Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті жаз кезінде жасөспірімдерге қатысты түрлі құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Каникул» атты жедел алдын алу шарасын ұйымдастырды. Бұл ретте, әсіресе полицияның арнайы есебінде тұрған, шырқы жиі бұзылатын шаңырақтар ерекше бақылауда болды.
Полиция қызметкерлері прокуратура, білім мекемелері, Nur Otan партиясының облыстық филиалы және жастар ұйымдарының қатысуымен бір апта бойы рейдтік шаралар ұйымдастырып, 246 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.
– Рейд кезінде ең жиі кездескен құқық бұзушылық – кәмелетке толмаған балалардың сағат 23.00 мен 6.00 аралығында ата-анасының қадағалауынсыз үйінен тысқары жүруі болды. Осындай 228 оқиға тіркеуге алынды. Сондай-ақ 9 ата-анасы немесе заңды өкілі өзінің бала тәрбиесіне қатысты міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылса, 21 жасқа толмаған жандарға алкогольдік ішімдік сатқан 4 оқиға анықталды, – дейді БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Әлия Наурызғалиева.
Профилактикалық шаралар кезінде кәмелетке толмаған 250 бала полиция бөлімшесіне әкелінген. Оның ішінде қылмыстық жауапкершілік туралы 2 хаттама толтырылса, 237 мәрте әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. 11 баланың қаңғыбастығы анықталса, 2 бала кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығына жіберілген. 13 отбасы арнайы тіркеуге қойылған.
«Кәмелетке толмаған балаларды қадағалаусыз қалдырудың соңы кейде орны толмас өкінішке ұрындырып жатады. Сондықтан мұқият болыңыздар» деп ескертеді полиция қызметкерлері. Осы жаз мезгілінде ғана Батыс Қазақстан облысында 7 бала суға кетіп, көз жұмды.
Батыс Қазақстан облысы