Қоғам • 06 Тамыз, 2019

Оқушы денсаулығы ойландыруы керек

1373 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин оқушыларды жаңа оқу жылына дайындаудың кейбір мәселелеріне тоқталды. Ол бірінші кезекте мектеп формасы баланың денсаулығын сақтауы және қозғалыс белсенділігін қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

Оқушы денсаулығы ойландыруы керек

«Әр ата-ана өз баласының дені сау және табысты болғанын көргісі келеді, оған мектеп формасы мен арқаға асатын сөмкені дұрыс таңдау себеп болады. Дұрыс таңдалған киім баланың денсаулығы үшін өте маңызды, мектеп формасын сатып алған кезде бұл киімде баланың 5-6 сағат, тіпті одан да көп уақыт болатынын есте сақтау қажет. Киімнің өлшемін дұрыс таңдау қажет және отырған кезде, жүрген кезде балаға ыңғайлы екеніне көз жеткізу керек. Киім баланың қозғалуына кедергі келтірмеуі тиіс, тым тар болмауы керек, өйткені тар юбка немесе шалбар іштің ауыруына алып келеді, ал тар жейде мен сарафан тыныс алуды бұзуы мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте мектеп формасы баланың денсаулығын сақтауы және қозғалыс белсенділігін қамтамасыз етуі тиіс. Бала білім беру ұйымында ұзақ уақыт бойы болатындықтан, бала терісінің дем алуы және аллергиялық реакцияларды тудырмау үшін ең жақсы гигиеналық қасиеттерге ие табиғи тал­шық­­тардан жасалған (жүн, мақта, зығыр, жібек) және вискоза маталарды таңдау ұсынылады», деді Ж.Бекшин.

Матаның құрамы маңызды

Бас дәрігер баса назар аударған тағы бір мәселе киімнің жоғарғы қабатының кемінде 35 %-ы табиғи талшықтан немесе вискозадан тұруы, астары, екінші қабат ретінде 100 % табиғи талшықтан немесе вискозадан тұруы керектігі.

«Көйлектер мен жейделер кемінде 65% табиғи талшықтан немесе вискозадан тұруы тиіс. Сондай-ақ мектеп формасының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ететін ауа өткізгіштік, электро­статикалық өрістің кернеулігі және бояудың тұрақтылығы сияқты өлшемшарттар бар. Міндетті түрде ауыс­тыратын аяқ киім алу керек. Тиімдісі – табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар. Табаны қозғалысқа кедергі келтірмеу үшін икемді болуы тиіс, бастауыш сынып оқушылары үшін – ортопедиялық табан, жоғары сынып оқушылары үшін – биік емес орнықты өкшесі (35 мм) болуы тиіс. Үнемі өкшесіз аяқ киімді кию майтабанға және омыртқа аралық жарықтың пайда болуына алып келеді. Спорттық аяқ киім қыспауы және қажамауы керек, ыңғайлы болуы және тым ауыр болмауы керек және аяқтың мөлшеріне сәйкес болуы қажет. Дене шынықтырумен айналысуға арналған аяқ киімді маусымға, ауа райына және сабақ өткізілетін орынға байланысты таңдау керек – бұл спортзал, көшедегі алаң немесе саябақта жүгіру болуы мүмкін. Ауыстыратын аяқ киім аяқтың өлшеміне сәйкес болуы тиіс, еш уақытта ауыстыратын аяқ киім ретінде кроссовканы, чешкиді, кедыны пайдаланбаңыз», деп ескертті Жандарбек Мұхтарұлы.

Киімге және аяқ киімге қойылатын гигиеналық талаптарды сақтау жалпы білім беру ұйымдарының үй-жай­ла­рын­да бала үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Бірінші сынып немесе бастауыш сынып оқушысы үшін арқаға асатын сөмкені (ранецті) таңдау – әр ата-ананы толғандыратын маңызды мәселенің бірі. Көп адамды баланың денсаулығына зиян келтірмеу үшін мектеп сөмкесін қалай дұрыс таңдау қажет деген сұрақ қызықтырады. Гигиеналық зерттеулер көрсеткендей, мектеп сөмкесінің (ранец, рюкзак) ауыр салмағы балалардың денсаулығына теріс әсер етеді. Өйткені сөмкені дұрыс таңдау сколиоз, остеохондроз, жарықтың пайда болуы және сол сияқты бірқатар аурулардың негізгі алдын алу шараларының бірі болып табылады.

Таңдау кезінде мынадай ұсыным­дар­ды сақтауға кеңес береміз: қатты орто­пе­диялық арқасы бар ранецті таңдау, бауы жалпақ болуы керек, тұтқасының ұзындығы реттелуі тиіс, бала оны тек екі бауымен, арқасында ұстауы тиіс, бұл ретте оның белі мен мойнына қысым түспеуі керек, мектеп сөмкесінің (ранец, рюкзак) көлемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес болуы тиіс, мектеп құралдарынсыз мектеп сөмкесінің салмағы 1 килодан аспа­уы тиіс, бұл ретте баланың жалпы сал­мағының ең көп дегенде 10%-ын құ­райды. Мысалы,1-3 сыныптар – 1,5-2 кг, 4-5 сыныптар – 2-2,5 кг, 6-7 сыныптар – 3-3,5 кг, 8-11 (12) сыныптар – 4-4,5 килоға дейін. Сонымен бірге таңдау кезінде жарық шағылыстырғыш құралдар сияқты бөлшектеріне назар аудару қажет, жүргізушілер тәуліктің қараң­ғы уақытында немесе нашар жарық­тандырылған жерде жолдан өткен ке­зінде балаңызды оңай байқай алады» деді ол.

Ауыр рюкзак ауруға шалдықтырады

Естеріңізге сала кетейік, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері бас­тауыш сынып балаларының ауыр рюкзакты алып жүру мәселесі тал­қы­лағаннан кейін гигиенистердің ұсы­ным­дары бо­йынша Сенат депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Сауле Айт­паева, Ерсұлтан Бектұрғановпен бір­лесіп оқушылардың оқулықтарын, ауысымдық аяқ киімі мен спорттық құ­ралдарын мектепте сақтауға ар­нал­­­ған жеке шкафтармен қамта­ма­сыз ету бойынша шаралар қа­был­­да­­нуда. Бұл шаралар мектеп сөмке­ле­рін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Осы­­лайша аталған шара балалар мен жасөспірімдердің тірек-қимыл аппараты ауруларының алдын алу үшін қажет. Бүгінде республика мектептерінде балалардың ауысымдық аяқ киімін, спорттық киімдерін, яғни күнделікті пайдаланбайтын құралдарын қалдыруы үшін жағдай жасалған. Оқу процесінде мектеп оқулықтарының маңызы зор. Оқулықтарға, оның ішінде пайдаланылатын қағаздың сапасына, түптелуіне, баспасына, мәтіннің терілуіне және тікелей салмағына қойылатын сани­та­риялық-эпидемиологиялық талаптар Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 тамыздағы №611 бұйрығымен бекі­тіл­ген, оқу басылымдарына қойы­ла­тын гигиеналық нормативтермен регламенттелген.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша оқу басылымдарының сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы сараптамалық қорытынды беріледі.

«Бір оқу басылымының салмағы: 1-4 сынып оқушылары үшін 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін 400 грамнан, 7-9 сыныптар үшін 500 грамнан және 10-12 сыныптар үшін 600 грамнан аспауы тиіс. Бұрын салмақтары артық оқулықтар санитариялық нұсқамамен және Комитеттің ұсынымдарымен бірнеше бөлікке бөлінді. Жыл сайын оқушыларға оқулықтар 1 қыркүйекке қарай беріледі, сондықтан құрметті ата-аналар, салмағы артық кітаптар анықталған жағдайда 74-18-64 телефоны арқылы немесе Комитеттің сайтына хабарлауды сұраймыз. Сондай-ақ кез келген өнім сияқты оқулықтар да қолдан жасалатынын атап айту қажет. Әдетте, мұндай өнім қаланың базарларында сатылады, бағасы өндірушінің бағасына қарағанда анағұрлым арзан. Пайдаланылған қағаздың сапасы төмен, оның әріптері бұлдырап көрінеді, сондай-ақ оқулықтың салмағы ауыр болады. Жеткіліксіз кітаптарды арнайы дүкен­дерден сатып алуды ұсынамыз», деді Бас санитариялық дәрігер.

Сонымен бірге Ж.Бекшин бала­лар­дың дұрыс демалуы мен дұрыс тамақ­та­нуын отбасы, мектеп болып қатар қадағалау керегін алға тартты.