05 Тамыз, 2019

Қостанай облысында патриоттық әндер байқауы өз мәресіне жетті

876 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай ауданында облыстық «Әр жүректе – туған жер» атты патриоттық әндер арт-фестивалі өтті. Фестивальге Қостанай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, көркемөнерпаздар ұжымдары және дербес бөлімшелері қатысып, өздерін басқа қырынан көрсете білді. Бұл туралы ПД Баспасөз қызметі хабарлады. 

Қостанай облысында патриоттық әндер байқауы өз мәресіне жетті

Байқау вокал номинациясы бойынша өткізілді. Қатысушылар дуэт, трио, квартет ретінде және эстрадалық, академиялық және халықтық жанр туындыларын ұсынды. Конкурстық бағдарламалардың тақырыптық бағыты патриоттық сипатқа, қазақстандық және шетелдік композиторлардың әндерінің орындалуына, Қазақстан халықтарының жалпыұлттық келісімінің басымдықтарына сәйкес келуі тиіс.

Фестивальге облысқа қарасты аудандық полиция бөлімдері мен қалалық Полиция басқармаларынан бас-аяғы 18 үміткер қатысты. Олардың өнерін Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев бастаған қазылар алқасы бағалады. Байқау алдында Ардақ Қабыкенұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Бұл іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. ҚР Ішкі істер министрлігі үшін ҚР Тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеген басым міндеттердің арасында қоғамда полицияның беделін арттыруға бағытталған ұйымдастыру-тәжірибелік шаралар кешенін жүзеге асыру, жеке құраммен идеологиялық және тәрбие жұмыстарын жүргізу басты назарға алынған. Қатысушыларға Қостанай облысы ПД бастығы, полиция генерал-майоры Беккет Иманұлы Аймағамбетовтің атынан шығармашылық шабыт пен сәттілік тілеймін! - деді полиция полковнигі А.Ынтықбаев.

Жиналған жұртшылық тәртіп сақшыларының орындау шеберлігіне тәнті болды. Көпшіліктің мұндай шеберлікті күтпегені анық, күміс көмей полицейлер бірінен бірі асыра шырқап жатты. Дегенмен, байқау ережесіне сәйкес қазылар үздігін таңдады.

Қазылар шешімі бойынша облыстық «Әр жүректе – туған жер» атты патриоттық әндер арт-фестивалінде үшінші орынды Федоров ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Рауан Қалиев иеленді. Екінші орын Мемлекеттік күзет қызметі басқармасының дуэті мен Қостанай қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны Гүлмира Есенғалиеваға бұйырды. Бірінші орынды Қамысты аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік полиция тобының қызметкері, полиция сержанты Ерлік Сұрағанов жеңіп алды.

Ал байқаудың бас жүлдесін Қостанай ауданы полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Аманат Кәкімжанов жеңіп алды. Енді ол бұл байқаудың Петропавл қаласында өтетін республикалық кезеңінде қостанайлық полицейлердің намысын қорғайтын болады.