Руханият • 06 Тамыз, 2019

Кәріпбектің жаңа картинасы

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсендісі, қос қолы болмағандықтан суретті тісімен салатын қылқалам шебері Кәріпбек Күйіковтің жеке галереясы жаңа картинамен толықты.

Кәріпбектің жаңа картинасы

Кенептегі бояуы кеппеген туындысында  суретші Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинаттың түтіні будақтаған төрт мұржасын, сатымен жоғарыға өрмелеп шығып, көк аспанды тұмшалаған қою қара түтіннің үстіне күннің суретін салып жатқан адамды бейнелеген. Мұнысымен суретші жарық пен түнектің арпалысын қылқалам тілімен айтқысы келген.

Кәріпбек өзін кейінгі кезде экология мәселесінің қатты толғандырып жүргенін айтады.

– Мен бұл картинамда Теміртау қала­сы­ның экологиялық апаттың алдында тұр­ғанын айтқым келіп, дабыл қақтым. Күн­нен-күнге ушығып бара жатқан мәсе­ле­­нің алдын алмасақ, қаланың апатты аумаққа айналары сөзсіз, – дейді суретші.

Сонымен қатар, қоғам белсендісін өзінің туып-өскен жері – Егіндібұлақ кентінің қазіргі жағдайы да аз толған­дырмайды. Семей ядролық сынақ полигонынан 200 шақырым жерде орналасқан бұл елді мекеннің бұлың­ғыр болашағын ойлап қатты уайымдайды екен қоғам белсендісі.

– Кезінде Егіндібұлақ 35 мың адам тұратын, жағдайы өте жақсы аудан орталығы болатын. Қазір мұнда бар-жоғы 2,5 мың адам тұрады. Жергілікті билік тұрмысты түзеймін деп жоқтан бар жасағанымен жастар ауылға тұрақ­тамай, қалаға қоныс аударып жатыр, – деп мұңаяды Кәріпбек.

Жақын күндері Кәріпбек «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының 30 жылдығына орай елордада өтетін үлкен шараға қатыспақшы. Соны­мен қатар ол Ұлыбритания жерін­де, атап айтқанда Лондон мен Манчес­тер қалаларында өтетін өзінің жеке көрмесіне баруды да жоспарлап отыр.

Еске салсақ, суретші Кәріпбек Күйік­ов­­­­­тің «Жарылыс» атты картинасын Ел­­басы Н.Назарбаев Ва­шинг­­тон­­да өткен ядролық қауіпсіздік саммитін­де АҚШ-тың сол кездегі пре­­з­и­­денті Б.Обамаға сыйға тартқан болатын.

 

Қарағанды облысы