Жабайхан Әбділдин және диалектика тағдыры
Сенбі, 9 ақпан 2013 7:09
Қазақ болып туып, қазақ ғылымына, оның ішінде кенжелеп барып кемелденген қазақ философиясына молынан үлес қосқан, ұлт топырағында диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдиннің өмір жолына көз жүгірткенде данышпан Абайдың: «…адамдық қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», деген сөзі ойға оралады. Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың,
Сенбі, 9 ақпан 2013 7:09
Қазақ болып туып, қазақ ғылымына, оның ішінде кенжелеп барып кемелденген қазақ философиясына молынан үлес қосқан, ұлт топырағында диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдиннің өмір жолына көз жүгірткенде данышпан Абайдың: «…адамдық қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», деген сөзі ойға оралады. Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың, Президенттің Бейбітшілік пен рухани татуластық сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті оқымыстының ой-өлшемінен өрілген философиялық еңбектері ұлтымыздың руханиятына қосылған мұра екені сөзсіз. Онда ол Аристотель, Сократ, Кант, Гегель, өзге де әлемдік дәрежедегі ғұламалардың дүниелерін саралай келіп, қазақтың философиялық ой өлшемімен ұштастырып, түйін жасаған академиктің зерттеулері туралы белгілі философтар Б.Кедров, Э.Ильенков, В.Степин, В.Мальцев, Е.Ситковский, В.Лекторский, басқа да алыс-жақын шетелдің зерделі азаматтары оң бағалап, жақсы пікірлерін білдіріп келеді. Ал азат еліміздің оқымыстылары мен қайраткер қаламгерлері Салық Зиманов, Әбіш Кекілбаев, тағы басқалар, Жабайхан Мүбәрәкұлының ұлт ғылымына сіңірген еңбегін ерекше атап: «Қазақстандық философиялық мектептің негізін салған, өмірдің даму диалектикасын терең түсінген ғалым-философ» дейді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары: «Бодан болу, құл болу, тәуелді болу дегеннің бір жаман жері бар. Ол адам өзіне сеніңкіремейді. «Біреу не айтады екен?…» дей береді», деп өзі меңзегендей, бір кездері үстем күштің үрейін туғызып, зәре-құтын қашырған, осы қорқыныш қазақ зиялыларын қойдай жусатуға әкелген, жарты ғасырға жуық уақыт сол қырғын-қасіретті құпияда сақтап, құрдымға жібермек болған арам пиғыл су сепкендей сөндіріліп, ақтаңдақ ел болғанда жарыққа шықты. Алаш арыстарын ақтау ісіне Елбасы бас болып зиялы қауым өкілдері бел шеше кірісіп, ұлт ұлылары халқымен қайта қауышты. Солардың қатарында, тіпті алдыңғы шебінде Жабайхан Әбділдиннің жүргені белгілі. «Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі, екіншісі – мейірімге толы сөзі» деп Баласағұн айтпақшы, бұл оның Отанына ерекше қызмет еткенін көрсетеді. Осындай ғұлама туралы Ресей Ғылым академиясының академигі В.А.Лекторскийдің көлемді мақаласын ықшамдап газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
Академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдиннің философия ғылымы саласында тындырған істерін бағалау, түсіну үшін оның ғылым жолындағы алғашқы қадамы мен қалыптасуының идеялық және әлеуметтік тағылымын санаңда қайта жаңғыртып, зерделеуің керек.
ХХ ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысынан бастап кеңестік философияда жағдай өзгерді. Менің ойымша, тіпті, революциялық өзгерістер орын алды деуге болады. Өйткені, сол кезде бізде ұзақ уақыттар бойы қалыптасып қалған маркстік философияны догматикалық ұғыну «Диалектикалық және тарихи материализм туралы» сталиндік қағидаттың көлеңкесінде қалған еді. Мен бұл өзгерістерді ММУ-дің философия факультетінің жас аспиранттары Э.В.Ильенков пен А.А.Зиновьев 1953-1954 жылдары қорғаған кандидаттық диссертацияларында, ал кейін кітап пен мақала түрінде жариялаған материалдары арқылы жүзеге асырған К.Маркстің «Капиталы» бойынша жасалған теориялық зерттеулерінің методологиясы тұрғысындағы диалектикамен байланыстырдым. Осы екі диссертацияның да тақырыбы мүлде ерекше болып көрінуі мүмкін. Шынтуайтында, бұл арада әңгіме жаңа философиялық проблеманы тұжырымдау және ресми диамат пен тарихи материализмнің көптеген догмаларын жоққа шығару туралы болып отыр.
Екі диссертация да «Капиталдағы» (атақты «абстрактіліктен нақтылыққа өрлеу») маркстік әдісті ұғындыра отырып, сол кездегі біздің философия үшін мүлде жаңа-ғылыми теорияның логикалық құрылуы мен дамуы, осы дамудың әдісі, теориялық және эмпирикалық білімдер арақатынасы, зерттеу логикасы мен тұжырымдау логикасы және т.б. бағыттардағы зерттеулер кеңістігіне жол ашты. Басқаша айтсақ, ғылыми таным теориясы туралы әңгіме қозғалды. Ильенков пен Зиновьевтің Маркске арқа сүйей отырып «абстрактіліктен нақтылыққа өрлеу» жолындағы теориялық білімнің қалыптасуы мен дамуы туралы жасаған пайымдаулары, шын мәнінде, сол жылдары Лениннің «Материализм және эмпириокритицизм туралы» еңбегіне байланысты ресми қабылданған тұжырымдарға қарама-қайшы болып шықты.
Мәселенің Ильенков пен Зиновьевтің философияның белгілі бір саласында ерекше бір мектеп ізашарлары болғандығында емес екенін баса айтқым келеді. Менің ойымша, олардың идеялары мен бағдарламалары тұтастай алғанда, біздің философияның дамуындағы принципті шеп болды. Бұл жаңа бір дүниені ашқанмен бірдей еді. Зерттеудің шынайы философиялық жаңа әдістері өмірге келді.
Сөйтіп, ХХ-шы жүзжылдықтың 50- жылдарының аяғы мен 60-жылдарының басында біздің белгілі философтарымыз ғылыми таным теориясы тұрғысындағы диалектика проблемаларымен айналыса бастады. Нақ осы кезде тағы бір, күтпеген деуге болады, айтулы құбылыс алдымыздан шықты: Жабайхан Мүбәрәкұлы жетекшілік ететін тамаша қазақстандық диалектикалық логика мектебі өмірге келгеніне куә болдық. Осындай тоқтамға келуге алғашында Ж.М.Әбділдиннің редакциясымен жарық көрген төрт автордың әйгілі ұжымдық монографиясы, ал кейін оның өзі жазған «Теориялық танымдағы бастама мәселесі» (Алматы, 1967 ж.) деген еңбегі ықпал еткенін айтуға тиіспіз. Бұл еңбектер бірден диалектикалық логика саласы мамандарының назарына ілікті. Оларды жас қазақстандық философтардың диалектиканың өте күрделі және терең проблемаларын тамаша игеріп алғаны, философия тарихын аса бір білгірлікпен талдауы, біздің белгілі философтарымыз Э.В.Ильенков, Б.М.Кедров, Е.П.Ситковский, П.В.Копниндердің (олардың ықпалын мойындай отыра) еңбектерімен таныс болуы, сонымен бірге, диалектикалық логика мәселелерін талдауда өзіндік көзқарас танытуы таңғалдырды.
Әсіресе, Жабайхан Мүбәрәкұлының бастама мәселесіне арналған кітабына қызығушылықтың зор болғанын айтқым келеді. Ақиқаты сол, бұл мәселе бұған дейін де белгілі бір деңгейде, мәселен, абстрактіліктен нақтылыққа өрлеу әдісіне арналған Э.В.Ильенковтің классикалық еңбектерінде біршама талданған болатын. Десек те, бұл проблеманы барынша түбегейлі және жан-жақты зерттеген нақ Ж.М.Әбділдиннің өзі болғанын мойындауымыз керек.
Осы арада мен сол жылдары әлемдік әдебиетте «теориялық зерттеу бастамасын» жоққа шығарған ғылым логикасы мен методология мәселелері бойынша логикалық позитивизм қағидалары үстем еткеніне назар аударғым келеді. Оcы бағытты қолдаушылардың пікірінше, логикалық позитивизм ұстанымына сәйкес теория гипотетикалық – дедуктивті конструкция тұрғысында ұғынылуы керек, ол таза формальдік логикалық және математикалық операциялар арқылы өрістейді және оның салдары эмпирикалық фактілермен салыстырылады. Теорияның осы өрістеуінің бастапқы пункті бірқатар аксиомалар ретінде қабылдануы мүмкін, ал оларды таңдауда еркіндікке жол беріледі.
Жабайхан Мүбәрәкұлы осы мәселеге байланысты басқа көзқараста болды. Теориялық зерттеу бастамасы – бұл бастапқы теориялық модель, оның өрістеуі (ал бұл формальді емес, жаңа мазмұндық алғышарттарды бірте-бірте қатыстыруды көздейтін мазмұндық үрдіс) теорияны біртұтас құруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бастаманы таңдау теорияның біртұтастығымен анықталады. Демек, теорияның мазмұны бастаманы таңдауға тәуелді. Сонымен бірге, бастама – бұл жай ғана анықталған формальді тұжырым емес, ол нақты мазмұндық модель, егер қажет болса – теориялық жүйенің жалпы негізі мәніне ие болатын нақты «жеке жағдай».
Мен Ж.М.Әбділдин ұсынған барлық теориялық тұжырымдаманың ерекшеліктеріне тереңдеп, бүге-шігесіне дейін талдағалы отырған жоқпын. Тек ХХ ғасырдың 70-80-жылдарында батыстық философиялық әдебиетте ғылым методологиясының дамуы ғылыми теорияның дәл осы логикалық-позитивистік моделінен бас тарту бағытында өрбігенін, соған қарамастан Ж.М.Әбділдин өз кітабында жасаған тұжырымдарды шетелдердің белгілі ғалымдарының мойындағанын атап өткім келеді. Рас, философия саласындағы батыстық мамандар бұл тақырыпқа өздерінің қалыптасқан ғылыми дәстүрлері шеңберінде келді де, оны өздерінше зерделеді. Мәселен, Т.Кун үшін бұл «парадигма», теория немесе тіпті, бірнеше теория негізіне жататын және жай ғана жалпы тұжырымдар жиынтығы емес, әлдебір нақты «мысал», үлгі. И.Лакатос мұны мазмұндық модель тұрғысында қабылданған ғылыми-зерттеу бағдарламасының «өзегі» ретінде қарастырады. Әңгіме бұл диалектикалық теория бастамасының өзі болмаса да, осы мәселені Жабайхан Мүбәрәкұлының батыс философиясынан да бұрын және өзгеше зерттегенін көрмеудің мүмкін еместігі жөнінде болып отыр. Ж.М. Әбділдин ғылым методологиясы бойынша батыстық та, біздің отандық әдебиетте де (бізде эмпиризмді жақтаушылар сенсуалистік түсінікке құрылған В.И. Лениннің «Материализм және эмпириокритицизм» деген еңбегіне сүйенді) эмпиризм позициясы үстемдік жасап тұрған тұста, оны ғылыми тұрғыдан дәлелді сынап, жаңа бағыт ұсынды. Кейін, 70-жылдары батыстық әдебиетте эмпиризм «ғылыми фактілердің теориялық жүктемеленгені» туралы тезис арқылы сынала басталды. Бұл батыстық ғылым философиясы үшін жаңалық ашумен бірдей болды. Қалай десек те, біздің елімізде теориялық білімді эмпирикалық түсінуді диалектикалық тұрғыдан философиялық сынау Ж.М. Әбділдиннің еңбектерінде ерте және терең жүзеге асырылғаны ақиқат. Мен үшін осы жайт екі нәрсені білдіреді. Біріншіден, сол жылдары шынында да, біздің философия мен халықаралық философиялық қауымдастық арасында қатынас болмаған еді. Әрине, бұл құптарлық жайт емес. Бірақ, басқа да жағдай болды: сол жылдары біздің философтарымыз сондай тамаша мәселелер көтеріп және оны сондай әдіспен сәтті шешуге қол жеткізді, ал батыстық философиялық ой осыны бізден едәуір кеш игере бастады.
Қазақстандық философтар академик Ж.М.Әбділдиннің жетекшілігімен 70-80-жылдары диалектикалық логика мәселелерін зерттеуге ерекше құлшыныспен кірісіп, қыруар істер атқарды. Мен айтар едім, сол жылдары Алматы осы проблеманы зерттеудің бүкілодақтық орталығына айналды. Атап айтқанда, Жабайхан Мүбәрәкұлының бірнеше монографиясы және оның редакциялауымен көптеген кітаптар жарық көрді. Бұл еңбектерде диалектикалық логиканың негізгі принциптері жүйелі түрде жан-жақты зерттелді. Қазақстандық ғалымдар мұнымен де шектелген жоқ. Олар сол кезде «Диалектикалық логика» деп аталатын төрт томдық ұжымдық монография шығарды. Осы зерттеулердің маңызды бір ерекшелігі – қазіргі заманғы ғылым, әсіресе, жаратылыстанудың методологиялық мәселелерін зерделеуде теориялық байлам жасауға жол ашылды. Ж.М.Әбділдиннің өзі салыстырмалы теория мен кванттық механиканың методологиялық мәселелеріне талдау жасады. А.Н.Нысанбаев диалектикалық тұрғыдан математикалық білімнің философиялық-методологиялық мәселелерімен шұғылданды. Ж.М.Әбділдиннің зерттеу ұжымының өзге өкілдері космология, биология, геология, физикалық жағрапия, тарихи ғылымдардың методологиялық мәселелеріне талдау жасады. Ж.М.Әбділдин сол жылдары Алматыда диалектикалық логикадан бірнеше Бүкілодақтық конференция ұйымдастырды.
70-80-жылдары Мәскеуде диалектика мәселелерін зерттеушілердің басына бұлт үйірілді. Нақты айтсақ, 1971 жылы осы проблемамен өзі айналысқан және оған қолдау көрсеткен КСРО ҒА философия институтының директоры П.В.Копнин қайтыс болғаннан кейін оның орнына келген жаңа басшылар Э.В. Ильенков пен оның ізбасарларын қудалай бастады. Б.М. Кедров пен оның зерттеу жұмыстары орынсыз сынға ұшырады. Осындай келеңсіз жағдайда Алматы арман қалаға айналды. Өйткені, мұнда ғылым логикасы мен методологиясы тұрғысындағы диалектика мәселесін зерттеу өте қолайлы жағдайда және қазақстандық философтардың басшысы Жабайхан Әбділдиннің қызу қолдауымен жүзеге асып жатты. Осы саладағы мәскеулік мамандар, әйтеуір, мүмкін болған жағдайда өздерін қызықтыратын, қордаланып қалған мәселелерді қазақстандық әріптестерімен, әсіресе, осы саланың майталман білгірі Ж.М.Әбділдинмен талқылау үшін Алматыға келуге ұмтылатын.
Бүгінгі таңда біз өзге елде, өзге әлеуметтік жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бұрынғы Кеңестер Одағы жоқ. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. КОКП-тің билігі жүрмейді. Ресейде де, Қазақстанда да марксизм-ленинизм ілімі ресми идеология болудан қалды. Осыған байланысты өз заманында, мүмкін, өте өзекті және тіпті, жаңашыл болған зерттеулер маңызын жоғалтқан сыңайлы. Өйткені, бүгінгі таңда ол зерттеулер бүгін ескірген Маркстің идеяларынан шықты деген пікір белең алып тұр. Кейбір қазіргі заманғы зерттеушілер бұл диалектика идеясының өзіне де, даму принципіне де және біздің философтар (оның ішінде Ж.М.Әбділдин де бар) дамытқан әрекетшілдік әдіске де, С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, В.В.Давыдов және т.б. еңбектеріндегі кеңестік психологияның методологиялық негізі болған тәсілдемелік іргетасқа да қатысты деп санайды.
Мен, шындығында мәселені бұлай қоюдың дұрыс емес екенін дәлелдеп бағайын. Ең алдымен, Маркс толықтай ескірді, оның философиясы ХІХ ғасырға ғана қатысты деу мүлде жаңсақ пікір екенін айтқым келеді. Маркстің кейбір философиялық-социологиялық, мысалы, оның жұмысшы табының қайыршылануының өсуі туралы тезисі, базис пен қондырма арақатынасы туралы көзқарастары және де бірқатар өзге қағидалары шынында да ескірген шығар. Өйткені, ХІХ ғасырды ХХ ғасырмен салыстыруға болмайды ғой. Маркс философиясы бірегей болаттан шыңдалып соғылған, оның басқа қағидаларынан бас тартпауың үшін, одан ештемені алып тастамауың керек деп тұжырымдаған В.И.Лениннің де қателескеніне бүгін көз жеткізіп отырмыз. Шынтуайтында, Маркс философиясында тек ХІХ ғасырға қатысты жайлар да, ХХ ғасырдың өміршең мәселелері де (мысалы, жатсыну теориясы) бар. Керек десеңіз, Маркс ілімі ХХІ ғасырда да кейбір мәселелерде пайдаға асатынына менің күмәнім жоқ. Бұл, ең алдымен, ғылымның тікелей өндіргіш күшке айналуы туралы маркстік идеяға қатысты. Бұл идея бүгін ақпараттық қоғам деп аталатын түрде жүзеге асуда, оның мәселелерін қазір көптеген теоретиктер талқылап жатыр. Бүгін экономиканың «білім экономикасы» деп аталатын жаңа саласы пайда болды. Экономикалық теория деңгейінде түсінікті жайт сол, бүгін дәл осы өндіріс пен білімді пайдалану экономикалық даму деңгейінің көрсеткіші болып табылады. «Білім экономикасы», нарықтың әдеттегі заңдары әрекет етпейтін, экономиканың өте айрықша саласы болып шықты. Кейбір теоретиктер экономиканың осы саласының дамуын, тіпті, «пост-экономикалық» қоғамға өтуімен байланыстырады.
Маркс зерттеген әрекетшілдік әдіс, әлеуметтік, сол сияқты, адам туралы ғылымдарда тек қазір ғана, шын мәнінде, өз мағынасына қолданылуда. Бүгінгі күні әлемдік социологияда және психологияның басым бөлігінде бұл негізгі әдіс болып саналады.
Айтқандай, бүгінгі таңда батыстың көптеген социологтары Маркстің Э.Дюркгейм және М.Вебермен бірге әлемдік социологияның үш классигінің бірі екенін мойындап отыр. Ескеретін бір жай, олардың қатарына О.Конт та, Г.Спенсер де, тіпті, Т.Парсонс та кірмей қалған. Маркстік идеядан туындаған кеңестік психологиядағы мәдени-тарихи және әрекетшілдік әдіс (одан біздегі кейбір жас психологтар бас тартуға асығып жүр) бүгінде әлемдік психологияда ерекше ықпалға ие. Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, В.В.Давыдовтардың идеясына негізделіп құрылған мәдени-тарихи және әрекетшілдік әдіс санатындағы зерттеулердің Халықаралық қоғамы, міне, 15 жыл бойы жемісті қызмет етуде. Қоғам дүние жүзінің көптеген елдерінің бірнеше мыңдаған психологтарын, педагогтарын, философтарын, социологтарын біріктіріп отыр. Бүгінде «диалектикалық социология» мен «диалектикалық психология» қызу қолдау табуда.
Осылай, жаратылыстанудың дамуына байланысты диалектикаға жаңаша көзқарас қалыптасуда. Атап өту керек, ХІХ ғасырдың басындағы неміс философиясында классикалық түрде, Фихте мен Гегель еңбектерінде тұжырымдалған диалектика идеялары, ең алдымен, рухани мәдениет тарихын зерделеуге байланысты дамыған еді. Маркс қоғамдық қатынастар саласын талдауда диалектикалық методологияны қолданып, диалектикаға жаңаша сипат берді. Алайда, жаратылыстану ғылымдарына қатысты алғанда, диалектика идеялары ХІХ ғасырдың жаратылыстану ғылымдарына қажет те емес еді (Энгельс сияқты кейін жаратылыстану ғылымдарының теорияларын диалектикалық тұрғыдан түсіндіруге болар еді, бірақ, ол кезде жаратылыстанудың өзі шын мәнінде бұл идеяларды керек етпеді). Жағдай ХХ ғасырда өзгерді. Салыстырмалы теория мен кванттық механика енді диалектикалық зерделеуді қажет етті. Оның тамаша үлгісін бізге академик Ж.М.Әбділдин көрсетті. Бүгін ғаламдық эволюционизм идеясы мен синергетика аясында дамудағы өзіндік ұйымдастырылатын жүйелер теориясының дамуы диалектикаға деген жаратылыстану ғылымдарының көзқарасын түбегейлі жаңаша қалыптастыруда. Синергетиканы диалектикалық зерделеудің маңыздылығы туралы осы әдістің негізін салушылардың бірі Нобель сыйлығының лауреаты И.Пригожин де жазған болатын.
Осыған қатысты менің айтайын дегенім, диалектика – бұл ежелгі және былайша айтқанда, дүние мен адам, адами таным мен адам қызметін ұғынудың теңдесі жоқ әдісі. Бірақ, диалектика, кейбір инварианттарын сақтай тұра, сонымен бірге өзгереді және әр түрлі мәдени-тарихи дәуірлерде жаңа түрге енеді. Платон диалектикасының Аристотель диалектикасынан, соңғысының – Кант диалектикасынан айырмашылығы бар, оның өзі Гегель диалектикасына ұқсас емес, ал Маркс диалектикасы Гегель диалектикасынан өзгеше. Десе де, біздің заманымызда қазір ғылымда, мәдениетте және қоғамда болып жатқан орасан зор өзгерістерге байланысты диалектика жаңаша мазмұнға ие болып отырады. Оны кейде рационалдықтың жаңа типінің пайда болуы деп те атайды.
Диалектикаға деген сұраныс әрдайым болып қана қоймай, кейбір жағдайларда тіпті күшейіп отырғанын айтқым келеді. Ғылымның дамуы, әсіресе, философияның дамуы жай ғана алға жылжу емес, бұл ескі идеяларды теріске шығарып, жаңа идеялардың пайда болуы да емес және тіпті, ескі идеяларды тек жаңа синтезге қосу да (Гегель айтқандай, олардың «алынуы») емес. Бұл сонымен бірге, жаңа кезеңде ескі идеялармен қауышу (керек болса, өткен шақпен әрдайым «сұхбат құру»), бұл бұрын пайда болып, бірақ, өз заманында толық мөлшерде жүзеге аса алмаған және таным дамуының жаңа кезеңінде жаңаша қажет болған ой кешуді жаңғырту, табу. Сондықтан, Гегель атап көрсеткеніндей, шынайы даму – бұл сонымен бірге және әрдайым «артқа жылжу», бұл – өз қойнауына, негізіне ену. Демек, Платон, Аристотель, Кант, Гегель шын мәнінде біздің замандастарымыз болып табылады. Олардың еңбектері философия бар кезде ешқашан жойылмайды. К.Маркс та біздің замандасымыз болып қала береді. Мен академик Ж.М.Әбділдин мен оның мектебінің жасағаны – бұл жай ғана философия тарихының игілігі емес, ұдайы сұраныста болатын болашақ кепілі екеніне сенемін.
Нұртас ИМАНҚҰЛ,
философия ғылымдарының докторы, профессор.Владислав ЛЕКТОРСКИЙ,
Ресей Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор.
Мәскеу.
Лебіздер:
«Біз Ж.М.Әбділдинмен көптен, отыз жылдан астам таныспыз. Ол – диалектикалық логиканың қазақстандық мектебінің негізін қалаушы».
В.СТЕПИН, Ресей Ғылым академиясының академигі.
«Ж.Әбділдин жоғары методологиялық деңгейде бірқатар жаңа проблемаларды шеше білді».
Н.ОСМАНОВ, Кубань университетінің профессоры.
«Ж.М.Әбділдиннің «Канттың диалектикасы» кітабы терең, мазмұнды зерттеулерден туған және философия тарихын жасауға қосылған сүбелі үлес болып табылады».
В.КОХАНОВСКИЙ, профессор.