Аймақтар • 06 Тамыз, 2019

Батыс Қазақстан облысында күшті дауыл соқты

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында және Орал қаласында күшті жел соғып, ғимараттардың шатырын жұлып алды. Дауыл құлатқан ағаштардан зардап шеккен ғимараттар мен автокөліктер де бар.

 

Батыс Қазақстан облысында күшті дауыл соқты

«Қазгидромет» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалы 5 тамыз күні облыс аумағында күшті дауыл болатынын алдын ала ескерткен болатын. Кей жерлерде нөсер төгіп, желдің күші секундына 15-20, тіпті 23-28 метрге жететіні хабарланған.

Шынымен де бүгін облыстың әр аумағынан қатты желден зардап шеккендер туралы мәлімет келіп жатыр.

Мәселен, сағат 16.15-те Қазталов ауданы, Жаңажол ауылында қатты желдің салдарынан Жаңажол орта мектебінің 120 шаршыметр шатырын жел жұлып кеткен.

16.30-да Жәнібек ауылында М.Ихсанов атындағы колледжді спортзалының 24 шаршыметрлік шатыр жабыны ұшып түсті.

Сағат 15.40-та Тасқала ауданы орталығындағы Абай көшесі, 3-үйде орналасқан Халықты жұмыспен қамту орталығының 25 шаршыметрлік шатырын да жел көтеріп, жерге түсірді.

Қазталов ауылы Шарафутдинов көшесі, 5 үйдегі «Қазпошта» АҚ ғимараты да күшті жел салдарынан 25 шаршыметр жылуұстағыш қаптамасынан айрылды.

Сағат 17.20-да Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ ғимаратының алюкобонд қаптамасының бір бөлігі қатты желден құлап түскен.

- Тұрғындардан желмен көтеріліп, құлағалы тұрған шатырлар мен қаптамалар туралы да хабар келіп жатыр. Мысалы Орал қаласындағы Қамбар батыр көшесі, 6-үйдің профлист шатыры ұшып кеткелі тұр деген хабарды алған соң біздің 3 адамдың жедел-құтқаору жасағы аттанды, - дейді Батыс Қазақстан облысының ТЖД Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының жетекшісі Жәдігер Құсайынов.

БҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды күшті желден қалай қорғану қажеттігі туралы нұсқаулық таратып жатыр.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда Орал қаласында сағат 15.00. пен 17.00. арасында жедел жәрдем қызметіне күшті жел салдарынан жарақат алған 5 адам хабарласқан.

Мысалы, Әбілқайыр хан даңғылында автокөлік үстіне терек құлап, 1988 жылы туған жігіттің көзіне жарықшақ тисе, 2003 жылы туған қыз бала да жарақатпен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.

Желаев кентінде шатырдан ұшқан шифер сынығы 8 жасар қыздың басына тиген. Ол да қаллық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

- Назарбаев даңғылында сынып құлаған бұтақ басына тиген 69 жастағы әйел ауруханаға жатудан бас тартты. Дәл осындай жағдайда басынан жарақат алған 1945 жылғы әйел ауруханаға жатқызылды, - дейді БҚО денсулық сақтау департаменті баспасөз хатшысы Айнагүл Сақбосынова.

Батыс Қазақстан