Руханият • 03 Тамыз, 2019

Оралда «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты кітаптың таныстырылымы өтті

726 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында атыраулық өлкетанушы Ислам қажы Мырзабекұлы құрастырған «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты кітаптың таныстырылымы болды.

Оралда «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Кіші жүздің ұлы ханы, ХVІІІ ғасырда жоңғарға қарсы қазақ қолының бас қолбасшысы Әбілқайыр хан мен оның жұбайы, қоғамдық-саяси оқиғаларға да қатысқан қайраткер Бопай (Бәтима) ханым Сүйіндікқызының дүниеге келгеніне 325 жыл толуына арнап шығарылған кітапта хан мен оның ұрпақтары туралы мақалалар хронологиялық ретпен орналастырылған. Жинаққа алғысөз жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар: «Бұл жинақ Бопай ананы ұлықтаған алғашқы еңбек. Бопай ханым ХVІІІ ғасырдан кейінгі барша қазақ аналарына үлгі болған тұлға. Өйткені Бопай ана өткен тарихымыздағы өз еліне баса-көктеп кірген парсы билеушісі Кирді ойсырата жеңген Ұлы Сақ ханшайымы Тұмардың, мемлекет мүддесін, халқының болашағын жеке басынан жоғары қойған сақ қызы Заринаның, сайын дала шежіресінде із қалдырған Домалақ ана, Баян сұлу, Құртқа, Ақжүніс, Қыз Жібектердің жалғасы еді» дейді.

Оралда өткен тұсаукесерде тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев Әбілқайыр хан тұлғасы жөнінде қалыптасқан кейбір пікірлердің жаңсақтығына тоқталып, аталған еңбектің отандық тарих ғылымындағы ақтаңдақтардың орнын толтыратынын айтты. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла жинақты құрастырушы Ислам қажы Мырзабекұлының бұған дейін 17 кітап құрастырып, өлкетану ғылымына зор үлес қосқан автордың еңбегін жиналған қауымға таныстырып өтті. Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин, алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова және басқалары жаңа кітаптың құндылығын бірауыздан мақұлдады.

Кездесу соңында жинақ авторы кітаптың бірнеше данасын Орал қаласындағы кітапхана бөлімшелеріне тарту етті.  

 Батыс Қазақстан