05 Тамыз, 2019

Арыс тұрғындарына 100 мың теңге өтемақыны алу үшін банк картасы таратылды

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

12 тамыздан бастап тіркеуде тұрған 55 мыңнан астам адам өтемақыға қол жеткізеді. Бүгін екі ауылдық елді мекен мен Арыс қаласындағы 17 секторда банк карталары таратылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Арыс тұрғындарына 100 мың теңге өтемақыны алу үшін банк картасы таратылды

Қызылорда, Жамбыл және Шымкенттен «Халық банкінің» 120 қызметкері Арысқа арнайы келіп жұмыс жүргізуде.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев ақшаны алудың тәртібін түсіндірді.

«Осы уақытта 33 мың банк картасы жасалды. Еліміз егемендігін алғанан бері дәл бұлай, бір айдың ішінде осыншама құжат жиналып, 33 мың карточканы дайындау деген болған емес. Қазіргі таңда сол дайын болғандары таратылып жатыр. Бірақ әзірге ақша салынған жоқ. Яғни, 100 мың теңгені 12 тамыздан бастап ала алады. Ал қазіргі негізгі жұмыс - карточканы тарату. Демек, барлығы түгел қол жеткізгенде ақшаны түсіреміз. Ең көп 9 секторда 3771 құжат жиналған. Қаланы көше-көшеге бөлдік», деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Аманбаев.

Елді сабырға шақырған жауапты басшылар, тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап беретін, арнайы комиссия жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Ал тізімге кірмей қалған оқушылар, мектептер арқылы анықталып жатқаны белгілі болды.

«Өтемақыны Республика көлемінде «Халық банкінің» кез келген банкоматынан алуға болады. Қаржының түскен немесе түспегенін анықтау үшін картаны банкоматта 3 реттен артық қолдануға болмайды. Себебі 3 реттен артық қолданған жағдайда банктік комиссия төлемі ұсталады», делінген хабарламады.

Сонымен қатар сот шешімдерімен қарыздары болған азаматтарға төлем карталары ашылмайды. Мұндай жағдайда азамат нотариалды түрде өтемақыны сенім білдірген өкілі арқылы алуына болады. Ал үйлерінде болмаған азаматтар картаны 2019 жылдың 15 тамызынан бастап Арыс қалалық «Халық банк» филиалдарынан алуына болады. Түскен қаржыдан банктің комиссиялық төлемдері ұсталмайды. Жалпы бүгінгі таңда Арыс қаласында халық банкінің 12 банкоматы қойылған. Сонымен қатар қосымша тағы 7-8 банкомат орнатылмақ.