Денсаулық айлығының алғашқы күні жылжымалы медициналық кешен Түрксіб ауданына келіп, төрт жүзден астам тұрғынды тексеруден өткізді. «Нұршашқан» шағын ауданының тұрғындары салалық мамандардың қызметіне жүгініп, жүрек, бүйрек, буын, көз, т.б. ауруларға тексеріліп, тиісінше кеңестер алды. Денсаулық айлығы аясындағы бұл шараға қаладағы онкология, ЖҚТБ, Салауатты өмір салтын құру, жұқпалы тері аурулары орталықтарының, № 20 емхананың кәсіби мамандары жұмылдырылған.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, денсаулық айлығының мақсаты қала орталығынан қашық тұратын аудан тұрғындарының денсаулығына қолдау көрсету мен қолжетімді медицинаны қамтамасыз ету. Өйткені, қашықтықта тұратын қарт адамдардың, балалы аналардың емханаға дер кезінде келіп қаралуына мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан да қандай да бір аурудың алдын алу мақсатында қаланың әрбір тұрғыны дәрігерге уақытында қаралуы ләзім. Дер кезінде анықталған ауруды емдеудің жеңіл болатынын айтқан қаланың бас дәрігері қала тұрғындарын денсаулығына сергек қарауға шақырды.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жылжымалы мобильді кешендердің шығу кестесімен Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтынан және Instagram, Facebook парақшаларынан танысуға болады.
АЛМАТЫ