Аймақтар • 02 Тамыз, 2019

Петропавлда көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайын емес

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» деген халық даналығын бәзбір тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтері жете ұқпай жүрген секілді.

Петропавлда көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайын емес

Жағасы жайлауда жүргендер шіліңгір шілденің аяқталып қалғанына қарамастан қылышын сүйретіп қахарлы қыс келмейтіндей асығар емес.  Әкімдік апта сайын жиналыс өткізіп, жылыту құбырларын жуып-шаю, паспорттарын әзірлеу жөнінде қанша хабарлама жасағанына қарамастан осы күні  барлық көпқабатты үйлердің бір проценті ғана  даярлық құжаттарын алған.

«5-ші линия 4» пәтер иелері кооперативі   430 пәтерлік көпқабатты үйлерді тап-тұйнақтай етіп қойған. Оның төрайымы  Валентина Навиженная дайындық шараларын  ерте көктемде бастапты. Үйлердің шатырлары, дәліздер жөнделіп,  жертөледегі су құбырлар алмастырылыпты.  Алайда үлгі аларлық  бұл тәжірибені қостаушылар қатары көп емес.

Әкімдіктегілердің айтуынша, 3-ші кірпіш қысқа көшесіндегі  14-ші үй жылыту маусымына мүлдем әзірленбейтін көрінеді. Бар-жоғы  17 пәтерден  міндетті төлемдерді жинаудың өзі үлкен машақат екен.  Үй  тіркеуге алынбаған. Басқару формасы құрылмаған. Жертөледегі  құбырлар жаңаланбаған.

«Көбінесе екіқабатты үй тұрғындары жылыту маусымына мүлдем дайындалмайды десе де болады. Пәтер иелері кооперативі жоқ деген сылтаулары таусылмайды. Бұдан былай мұндай жауапсыз үйлер тұрғындарынан шағым қабылданбайды», дейді  қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жангудинов.

Жылыту маусымына дайындалмаған үйлерді орталық жылу желілерінен ағытып тастау сияқты қатаң шаралар да қолданылатын көрінеді.  Тұрғындар болса өз беттерімен жылыту жүйесіне бей-берекет пластикалық құбырлар орнатады. Жылу радиаторларының санын өзгертеді. Жылыту жүйесін жуып-шаймайды. Салдарынан пәтерлеріне жылу қажетті мөлшерде жетпей жатады.

Облыс орталығында 1086 көпқабатты үй бар. Олардың 260-ы ғана  жылу құбырларын жуып-шайған. Ал даярлық құжатына 16 баспана ғана  ие болған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы