Аймақтар • 03 Тамыз, 2019

Солтүстік Қазақстан күре жолдар бойында сервистік қызмет дамытылады

403 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде жол бойында орналасқан қызмет көрсету орындарының жұмысы жұртшылық көңілінен шыға бермейтіні  көптен бері айтылып келді.

Солтүстік Қазақстан күре жолдар бойында сервистік қызмет дамытылады

Тіпті облыстық әкімдіктің отырысында бұл мәселе  арнайы талқыланып, олқылықтардан қорытынды шығару талап етілген болатын. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы Болатбек Айтбаев биыл республикалық маңызға ие автожолдардың бойы толық ретке келтірілетінін, ауқымды жоба жылы дәретханалар қоюдан басталатынын жеткізді. Оның айтуынша, алғашқы легі Покровка, Драгомировка, Рощинское, Саумалкөл, Пресновка, Чкалово, Кішкенекөл елді мекендерінің, Булаев, Мамлютка қалаларының және «Жаңажол» мен «Қарақоға» шекара өткізу бекеттерінің жанында тұрғызылады.

   «Дәретханаларды инвестициялық қаржыға орнатуды жоспарлап отырмыз. Кейін бұл нысандарды өз қаражатымызға күтіп ұстайтын боламыз», дейді Б. Айтбаев.

  Бұдан тысқары «Көкшетау-Омбы» автожолы Чкалово елді мекенінің маңында «Kaz Way» жол павильоны тұрғызылады. Нысанның ішінде жылы дәретхана мен автобус аялдамасы болмақ.

   Осылайша жиі өткір сынға ұшырап жүрген жол бойындағы сервистік қызметтің сапасы елеулі түрде өзгеретін болады.

Солтүстік Қазақстан облысы.