Экономика • 06 Тамыз, 2019

Жекешелендірудің екінші толқыны желдіріп келеді

399 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Шешінген судан тайынбас» дегендей Қазақстан нарықтық қатынасқа толық көшкен соң мемлекет меншігіндегі мекеме-ұйымдардың бәрін жекеменшікке беру мақсатын алға қойған. Бұл – мемлекеттің бизнеске араласуын барынша азайтуды көздейтін нарық заңының талабы.

Жекешелендірудің екінші толқыны желдіріп келеді

Алайда, бізде әлі күнге экономиканың
60 пайызға жуық үлесі мемлекет меншігіндегі «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «Қазагро» және т.б. институттар активтерінің үлесіне тиесілі. Осыны ескеріп, Қазақстан 2020 жылға дейін мемлекеттік сектордың үлесін 15 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр.

Қазір елімізде 2016-2020 жылдарға ар­нал­ған жекешелендірудің кешенді жоспары іске асырылуда. 2018 жылғы Жолдауында Ел­басы мемлекеттік органдарға қарайтын ве­домстволық ұйымдарды қысқартудың есе­бі­нен жекешелендіру процесін жеделдетуді талап еткен. Қазір сол талаптар да орындалуда.

Аталған жоспарға сәйкес, Қаржы минис­тр­лігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің ақпаратына қарағанда барлығы 898 нысан жекешелендіруге тиісті болса, үш жылда соның 530-ы сатуға шығарылған екен. Соның ішінде 2018 жылы 221 нысан сатуға қойылып, жоспар 92 пайызға орындалған.

Сонымен бірге жоспар бойынша 280 нысанның құрылымы қайта қаралуға немесе таратылуға тиіс. Алайда, жекешелендірудің «екінші толқыны» деген атау алған бүгінгі процесс көп адамның ойынан шықпайды. Мәселен, Мәжілістегі «халықтық коммунис­тер» фракциясы бұл іске алаңдаушылық біл­ді­руде. Фракция жетекшісі, депутат А.Қо­ңыровтың айтуына қарағанда жекешелендіруге берілген әлеуметтік нысандардың өнімдері мен көрсететін қызметтері бұрынғыдан қым­баттап, халықтың қалтасына қосымша сал­мақ түсіруде. Бұл қатарда депутат бұрын республикалық және коммуналдық меншікте болған емханалардың, диагностикалық орталықтардың, сауықтыру кешендерінің, тіпті спорт сарайлары мен музыкалық мек­теп­тердің қызметтері де бұрынғыға қарағанда қымбаттап кеткенін айтады.

Коммунистердің алаңдаушылығы да орын­ды, алайда жекешелендіру нысандарын са­туға шығарғанда жекешелендіру комитеті қызмет бағыттарының сақталуы, бағаның өспеуі туралы шарттарды қатаң белгілесе, алу­шы оны орындауға міндетті болар еді. Бірақ негізгі міндет – тек сату екенін бағытқа алған мемлекеттік орган мұндайларды ескере бермейтін сияқты.

Жекешелендірудің «екінші толқыны» бо­йынша нақты қандай жұмыстар атқарылғанына тоқтала кететін болсақ, осы уақытқа дейін рес­публикалық меншікке жататын 54 нысан 65 млрд теңгеге сатылса, коммуналдық меншіктің 251 нысаны 64 млрд теңгеге са­тылыпты. Ал ұлттық холдингтер мен ұлт­тық компаниялардың 105 нысаны 361 млрд теңгеге өткен. Сатылған 122 әлеуметтік ба­ғыт­тағы нысандардың 20-сы аукционнан сатыл­ған. Заң бойынша осындай әдіспен сатылған нысандарға сатушы ешқандай бақылау жасай алмайды. Ал тендер арқылы сатылған 62 нысанның бұрынғы жұмыс бағытының сақталуына бақылау жасай алады. Олар 5 жылдан 20 жылға дейін бұрынғы жұмыс бағытынан ауытқымауға міндетті. Қалған 40 нысан 2 жылдан 10 жылға дейін сенімді басқаруға берілген. Олардың да жұмыс әрекеттері Парламент пен Мәслихат депутаттары және кәсіпкерлердің «Атамекен» Ұлттық палатасы өкілдерінен тұратын комиссияның бақылауында болады. Осы сенімді басқаруға берілген нысандар бойынша бүгінге дейін 2 млрд 819 млн теңгенің инвестициясы құйылған. Алайда, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны мардымсыз, бар болғаны 273 қана. Дегенмен бұрынғымен салыстырғанда, шығарылған өнімдер мен көрсетілген қызметтердің көлемі 40 пайызға артқан. Сатып алу құқымен сенімді басқаруға берілген республикалық меншіктегі «Қазмедтех» АҚ, «Республикалық протездеу-ортопедиялық орталығы» АҚ, «Республикалық су спорты түрлері орталығы» АҚ, «Алматы те­мір жол ауруханасы» ЖШС бойынша комиссия қорытындылары 2019 жылдың аяғында шы­ға­рылады. Егер комиссия қорытындысы оң болса, онда бұл нысандарды сатып алу жалғасады.

Жоғарыда ұлттық холдингтер мен ұлт­тық компаниялардың 105 нысаны жеке­ше­лен­дірілгенін айттық. Нәтижесінде, онда істеген 30 374 қызметкер қысқартылған.

Әлеуметтік нысандардың жекеше­лен­ді­ріл­геніне қарап, мемлекет барлық емдеу орындарын жекеменшікке береді екен деген ой тумауы керек. Үкіметтің арнайы қау­лысы­мен стратегиялық маңызы бар алғаш­қы ме­ди­циналық-санитарлық көмек көрсе­тетін қан беру, ана мен баланы қорғау, онкология­лық, туберкулез, ВИЧ және СПИД-ке шалдық­қан­дарды, психикалық ауруларды емдеу орта­лықтары, радиациялық медицина және т.б. ден­саулық сақтау нысандары мемлекет меншігінде қала береді.

Міне, жекешелендірудің «екінші толқы­ны­ның» барысы, қысқаша айтқанда, осындай.