Идеологиялық жұмыстарға серпін қосу керек
Сенбі, 26 қаңтар 2013 7:35
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткізген кеңейтілген кеңесте Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын орындауға тікелей қатысы бар маңызды мәселелерге ерекше назар аударып, бұл бағытта орын алуы ықтимал келеңсіз жайттарға жеке-жеке тоқталды. Осы орайда, тақырыпқа қатысты өз ойымызды білдіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені, мұның қоғамымыздағы идеологиялық жұмыстардың мазмұн және түр жағынан тереңдеп байып, түрлене түсуіне ықпалы зор болмақ.
Сенбі, 26 қаңтар 2013 7:35
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткізген кеңейтілген кеңесте Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын орындауға тікелей қатысы бар маңызды мәселелерге ерекше назар аударып, бұл бағытта орын алуы ықтимал келеңсіз жайттарға жеке-жеке тоқталды. Осы орайда, тақырыпқа қатысты өз ойымызды білдіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені, мұның қоғамымыздағы идеологиялық жұмыстардың мазмұн және түр жағынан тереңдеп байып, түрлене түсуіне ықпалы зор болмақ. «Қазақстан-2050» Стратегиясын әлі де болса оның авторынан артық насихаттай алып отырғанымыз жоқ. Жолдаудың мәнін қоғамның әрбір мүшесінің санасына сіңіру үшін «Нұр Отан» партиясының Орталық комитеті жанынан арнайы мамандандырылған ақылы лекторлар мектебін, топтарын құрған жөн деп ойлаймыз.
Ал өзіміз сияқты жай насихатшылардың міндеті – Жолдаудың әрбір тарауынан, баптарынан өзімізге және өзгелерге міндеттер табу. Әрбір мекеме басшысы өз ұжымында өздеріне тікелей қатысты мәселелер бойынша көлемі, орындалу мерзімі нақты айқындалған міндеттеме қабылдап, оның орындалуын атқарушы билік органдары қадағалап, жыл сайын есебін тыңдап отырған дұрыс.
Президент бағдарламасында қоғамның барлық салаларындағы ахуалдарға шынайы баға беріліп, алға ілгерілеудің жолдары туралы тың тұжырымдар жасалды, қоғам мүшелеріне әділ талап қойылды. Аталмыш құжаттың жүзеге асуы үшін біздер айналамыздағы келеңсіздіктерге, кемшіліктерге төзбейтіндей ауан қалыптастыруға тиістіміз. Әрқайсымыздың өз жұмысымызға деген адалдығымызды, адамдар арасындағы әділдігімізді, жауапкершілігімізді арттыруымыз қажет. Әсіресе, құқық қорғау органдарындағы ұжымдағы адалдық, әділдік халық арқылы бағалануы тиіс.
Жергілікті жерлердегі ең бір ауыр мәселе – жариялылық және жариясыздық. Әсіресе, прокуратура, сот қызметтері. Темір шарбақпен қоршалған кабинеттерден жариялылық халыққа шыға алмайды. Болып жатқан қылмыстар не халық арасында, не ақпарат құралдары арқылы жұртқа жетпейді. Актив жиналыстарында құқық қорғау органдары басшыларының сөзі түгілі, өздері де өте сирек көрінеді.
Жергілікті газеттердің бірінде жұмыстары тоқтаған жүздеген кәсіпкерлердің тізімі беріліп жүр. Не үшін, кім тоқтатқаны белгісіз. Ал, табысын жасырып, салығын төлемей қашып жүргендердің тізімін жариялау ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Жемқорлықпен күрес тақырыбына да газет беттерінен жақсы орын беріледі. Материал берген заң органдарының қызметкерлері, өкінішке қарай, қоғамда орын алған теріс құбылыстар туралы бірде-бір мысал келтірмейді.
Президент айтады: Бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек, деп. Прокурорлық бақылау өздерінің қалауынша бар сияқты. Бірақ, нәтижесі халыққа жариясыз. «Нұр Отан» партиясының бақылауы бар деп естиміз. Кімдер кімдерді бақылап жүр? Талдау бар ма? Жоқ.
Президенттің төмендегідей құнды ескертпелері бар: «Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерістері мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек. Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды». Мұны жергілікті атқарушы органдар мен депутаттар назарында мықтап ұстауға міндетті.
Біз, дейді Елбасы, мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз. Президенттің осы тұжырымын жергілікті жағдайлармен байланыстыра қарап көрсек, бұдан жарты ғасыр бұрын ауыл-селоларда қызмет еткен мәдениет сарайлары Түркістанға әлі күнге бұйырмай келеді…
Құрықталмай келе жатқан жемқорлықты тежеу үшін мына факторларға терең мән берген ләзім: заң аясында халық арасындағы жариялылық. Халықтың арыз-шағымдарына хат түскен лауазымды органдар төменге «жауап бер» деп сырғыта салмай, мәселенің анықталуына, дұрыс шешім қабылдануына өздері басшылық әрі бақылау жасау. Халықтың мораль жағынан таза әрі қарапайым өкілдерін жергілікті атқару органдарының жиналыстарына, басқа да қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту. Қолы, ары таза, озат ойлы азаматтарды барлық деңгейде марапаттап, көпшілікке үлгі-өнеге етіп, құрметтеу.
Нұрмахан НАЗАРОВ,
Қазақстан Республикасы-ның мәдениет қайраткері,
Түркістан қаласының құрметті азаматы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.