Қоғам • 06 Тамыз, 2019

Денсаулық айлығы басталды

778 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы 1-30 тамыз аралығында тұрғындарды қолжетімді медицинамен қам­тамасыз ету мақсатында ден­саулық айлығын бас­тап кетті. Қазіргі кезде қаланың барлық аудан­дарында сапалы медицинаға қол жетпейтін аумақтарда мобильді дәрігерлер кеңесі жұмыс істеуде. Қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген жылжымалы кешендерде терапевт, балалар дәрігері, кардиологтар мен өзге де салалық дәрігерлер қызмет көрсетуде.

Денсаулық айлығы басталды

Денсаулық айлығының алғашқы күні жылжымалы медициналық кешен Түрксіб ауданына келіп, төрт жүзден астам тұрғынды тексеруден өткізді. «Нұр­шаш­қан» шағын ауданының тұр­ғын­да­ры салалық мамандардың қызметіне жүгініп, жүрек, бүйрек, буын, көз, т.б. ауруларға тексеріліп, дәрігерлік кеңес алды. Денсаулық айлығы аясындағы бұл шараға қаладағы онкология, ЖҚТБ, Саламатты өмір салтын құру, жұқпалы тері аурулары орталықтары және № 20 емхананың кәсіби мамандары жұмыл­ды­рыл­ған.

Алматы қаласының Қоғамдық ден­саулық басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, денсаулық айлы­ғының мақсаты – қала орталығынан қашық тұратын аудан тұрғындарының денсау­лығына қолдау көрсету мен қолжетімді медицинаны қамтамасыз ету. Өйткені қашықта тұратын қарт адамдардың, балалы аналардың емханаға дер кезінде келіп қаралуына мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан қандай да бір аурудың алдын алу мақсатында қаланың әрбір тұрғыны дәрігерге уақытында қаралуы ләзім. Дер кезінде анықталған ауруды емдеудің жеңіл болатынын айтқан қаланың бас дәрігері қала тұрғындарын денсаулығына сергек қарауға шақырды.

Алматы қаласының Қоғамдық ден­сау­лық басқармасының баспасөз қызме­ті­нің мәліметі бойынша, жылжымалы мобильді кешендердің шығу кестесімен Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтынан және Instagram, Facebook парақшаларынан танысуға болады.

 

АЛМАТЫ