Қоғам • 02 Тамыз, 2019

Астана процесі: Сирия дағдарысы бойынша келесі отырыс қашан өтеді

493 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана процесі аясында Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі келесі халықаралық кездесу қазан айында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Астана процесі: Сирия дағдарысы бойынша келесі отырыс қашан өтеді

Бұл туралы Астана процесінің 13-кездесуінде кепіл мемлекеттер - Иран, Ресей және Түркияның бірлескен мәлімдемесінде айтылды.

«Сирия мәселелері бойынша Астана форматындағы келесі халықаралық кездесуді Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың қазан айында өткізуді ұйғардық», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елордада Сирия бойынша келіссөздің 13-раундында кепіл мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесін оқу барысында.

Сонымен бірге, ресми құжатта Астана процесінің жаңа бақылаушылары ретінде Ирак пен Ливан делегацияларының қатысуы айрықша аталып өтті.

«Бақылаушы елдер - Иордания, Ирак және Ливанның Сириядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне өз үлесін қосатынына сенім білдіреміз. Нұр-Сұлтан қаласында Сирия мәселелері бойынша 13-халықаралық кездесу өткізгені үшін Қазақстан билігіне шынайы алғыс айтамыз», - делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, елордада Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша Астана процесінің 13-ші халықаралық кездесуі өтті. Басқосу Сириядағы, әсіресе Идлиб провинциясы мен елдің солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды талқылауға, қақтығысушы тараптар арасындағы сенімді нығайтуға және саяси процесті одан әрі ілгерілетуге баса назар аударады.