– Ойбай, кетті!..
– Қап! Енді не істедік?
– Қуып жету керек!
– Жеткенде, тоқтайды дейсің бе?!
– Әйтеуір бір бекетке барып аялдайтын шығар.
– Кеттік онда!..
Меншікті тілші Өтеген Жаппархан екеуміз Сырдария стансасынан біз келе берген кезде жүріп кеткен жолаушылар пойызының соңынан біраз жерге дейін жүгіріп барып, ентігімізді баса алмаған күйі кері бұрылып, көлігімізге қайта оралдық.
– Қуала, ана пойызды! – деді Өтекең шопырына кабинаға отырар-отырмастан.
Жүргізуші жылдамдықты бірінен соң біріне қосып, зымырай жөнелді. Сонан соң әлдене есіне түскендей «тоқтамайды ғой, бәрібір» деп күңк ете қалды.
Пойыз жолымен қатарласа жосылған сүрлеуге түсіп бірде жетіп, бірде қалып көз жазбауға тырысамыз. Отарбаға оңай: оқтай созылған қос рельстің үстінде құстай ұшып келеді. Ал біздің көлік жылан құсап ирелеңдеген ізді қуып, біресе оңға, біресе солға соққанда ішек-қарнымыз қолқылдап, аузымызға тығылғандай күй кешеміз.
Қойшы, сонымен қанша жүргенімізді қайдам, санаулы сағаттардан кейін бір кенттің қарасы көрінді де, пойызымыз жүрісін баяулатып, арынын басқандай болды. Ит сілікпеміз шыққан біз де жақындай түстік.
– Тура, вагонға қарай тарт! – деп Өтекең шопырын асықтыра түсті. – Бес-ақ минут тұрады, үлгермей қаламыз.
Айтқандай-ақ, біз жете берген кезде отарбамыз тағы да орнынан қозғала берген еді.
– Жүгір, – деді меншікті тілшіміз қолыма сөмкемді ұстатып, соңғы вагонмен қатарласа берген тұста.
Ашық тұрған есіктің тұтқасынан ұстап, ішке кіргенде бір-ақ «уһ» деп демімді алдым.
– Қай вагоннансыз? – деді жолсерік есікті жауып жатып.
– Оныншы!
– Орта тұста, ары қарай жүре беріңіз.
Оныншы вагондағы екі кісілік орынның екеуі де бос екен. Билетімді көрсеттім де, біреуіне жата кеттім. Үш-төрт күн малшылар ауылын аралап, материалдар жинаймыз деп әбден шаршасам керек, көзім ілініп кетіпті.
Абыр-дүбір дауыстан оянып кетіп, басымды көтеріп алсам, алдымда екі адам тұр екен. Бірі – манағы жолсерік те, екіншісі – теміржолшылардың су жаңа киімін киген жап-жас келіншек.
– Сіз қайда барасыз? – деді әлгі екеуі қосарланып.
– Алматыға!
– Бұл Бішкекке баратын пойыз ғой.
– Не дейді? – деппін түк түсінбей. – Алматынікі қайда?
– Ол артта келеді, – деді келіншек жанындағы жолсерікке «сен не қарадың?» дегендей зілдене көз тастап. – Жарты сағатқа кешіккен. Билетте жазылған Алматыны Бішкекпен шатастыратындай, сіздерге не көрінген?
– Кешіріп қойыңыз, байқамай қаппын, – деп жолсерік ақталып жатыр.
Мен не деймін? Алматынікі деп Бішкек бағытына отырғызып жіберген Жаппарханды жазғырам ба, әлде қай пойыз екенін сұрамаған өзімді кінәлі көрем бе?! Бірақ сұрағанда не? Басқа пойыз екен деп секіріп түсіп қала алмаймын ғой. Мең-зең боп отырған мені келіншектің «Келесі стансадан шығарып жібер» деп жолсерікке айтқан бұйрығы сергітіп жібергендей болды.
– Шымкентке дейін барайыншы! – дедім жалынғандай боп.
– Онда ақшасын төлеңіз, – деді келіншек келіскендей сыңай танытып.
– Төлейін! Төлеймін! – дедім айтқандарына көніп.
Сөйтіп ертеңгілік шырайлы қаламызға да жетіп, түсіп қалдым.
Қайран, Шымкент! Қазағымның қарашаңырағы іспетті қадым заманнан келе жатқан қалаларымыздың бірі емессің бе? Ата тарихты ауызға алмай-ақ, одан бері өзіміз өмір сүрген дәуірдегі куә болған кейбір жайттарды айтсақ та талай қызық оқиғаларды баяндауға тура келер еді. Ары-бері ағылып жатқан пойыздардың бірде-біреуі өзіңе соқпай өте алмастай қасиетіңе сай қызығың мен шыжығың да жетерлік қой. Бәрін айт та, бірін айт дегендей, күні кеше ғана Аянның (ақын Нысаналин) Оралдан соғым алып келе жатып бір аптаға қалып қойып, бір қап етін «қуырдақ жасаңдар» деп, жолдастарына таратып жіберуі, Рақымжанның (жазушы Отарбаев) Атырау сапарынан соң купедегі үш әйелдің әңгімелерін естіп күйінгендей күй кешіп, түсіп қалып, Алматыға ұшақпен ұшуы қаламгерлер бас қоса қалса қызық тақырыпқа таптырмастай хикаяттар емес пе?!
Бәрінен де біздің Міңкеңнің (Мыңбай Ілес) айтқаны айызыңды қандыратыны сөзсіз.
– Батыс жаққа барған шаруамды екі-үш күнде бітірдім де, жол-жөнекей Шымкентке соғып, ағайындарға сәлем бере кетейін деп «Ақтөбе – Алматы» пойызына билет алған едім, – деді бірде Міңкең тағы да осы отарбаға байланысты бір әңгіменің шетін шығарып. – Вагонымды тауып, купеге кірсем, екі ер кісі отыр екен. Ерте келіп, жеңіл жол киімдерін киіп алыпты. Сәлемдесе сап менің де киім ауыстыруға ыңғайланғанымды көріп, екеуі де лып етіп сыртқа шығып кетті. Мен тез жеңілдендім де, есік аштым. Арғы жақтан қолында сөмкесі бар бір келіншек келе жатыр екен. Купеміздегі төртінші жолаушы сол болса керек. Емін- еркін жайғаса берсін деген ниетпен мен де шығып кеттім.
Пойыз орнынан қозғалысымен үш жігіт купеге қайта кірдік. Келіншек жоғары жақтағы орынға жайғасып алыпты. Әдеттегідей жөн сұраса келе оның Түркістаннан түсетінін білдік. Ал әлгі екі жігіт Алматыға бара жатыр екен. Мен Шымкенттен түсетінімді айттым.
Сәлден соң жолсерік келіп, билеттерімізді сұрай бастады. Сонымен бірге төсек орын үшін әрқайсысымыздың жүз теңгеден төлеу керек екенімізді де ескертті. Қалталарымызға қол салып, ақшаларымызды шығара бастаған тұста бір ыңғайсыз жағдайға тап болдық, әлгі екі жігіттің егделеуі купеде ілулі тұрған костюмінің біресе төсқалтасын, біресе жанқалтасын сипалап, әбігерге түсті де қалды.
– Ореке, не болды? – деді жанындағы жастауы.
– Әмиянымды таба алмай жатқаным...
– Оқасы жоқ, мен-ақ төлей саламын ғой, – деді серігі. – Әмияныңыз дипломатыңызда шығар.
– Жоға, жаңа ғана тұрған болатын мына қалтамда, – деп анау күйіп-пісті. – Шайтан алып кете ме табан астында.
Денем дір ете қалды. Әмияны жаңа ғана тұрса, кім алмақ? Бұлардан кейін купеде оңаша қалған менмін және менен кейін келген келіншек. Демек екеуіміздің біреуіміз алған болдық қой.
– Әмияныңыздың қалтаңызда болғанына анық көз жеткізе аласыз ба? – дедім аздан кейін әйтеуір бірдеңе деу керек шығар деген ниетпен.
Орекең «рас болмаса, айтар ма едім» дегендей маған жақтырыңқырамай қарады.
– Онда бір-бірімізді тінтуден басқа амал жоқ, – деп мен де тікесінен кеттім. – Ұят болса да, сөйтуге тура келетін шығар.
Төбе шашы тік тұрған келіншек шошып кетті білем: «Сіз әмияныңыздың болған-болмағанын немен дәлелдей аласыз? Атамыз қазақта «өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген сөз бар. Сіздер бір-біріңізді тінте беріңіздер, ал мен ондай бейбастыққа жол бермеймін» деп шорт кесті.
Купедегі көңілсіздікті сейілткісі келді ме, жас жігіт дастарқан жая бастады. Арақ-шарап шығарылып, қазы-қарта туралды. Бірақ ешкім алдындағы асқа қол соза қойған жоқ. Томсырайып, бір-бірімізге өкпелегендей тым-тырыс отырмыз. Мұндайда сыртқа шығып кетудің өзі мүмкін емес қой. Күдік күшейе түсетіні сөзсіз. Не де болса, соңына дейін шыдауға тырыстық.
Қандыағашта біраз тұрып, қайта қозғала бастаған кезде «Ореке! Қалеке!» деп әр есікті ашып айқайлап келе жатқан жігіттердің даусын естіп елең ете қалдық. Ана екеуі орындарынан атып тұрып, «біз мұндамыз» деуге мұршалары келгенше, олар да жетіп келді.
– Ту-у, таптық-ау, ақыры! – деп келген кісілер Орекең мен Қалекеңді кезек-кезек құшақтады. – Бәрінен де пойыздың Қандыағаштан жүріп кетпей тұрып қуып жеткеніміз қандай жақсы болды. Біз де келдік, пойыз да қозғала берді. Үлгердік әйтеуір соңғы вагонға. Содан бері әр купенің есігін ашып, айқайлаумен келеміз.
Өзін Мырзаш деп таныстырған әлгі жігіттердің біреуі қойнына қолын салып, қомақты қара әмиянды шығарды: «Түнде Шәкеңнің үйінде қонақта отырған кезде түсіріп алыпсыздар. Екеуінің біреуінікі екені сөзсіз. Қонақтардан ұят болады, қуып жетіп табыс етіңдер» деп үй иесі тапсырма берді дегенді естігенде Орекең есеңгірегендей болып отырып қалды.
Қуғыншы жігіттердің айтуына қарағанда, өздерінің ұстазы Шәріп Үркімбаев деген зейнеткер ағаларының тапсырмасымен жолға шыққан олар Ақтөбеге жеткенше пойыз жүріп кеткен көрінеді. Содан Қандыағашқа дейін жеңіл көлікпен қуып, соның өзінде әзер дегенде соңғы вагонға іліккендерін сөз еткенде, ұяттан екі беті оттай боп жанған Орекең «Кешіріңіздер, менен бір әбестік өткен екен» деп отырып қалды, – деп әңгімесін аяқтаған Міңкеңнен «мынауыңыз даяр тұрған сюжет қой, жазбайсыз ба?» деп сұраған едім.
– Өзім де соны ойластырып жүрмін, – деген ағамыз кейін уәдесінде тұра білді. «Егеменде» «Әмиянның әлегі» деген әңгімесі «болған оқиға» айдарымен жарияланған болатын. Бірақ неге екенін қайдам, Міңкең оған өз тегін жазбай «М.Әл-Отырари» деп қол қойғанынан хабардармын.
Пойызға байланысты осындай оқыс оқиғалар қай-қайсысымыздың болсын басымыздан өтіп тұрады ғой. Бірақ қой мен қозы сияқты ұқсастығына қайран қалам да.
Шымкентке жетіп алған соң соңымызда жарты сағатқа кешігіп келген «Алматы – Мәскеу» пойызына ауысып отырдым. Сыртқы пошымы «Бішкек – Мәскеуден» айнымай қалған бұл отарбамыздың вагондары мен орындары да бірдей болып шықты. Билетімде жазылғандар да дәлме-дәл келіп тұр. Тура түнде өзім ұйықтап шыққан қырғыз пойызындағыдай: оныншы вагон, ортадағы екі кісілік орын.
– Сіз Қызылордадан отыруға тиісті едіңіз ғой, – деді жолсерік билетіме қарап.
– Бір жұмыс боп ерте шығып кетіп едім, – дедім де қойдым. Қайбіріне басымнан өткен жайтты баяндап жатпақпын.
...Өкпе айтар адамым Өтеген еді. Онымен Алматыға келген соң хабарластым.
– Білемін байқамай Бішкек пойызына отырғызып жібергенімді, – деп күлді ол. – Бірақ білгенде не істемекпін? Сол өзіңді отырғызып салған соң вокзалына кіріп тамақ ішкен едік. Қайтып шықсақ, манағы пойызымыз әлі тұрған сияқты. Кетпеген бе деп жетіп барсақ, шынында «Алматы – Мәскеу» пойызы екен. «Ау, сіздер бағана аттанып кетпеп пе едіңіздер?» десек, «Келгеніміз жаңа ғана ғой» дейді. Кейін ғой, сұрастырып білгеніміз: алдыңғы келгені қырғыз пойызы болып шықты. «Е, бәрі де Алатау жаққа барады ғой, адаспас» деп аптығымызды әрең бастық.
Өтекең тілінің уы бар өткір тілші болды. Алғаш Жезқазған жақта істеді, сонан соң өзінің туған облысы – Қызылордаға сұранды. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары сын-сықақ пен фельетондарға деген сұраныс өте күшті болды ғой. Әсіресе қазағы көп оңтүстік өңірлерде. Соған сай газет-журнал редакциялары да осы бағытта қалам тартатын журналистерге тым зәру еді. Өтекең өз өңіріне барған соң өндіре жазды. Озат тілшілер қатарында атанып, жүлделі орындардан көріне білді.
Ұзақ жылдар бойы «Егемен Қазақстанның» Қызылорда облысындағы меншікті (өз) тілшісі болып істеген Өтеген Жаппархан еңбек демалысына шыққаннан кейін де шығармашылықтан қол үзген жоқ. Көптеген кітаптары жарық көрді. Әлі тың. Газетіміздің тоқсан бес жылдық тойына келгенде «Әй, Бішкек хал қалай?» деген қалжың сөзі құлағымда қалып қойғандай. Құдайдан осындай басқосуларымыз жалғаса берсе екен деп тілеймін.
Әділ ДҮЙСЕНБЕК