», дейді сурдо аудармашы Хасан Исраилов.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, шеберлік сыныптарының қорытындысы бойынша үздік деп танылған 250 үміткер 27-28 тамыз күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық сынға қатысады. Олардың ішінен озп шыққан үш жеңімпаз Дельфий комитетінің халықаралық шығармашылық жобаларына қатысу құқығына ие болады.

Солтүстік Қазақстан облысы