Екіжақты ықпалдастыққа екпін берген сапар
Сәрсенбі, 6 ақпан 2013 7:27
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өзінің германиялық әріптесі, федералды Сыртқы істер министрі Гидо Вестервелленің шақыруы бойынша ресми сапармен ГФР-да болды. Сапар аясында қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы ГФР саяси және іскер топтарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Сәрсенбі, 6 ақпан 2013 7:27
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өзінің германиялық әріптесі, федералды Сыртқы істер министрі Гидо Вестервелленің шақыруы бойынша ресми сапармен ГФР-да болды. Сапар аясында қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы ГФР саяси және іскер топтарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Сапар бағдарламасын еліміздің дипломатия ведомствосы басшысының Германия Бундестагының түрлі партиялық фракцияларының өкілдерімен кездесуі ашты. Онда екіжақты қарым-қатынастың маңызды бағыттары талқыланып, халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды. Германиялық депутаттар Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды рөлін атай отырып, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында жоспарланған басымдықтарға жоғары бағаларын берді.
Е.Ыдырысовтың ГФР Вице-канцлері – Экономика және технологиялар федералды министрі Филипп Реслермен келіссөздері барысында екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық жөнінде кеңінен пікір алмасылды. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы ақпан айында Берлинге жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыға салынды.
Федералды Канцлердің Сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Кристоф Хойсгенмен әңгіме барысында екіжақты қарым-қатынас және халықаралық ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Ауғанстандағы және Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге, лаңкестікпен және экстремизммен күресуге, Еуропадағы дағдарысқа, сонымен қатар, ҚР мен ЕО арасындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Кездесу соңында К.Хойсген ГФР Канцлері Ангела Меркельдің атынан Қазақстан басшысына ең жақсы сөздерін сәлеммен жеткізуді сұрады.
ҚР-ГФР Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесінің төралқа мүшесі, ГФР Экономика және технологиялар министрінің орынбасары Вернер Рессингпен және Іскерлік кеңестің тең-төрағасы, «Deutsche Bank» банкінің атқарушы директоры Петер Тильспен кездесулер аясында екі елдің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.
Қазақстан елшілігінің Германия астанасындағы жаңа ғимаратында өткен кездесуден кейін бірқатар маңызды екіжақты экономикалық келісімдерге қол қойылды.
Соңғы уақыттары Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты экономикалық қарым-қатынастар үдемелі қарқынмен дамып келе жатқанын атап өту қажет. 2011 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге жетіп, 6,2 млрд. еуродан асып түсті. Бұл үдеріс өткен жылдың қорытындысы бойынша да тіркеледі деп күтілуде. Мәселен, Қазақстан ГФР-ға шикі мұнай жеткізушілер үштігіне кіреді (ОПЕК елдерін есептемегенде), ал ҚР мен ГФР арасындағы тауар айналымының жалпы үлесі Германияның барлық Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерімен сыртқы саудасының 65%-ынан асып түседі.
Еліміз Сыртқы істер министрінің Берлин еуразиялық клубының бесінші отырысында сөз сөйлеуі сапардың маңызды бөлігі болды. Оның жұмысына неміс тарапынан көрнекті саяси қайраткерлер мен сарапшылар, іскер топтар мен БАҚ өкілдері қатысты. Еуразиялық қауіпсіздік тақырыбындағы баяндамасында қазақстандық министр біздің еліміздің жаһандық және өңірлік қауіпсіздік, еуразиялық интеграция мәселелеріндегі ұстанымдарын жеткізіп, БЕК жұмысына мұхиттың арғы жағындағы және посткеңестік сарапшылар қоғамдастығын шақыру арқылы өзара ықпалдасу диалогын кеңейтуді ұсынды. Іс-шара соңында қызу пікір алмасу орын алды.
Берлин еуразиялық клубының Президент Н.Назарбаевтың бастамаларын жүзеге асыру аясында ҚР мен ГФР, сондай-ақ ЕО арасындағы қоғамдық-саяси мәселелердің кең ауқымын талқылауға арналған үнқатысу алаңы ретінде құрылғаны белгілі. Клуб Қазақстанның осы ыңғайдағы Еуропадағы алғашқы жобасы болып табылады. Ол жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге, еуропалық және азиялық мәдениеттер арасындағы үнқатысуды нығайтуға бағытталған.
Қазақстандық министр сондай-ақ Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Э.Кордеспен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесулер шеңберінде экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мен нығайтудың жай-жапсары, сонымен қатар, Қазақстан басшысының Германияның экономикалық және технологиялық әлеуетін ескере отырып әріптестікті ілгерілету туралы тапсырмасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Германия астанасындағы сапарының соңғы күнінде Е.Ыдырысов ГФР Сыртқы істер федералды министрі Гидо Вестервеллемен келіссөз жүргізіп, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары мен қазіргі жағдайын қарастырды. Тараптар халықаралық бірлестіктер шеңберіндегі өзара ықпалдастық жөнінде пікір алмасып, қазіргі таңдағы халықаралық қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін қозғады.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР мен ГФР дипломатия ведомстволарының басшылары екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірлескен декларацияға қол қойды.
Сапар шеңберінде Е.Ыдырысовтың қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияға қатысқаны мәлім.