Қоғам • 07 Тамыз, 2019

Мамандық таңдау – маңызды мезет

329 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Білім алуға ұмтылған жастардың алдындағы таңдау жасайтын кезең – ата-аналар үшін өте маңызды. Таңдау алдында көптеген мәселеге дұрыс басымдық беру қажет. Биыл мемлекет тарапынан көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған нақты шаралар қолға алынды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айын­да 2% несиемен тұрғын үй бағ­дар­ламасын жүзеге асыру, бір мәр­те екінші деңгейлі банк­тердегі қарыз­ды өтеу, 5 мың қосым­ша білім беру гранттарын бөлу жөнін­дегі Жарлықтарға қол қой­ды. Бұл – қоғамның әлсіз тобына көрсетілген нақты қолдау.

Мамандық таңдау – маңызды мезет

Осы ретте 5 мың қосымша білім беру гранттарының бөлінуі тек әлеумет­тік тұрғыда емес, сонымен бірге көре­ген­дікпен қабылданған шешім деп білемін. Себебі білім – мемлекеттің тұғыры және келешекке деген сенім көзі. Көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арналған білім беру гранттарын алу үшін ҰБТ сынағының шектік деңгейінен сүрінбей өткен түлектер 5-10  тамыз аралығында өтетін конкурсқа қатысуға құжаттарын тапсыруы қажет.

Баласы мамандық таңдау секілді ма­ңызды жолайрықта тұрған сәтте әрбір ата-ана сұранысқа ие және жоғары жалақылы қызметке тұратын маман болуын ойлап, қолайлы оқу орнын іздестіреді. Алайда, баланың тұрғын үй немесе жатақхана жалдау ақысы, жолақысы, тұрмысқа икемсіздігі, таңдаған оқуын алып жүре алмауы секілді қиындықтарын таразылау сәтінде қаражатты үнемдемек болған көптеген ата-ана өңірлік, яғни өзінің тұрғылықты жеріне жақын орналасқан жоғары оқу орнына оқуға түсу тиімді деп санайды. Сондай-ақ көптеген отбасыға Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы беделді университеттерде білім алу мен қоныс аудару шығыны салмақ сала­ты­ны тағы бар. Соның ішінде грант ие­леріне төленетін 21 000 теңгеге жуық шә­кірт­ақы мен оқу жылында екі рет бөлі­нетін 10 000 теңгеден астам пойызда жүру жолақысы да өз көмегін тигізетіні анық. Таразылай келе, алда кездесетін қиын­дықтар ірі қалада орналасқан универ­си­тет­тер ұсынатын халықаралық білім алмасу бағдарламалары, бәсекеге қабілетті ор­та, жоғары сапалы білім (бұл туралы төлем қажет етпейтін, дегенмен мем­ле­кеттік гранттан 2-3 есе артық жо­ға­ры оқу орындарындағы оқудың ком­мер­ция­­лық құны айтып тұрғандай) секілді жақ­сылықтарға қол жеткізуге жол ашады. Нәтижесінде, жеткіншек еңбек на­ры­­ғында бәсекеге қабілетті, өзіне сені­мі мол маман болып қалыптасады. Са­па­лы білім беретін университетте оқыған, білімі мен білігіне сенімді түлек тек отбасының әлеуметтік жағдайын жоғарылатып қоймай, туып өскен ауыл-аймағының да ахуалын жақсы жағына өзгерте алады. Ата-аналар, сол сәтте бе­делді жоғары оқу орнын таңдауда дұрыс шешім қабылдағанына көзі жетеді.

Осы орайда, анамның сапалы жоғары білім алу туралы арманы балалары ар­қылы жүзеге асқанын айтайын. Анам көп балалы отбасында дүниеге келген. Бөбек­тері аштықтан шетіней берген соң наға­шы­ларымыз анамызды үш жасында амал­сыздан балалар үйіне тапсырады. Біраз уақыттан соң балалар үйі Ресейге қоныс аударғанда ата-анасымен байланы­сы үзіліп қалады. Бірақ бұл оқиға жақ­сы­лықпен аяқталды, кәмелеттік жасқа тол­ғанда анамыз ата-анасымен аман-есен қауыш­ты. Елге келген соң тұр­мыс­қа шы­ғып, жеті баланың аяулы анасы атанды. Жастайынан көкірегенде жүр­ген жоғары білім алу жөніндегі арманы­ның орындалуы неғайбыл екенін сезген анам осы ойын жеті баласы арқылы жүзеге асырды.  

Отбасымыз бұрынғы Көкшетау облы­сы­­­ның әртүрлі ауылдарында тұрды. Сол кез­­дегі жағдайға байланысты жеті бала тұ­р­мақ, жалғыз баланың қолын жоға­ры бі­лімге жеткізу ерлікке тең болатын. Де­ген­­мен, анамның «Менің мақсатым – ба­ла­­­л­ары­­ма жоғары білім беру, соның нә­­ти­­­­жесінде олар дәулетті өмір сүре ала­ды» де­ген сөзі есімнен кетпейді. Ол тіле­­гі­­­не жетті. Бауырларымның жоғары білі­мі­­­не көз жү­гіртсем, жеті балаға шаққанда біз­­­дің от­б­ас­ымызда барлығы 18 диплом бар екен!

Бір ерекшелігі, анамыз бәрімізді сол кездегі еліміздің астанасы Алматы қаласына оқуға жіберді. Отбасымыздан қатарынан екі бала, тіпті үш бауырымыз бір уақытта жоғары оқу орындарында білім алған кезеңдер болды. Қаржылық тұрғыдан қиындықтар бола тұра, ата-анам да, біз де қиындыққа мойымай қосымша жұмысқа тұрып, пошташы, кү­з­етші, жүк түсіруші болып жұмыс істей жүріп, оқуы­мызды абыроймен тә­мам­­дадық. Осы ретте айтайын дегенім, қо­­сым­ша жұмыс іздеймін деген адамға бі­лім ала жүріп те, жазғы демалыста да ірі қа­ла­ларда жұмыс табуға мүмкіндік бар.

Менің пайымдауымша, балаларына білім беру үшін ата-аналар сол бір қиын жыл­дары да соңғы тиын-тебенін беру­ге дайын еді. Осы сөздеріме дәйек ретін­де жұ­байым­ның туған ағасы Нығмет Ғабдул­лин­­нің өмірінде болған жайтқа тоқта­ла­йын. Сонау 1946 жылы оның ата-анасы соң­ғы сиырын сойып, ұлын жоғары білім алу үшін Алматыға аттандырды. Нығ­мет Ғаб­дул­лин ғылым жолына түсіп, бедел­ді басы­лымд­ардың бас редакторы қыз­метін ат­қа­рып, ата-анасының үмітін ақта­ды. Соны­мен қатар көптеген әңгімелер жи­на­ғының авторы ретінде ауылының атын әйгілі етті. Ата-анасы жас кезінде шығар­ма­шылық талантының дамуына көңіл бөлді.

ХХІ ғасырда кәсіпкерлік саласы қар­қынды дамып келеді. Сондықтан жастар­дың өз ісін ашуына көңіл бөлген жөн. Көп балалы отбасынан шыққан жас бала кәсіп­керлік­ке бейімі бар мамандықты таңдаса, отбасының тұрақтылығын қам­та­масыз етеді. Соның ішінде отба­сылық бизнес те құруы мүмкін. Қазір елімізде кәсіпкерлікті, шағын және орта биз­несті дамыту жөнінде мемлекеттік бағ­дар­ламалар жетерлік. Өз ісін ашуға ұмтыл­ған тұлғаларға жеңілдігі бар қарыз­дар, гранттар және кәсіби курстар ұйым­дастырылады. Кәсіпкер ретінде ойлайтын тұлға қалай жұмысқа тұрсам деген ойдан аулақ болады, керісінше өз бизнесін құрып, әрі қарай дамыту үшін білгір мамандарды қызметке алады.

Сондықтан ата-аналар баласының сапалы жоғары білім алу жауапкершілігін мемлекетпен бөлісіп қана қоймай, жаңа өмірге жетелейтін болашағы бар деңгей­ге жеткізуге талпынуы тиіс.

 

Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ,

«Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті