Аймақтар • 05 Тамыз, 2019

Жас археологтар көне қалаларға саяхаттады

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау мен мектеп оқушыларын туған өлкенің географиялық алуантүрлілігімен таныстыру мақсатында Алматы музейінің ұйымдастыруымен «Жас археологтар» үйірмесінің қатысушылары Талғар қаласы маңындағы Рахат және Жамбыл ауданындағы Қастек ортағасырлық қалашықтарына саяхаттады.

Жас археологтар көне қалаларға саяхаттады

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға орай ұйымдастырылған үйірмеде зерттеуші-ғалымдар  балаларға қазба жұмыстарының орны, өлкедегі ортағасырлық қалашықтар туралы және археология ғылымының қыр-сыры жайлы дәрістер өткізді. 

Рахат қала жұрты – Есік қорымынан оңтүстікке қарай 5 шақырым қашықтықта тау бөктерінде, Есік-Талғар жолының бойындағы Рахат ауылына жанаса орналасқан. Мұнаралы қамал қабырғалары қалашықтың сақ патшаларының қонысы болғандығынан хабар беріп тұрғандай. 1970-ші жылдардың басында Есік қорғанынан, яғни Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауынан темір дәуіріне тиесілі алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі табылған болатын.  2015 жылдан бері бұл аумақта «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Қытай Халық Республикасы Шанси археологиялық институты бірлескен қазба жұмыстарын жүргізуде.

Ал, Қастек қалашығы Алматыдан 80 шақырым қащықтықта жер астында жасырынып жатыр. Археологтар 2012 жылы бұл жерден ерекше тұрмыс заттарын, қару-жарақтар тапқан. Бұл аймақтан табылған әйнек сынықтары кезінде әйнек өндірісі дамығандығын айғақтайды. 2011 жылдан бері аралықта А. Нұржановтың басшылығымен Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері Абай атындағы ҚазҰПУ тарих факультеті студенттерімен бірге зерттеу жүргізіп келеді. Тамыры тереңде жатқан тарихи орындарды аралаған жас археологтар

қазба жұмыстарымен танысып, қызықты экскурсияның куәсі болды.

 

АЛМАТЫ