05 Ақпан, 2013

Өткенге емес, ертеңге ұмтылған ұтады

377 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткенге емес, ертеңге ұмтылған ұтады

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:30

Арменияда биыл тәуелсіздік алғаннан бергі 21 жылда алтыншы рет президенттік сайлау өткелі жатыр. Осы жылдарда ЛевонТер-Петросян екі, Роберт Кочерян екі және Серж Саргсян бір рет президент болып сайланған еді.

Президенттерінің көп ауысқа­нына қарап, бұл мемлекетті демократияның даңғыл жолына түскен, ашық қоғам құрған ел деп айту қиын. Өйткені, осынау шағын мемлекеттің үлкен проблемасы бар. Сондықтан да шығар, бұл елдің қоғамы демократиялық ашықтықтан гөрі біртоға, томаға-тұйықтыққа бейімдеу.

Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:30

Арменияда биыл тәуелсіздік алғаннан бергі 21 жылда алтыншы рет президенттік сайлау өткелі жатыр. Осы жылдарда ЛевонТер-Петросян екі, Роберт Кочерян екі және Серж Саргсян бір рет президент болып сайланған еді.

Президенттерінің көп ауысқа­нына қарап, бұл мемлекетті демократияның даңғыл жолына түскен, ашық қоғам құрған ел деп айту қиын. Өйткені, осынау шағын мемлекеттің үлкен проблемасы бар. Сондықтан да шығар, бұл елдің қоғамы демократиялық ашықтықтан гөрі біртоға, томаға-тұйықтыққа бейімдеу. Оны ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде өз көзімізбен де көрдік. Саммит туралы пікірлерін білмек болып, бірнеше елдің журналистеріне микрофон ұсынғанда жалғыз-ақ осы армян өкілдері өздерінің ойларын айтудан ат-тондарын ала қашты. Шамасы, «бірдеңе» айтып қоюдан сақтанатын секілді көрінді.

Қазіргі жұрттың есінде жоқ, бірақ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туған «қырғи-қабақ соғыстың» басталуына армян сепаратистерінің жер дауын қаузауы бір себеп болған еді. Соғыстан моральдық тұрғыдан күшті шығып, жеңістің буына мастанған КСРО басшыларына Түркияның Карс, Артвин және Ардаган провинцияларының бір бөлігін «ежелгі армян жерлері» деп қосып алу идеясын тықпалаған Армения КП басшысы Г.Арутинов, барлық армяндардың діни басшысы Геворг VІ және басқалар болатын (Бұрын үнемі таласта болып келген бұл жерлерге түріктердің иелік етуі 1921 жылғы Түркия мен РКСФР арасындағы келісіммен бекітілген). Артынан бұл пікірді Грузия басшылары да қолдады. 1945 жылғы Потсдам конференциясында одақтастар алдында Түркияның осы жерлерін КСРО-ға беру туралы В.Молотов та сөз қозғаған-тын. Бірақ одақтастар тарапынан бұл ұсыныс қолдау таппады, өйткені, халықаралық нормаларды бұзу оңай болмайтын. Оның үстіне Түркия басшылығы бұл талапты бірден серпіп тас­таған. Бірақ «қарғағанын жер қыламын» дейтін жердегі жарты құдай, қандықол диктатор И.Сталин Түркия шекара­сы­на әскер тоғытуды осы кезде бастады. Ешкімді елең қыл­май­тын, халықаралық нормалар мен құқықтарды қалтасына салып жүре беретін кеңестің басқыншылыққа құмар басшыларының қорқау тәбетінен жасқанған АҚШ пен Ұлыбритания да Түрік мемлекетіне көмек қолын созуға асықты. Іс жүзінде «қырғи-қабақ соғысты» жариялаған 1946 жылғы Фултондағы сөзінде Уинстон Черчилль КСРО-ның Түркия мен Иранға жасап отырған орынсыз аумақтық талабы мен қысымына да сілтеме жасаған-тын. Иран аумағының біраз бөлігін қосып алу идеясын да осы армяндық және оған артынан қосылған әзербайжандық белсенділер ұсынған еді.
Нақ осы, Түркия мемлекетінің айналасындағы дағдарысқа байланысты АҚШ КСРО-ға қарсы ядролық соғыс ашу жоспарын жасаған. Сөйтіп, әлем ядролық соғысқа алғаш рет кавказдық жер дауы дағдарысының кесірінен бетпе-бет келген. Осыған байланысты естелігінде В.Молотов артынан: «Хорошо, что вовремя отступили», деп жазған екен. Тек 1953 жылдың 30 мамырында ғана КСРО Түркияға қарсы аумақтық талабынан бас тартты.
Міне, кішкентай ғана елдің үлкен проблема жасай жаздаған әлегі осындай. Осыған байланыс­ты ақын Темірхан Медетбектің бір тәмсілі ойға оралады. Онда бір торғай жынданып, бүркітке шабуыл жасағаны айтылады. Бүркіт оны не қылсын, бір-ақ толғап, жұта салыпты. Бірақ соның кесірінен өзі жынданып, ұшаққа шабуыл жасайды. Ұшақ апатқа ұшырап, жүздеген адам қаза болады. Сөйтіп, жынданған бір торғай үлкен қасірет әкеледі.
Әрине, ата-бабасының қоны­сынан айырылу барлық халыққа да қиын. Жер бетіндегі барлық халықтар да ежелгі қоныстарынан айырылып қалғысы келмейді. Армян халқының да озық ойлы адамдары, қарапайым жұрты осылай ойлайтынына талас жоқ, бірақ әсіреұлтшыл саясаткерлері мұндайды керек қылмайды. Өзімшіл ұранды ғана бастарына әбден сіңіріп алған олар халықтың тыныштықты қалайтын ахуалымен санасар емес. Оларға салсаң б.д.д. ІІ ғасырда құрылған Ұлы Армения жерінің тым болмаса Тигран ІІ-нің тұсындағы аумағын қалпына келтіруді әділдік деп санайтындай. Ал бұл дегенің 220 мың шаршы шақырымға жуық аумақ…
Соның кесірінен елдің Әзер­байжан және Түркия арасындағы шекарасы мүлде жабық. Армения теңізге де шыға алмайды. Тек солтүстігіндегі Грузиямен екі арадағы шекара ғана елді сыртпен байланыстыруда. Екі елдің арасында темір жол тартылған. Сондықтан да Арменияның сырттан келетін тауарларының төрттен бірі Грузияға тиесілі. Бірақ осы елмен де кей-кейде қарым-қатынас салқындап қалады. Оның басты себебі Грузияның Армения мен Ресейдің жақындасуына қырын- қабақ білдіретіндігі.
Армения оңтүстігінде Иран­мен шектеседі. Исламның шиит тармағын ұстанатын Иран діні бір Әзербайжанмен теке тіресте болса да, Армениямен соңғы жыл­дары жақсы қарым-қатынас орнатып келеді. Бұған Ирандағы армян лоббиінің ықпалы бір себеп болса, екінші себеп мың­жылдық достық болмаса, мың­жыл­дық қастық жоқ екендігін ескерген Иран басшылығының прагматикалық ұстанымы сияқты. 2007 жылы екі елдің арасында газ құбыры ашылды. Оның бойымен Арменияның Раздан ЖЭС-іне газ беріліп тұрады. Есесіне Иран жағы электр энергиясын алады. Ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге Арменияның «Армросгазпром» кәсіпорнын сатып алу арқылы осы рынокқа тұтастай бақылау орнатқан Ресей­дің «Газпромы» рұқсат етпейтін көрінеді.
Енді, міне, Армения экономикасы оқшау күй кешіп, халықтың әл-ауқаты жақсармай отыр. Қа­рапайым елдің қамы үшін бей­біт жағдайда өмір сүруге қол жеткізуді көздеген лидерлер болғанымен, бастарына ұлт­шыл­дық ұранының бацилласы әбден сіңіп алған белсенділер ондай­ларға жол берер емес.
Ел бюджеттерінің әскери шығындары да жылдан жылға өсе түсуде. Экономикалық әлеуеті біршама әлсіз Армения үшін бұл шығынның зардабы үлкен. 2011 жылы ол 387 млн. АҚШ долларын құрады. 1970-жылдары Армения аумағында АЭС салынған еді. Бірақ 1988 жылы, Спитак зілзаласынан кейін оның қаупі зор болғандықтан жұмысы тоқтатылған. Бірақ армян үкіметі жоқшылықтың кесірінен 1995 жылы оның екі реакторын қайтадан іске қосуға мәжбүр болды. Қазір осы АЭС елдің электр қуатына деген сұранысының 40 пайызын өтеуде. Экономиканың осы саласының дамуында да Армения Ресейдің көмегіне мұқтаж. Соны пайдаланған ресейлік РАО ЕЭС Арменияның барлық энергетикалық нысандарын жекешелендіріп алған.
Армения экономикасының оқшаулануға ұшырап отырғаны себепті дами алмағандығының есесін халықаралық көмектер, соның ішінде армян диаспора­сы­ның қолдаулары, шетелдерде жұмыс істейтін жандарының аударған қаражаттары біршама толтыруда. Соның арқасында ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 5 мың доллар төңірегінде. БҰҰ-ның 2010 жылғы сарабы бойынша Армения адам әлеуетінің даму индексі жөнінен – 76, сыбайлас жемқорлық жөнінен 123 орын алады. 2011 жылы «Форбс» журналы Арменияға әлемдегі ең үмітсіз экономикалардың арасынан Мадагаскардан кейінгі екінші орынды берген…
Енді мына сайлауда мемлекет басына алдымен елдің іші-сыртында тыныштық орнауын көздейтін, әсіре ұлтшылдардың арынын басуға жарайтын, сая­си ерік-жігері мықты тұлға келіп, қоғам мен экономиканың дамуына даңғыл жол ашылса, барлық іске де епті келетін армян халқының өкілдері өз мемлекеттерін алдыңғы қатарлы дамыған жұрттардың қатарына қосар еді-ау деп үміт етуге болады. Бірақ президенттіктен үміткер ретінде тіркелген сегіз адамның ішінде қазіргі президент Серж Саргсянның мүмкіндігі 70 пайызға жуық екен. Бұл Арменияда алдағы бес жылда еш нәрсе өзгермейді деген сөз.
2008 жылдың наурыз айын­дағы билікке келуі өте үлкен қарсылық акциясына ұласып, соның салдарынан 10 адам қаза тауып, жүздеген адамның жаралануы С.Саргсянның беделін көтерген жоқ (Үнемі «Саркисян» деп жазылып келген армян фамилиясын алғаш өзгерткізген адам осы болды). Бірақ сауалдамалар бүгінгі күні оны сайлаушылардың басым бөлігі қолдайды десе, демек, одан күтетін үміттері жоғары болғаны.
Интернетке «әлемге танымал армяндар» деген сауалды берсеңіз-ақ болды, алдыңыздан қаптаған қалың тізім шыға келеді. Аз ғана халықтан осынша дарынның шыққанына таң қаласың. Мәсе­лен, Арам Хачатурян, Арно Ба­баджанян, Шарль Азнавур, Тигран Петросян, Армен Джигар­ха­нян, Роман Балаян және т.с.с. тұлғалардың шығармалары, өнер­лері барша әлемге рухани азық болып отырғанын жоққа шығара ал­майсың. Аталмыш тізімде армян­дардың бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігіне танымал адамдар ғана бар.
Армян өкілдерінің Қазақстанға сіңірген еңбегі де аз емес. Олар бізде өмірдің барлық саласында да өздерінің белсенділіктерімен, іскерлігімен көрінді. Осы қатарда алдымен Л.Мирзоянды («Мырзажанды») ауызға аласың. Көрген жақсылығын ұмытпайтын қазақ халқы оның есіміне ірі қалаларда көше аттарын беріп, күні бүгінге дейін құрмет көрсетіп келеді. Сонымен бірге, бүгінгі елімізде «Бахус» АҚ президенті А.Карапетян, Лермонтов атын­дағы орыс драма театрының бас режиссері Р.Андриеасян және т.б. танымал армян өкілдерінің есімдері белгілі. Сондықтан да қазақстандықтар ежелгі армян жерінде қан төгілмей, әрдайым тыныштық пен түсіністік болғанын қалайды.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».