Кездесу барысында алғашқы шайбаны «Барыс» сапынан 7-минутта Никита Михайлис соқты. Ал 11-минутта қазандық клуб қатарынан Мэтт Фрэттин таразы басын теңестірді. Естеріңізге сала кетелік, ол биыл «Барыс» сапынан «Ақ Барсқа» ауысқан еді.
Ал 16-минутта Кирилл Панюков бір шайба соғып, елордалық клубты алға шығарды. Ал 18-минутта «Барыс» қатарына биыл қосылған канадалық Адам Хелевка есепті үстемелей түсті. Екінші кезеңде де біздің команда басым ойнады.
Алдымен 28-минутта Дастин Бойд мергендік танытса, 31-минутта Даррен Диц қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Ойын соңына таман Батырлан Мұратов өзінің тұсаукесер ойынындағы тұңғыш голын соғып кетті. Нәтижесінде бүгінгі кездесуде «Барыс» командасы «Ақ Барсты» 6:1 есебімен жеңді.
Сондай-ақ, бүгін Қазақстан Президенті кубогында тағы бір кездесу өткізілді. Ресейдің қос командасы - Екатеринбургтің «Автомобилист» командасы Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасын 5:1 есебімен тізе бүктірді. Ертең, 8 тамызда «Барыс» «Нефтехимикпен» ойнаса, «Ақ Барс» пен «Салават Юлаев» (Уфа) командалары кездеседі.
Қазақстан Президенті кубогы ойындары 8-11 тамыз аралығында өткізіледі. Жарысқа барлығы бес команда қатысуда.