Аймақтар • 06 Тамыз, 2019

Ақжайықта ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының V фестивалі өтті

540 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы орталығында ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының V фестивалі өтті. Сайысқа Орал қаласынан және 12 ауданнан команда қатысып, спорттың 11 түрінен бәсекеге түсті.

 

Ақжайықта ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының V фестивалі өтті

510-ден аса спортшы, 300-ге тарта жетекші өкіл қатысқан фестивальде командалар бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, ұлттық жекпе-жек түрлерінен бақ сынады.

– Халқымыздың салт-дәстүрін, болмысы мен рухын әйгілейтін бүгінгі ұлы дала ойындары арқылы ұлттық төл өнерімізді жас толқынға жеткізу, спортымыздың мәртебесін биіктету – баршамыздың зор міндетіміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақалалары баршаны осыған үндейді. Уақыт озған сайын қарқынды дамып жатқан әлемдік жаһандану дәуірінде ұлтымыздың ұлылығын танытатын рухани құндылықтарымызды кейінгі толқынға аман жеткізу - ұлт алдындағы бұлжымас парызымыз, - деді фестивалдің ашылу салтанатында сөз алған Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.

Екі күнге созылған жарыстың алғашқы күні командалар көкпар сайысына түсті. Тасқала мен Қазталов, Жәнібек пен Орал, Шыңғырлау мен Бөрлі, Ақжайық-Қаратөбе-Жаңақала командалы арасында өткен тартысты ойында бірінші орын – Орал қаласы командасына бұйырды. Екінші орынды – Жәнібек ауданы шабандоздары алса, үшінші жүлдеге алаң иелері – Ақжайық ауданы көкпаршылары ие болды.

Халық тақымын қысып, ерекше жанкүйер болған сайыстың бірі ат жарыс – бәйге екені түсінікті ғой. 25 шақырымдық аламан бәйгеде бірінші орын - Жәнібек ауданы жүйрігіне, екінші орын – Жаңақала, үшінші орын – Бөкейорда ауданына тиді. 15 шақырымдық тоқ бәйгенің жүлдесін Ақжайық, Бөрлі және Сырым аудандары осы ретпен бөлісті. 7 шақырымдық құнан бәйгеде Бәйтерек ауданынан келген Манарбек Кенжеғалиевтың «Байтөресі» - І орын, Ақжайық ауданынан қатысқан Сырым Санаулының «Кермаралы» - ІІ орын, қазталовтық Нұрболат Әдиетовтың «Сұлтаны» - ІІІ орынды жеңіп алды.

Осы фестивальде 10 салмақ дәрежесінде тұңғыш рет ұлттық жекпе-жек бәсекелері өтті. 6 сағатқа созылған жекпе-жек бәсекелерінде жалпыкомандалық жеңісті Бөрлі ауданы батырлары тартып алды. Екінші орын – Ақжайық ауданына, үшінші орын – Жәнібек ауданы спортшыларына тиді.

Жалпы Батыс Қазақстан облысының V фестивалінің жалпыкомандалық есеп қорытындысы да осындай болды. Бөрлі ауданы - фестиваль жеңімпазы атанса, екінші орынды – Ақжайық ауданы спортшылары, үшінші орынды – Жәнібек ауданы командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН

 Батыс Қазақстан