Сапар барысында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Индонезия Ауыл шаруашылығы министрлігі Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі агенттігінің Бас директоры Агунг Хендриади, Индонезия Президентінің Таяу Шығыс және ИЫҰ елдерімен ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Альви Шихаб, Индонезияның Халал кепілдігі жөніндегі агенттігінің (BPJPH) басшысы проф. Сукосо, Индонезияның Пальма майы өндірушілері қауымдастығының (GAPKI) атқарушы директоры Мукти Сарджоно және Индонезия логистикалық бюросымен (BULOG) келіссөздер ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында Е.Байдәулет индонезиялық тарапты Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған АҚИҰ мақсаттары және міндеттерімен таныстырып, Индонезия тарапын ұйымға қосылуға және ү.ж. 27-29 тамызда Жидда қаласында өтетін АҚИҰ Бас Ассамблеясының 2-сессиясына қатысуға шақырды.
Е.Байдәулет ұйымның қызметі мүше мемлекеттерге тұрақты ауыл шаруашылығы, ауылдарды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі мен биотехнология мәселелері бойынша сарапшылық білім мен техникалық ноу-хау беруге, АҚИҰ-ға мүше мемлекеттердегі азық-түлік қауіпсіздігін бағалау және мониторингке, сондай-ақ бірлескен ауылшаруашылық саясатын әзірлеу және іске асыруға бағытталғанын атап өтті.
Ұйым ислам елдерінің халқын табиғи-климаттық жағдайлары мен географиялық орналасуына орай экономикалық қол жетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету, ИЫҰ-ға мүше елдерге азық-түлік жеткізілімінің құнын төмендету үшін тиімді көлік және логистикалық маршруттар құру, бірлескен азық-түлік қорларын қалыптастыру мен басқару арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселелерін шешеді. Сонымен қатар, АҚИҰ ИЫҰ Бас хатшылығының тиісті сұраныстары негізінде гуманитарлық бағдарламаларды жүзеге асырады.
Өз кезегінде, Индонезия Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі агенттігінің Бас директоры А.Хендриади Индонезия халқы саны жөнінен әлемде 4-орында тұрған мемлекет үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екендігін атап өтті және Индонезияның осы саладағы тәжірибесі туралы хабарлады. А.Хендриади Қазақстанның АҚИҰ ілгерілету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады және индонезиялық тарап ұйымға қосылу, сондай-ақ АҚИҰ Бас ассамблеясының 2-ші сессиясына байқаушы ретінде қатысу мәселелерін қарастырады деп айтты.
Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясында АҚИҰ құру туралы бастаманы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2011 жылы ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында ұсынды.
АҚИҰ 2016 жылғы 28 сәуірде ИЫҰ Азық-түлік қауіпсіздігі және ауылшаруашылық дамуы жөніндегі министрлер конференциясының 7-ші сессиясында және АҚИҰ Бас ассамблеясының құрылтай сессиясында құрылды. Ұйымның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта оның құрамына ислам әлемінің 33 мемлекеті кіреді. Ұйымның ресми тілдері - араб, ағылшын және француз.