Қоғам • 08 Тамыз, 2019

Сапалы жолдан – сапалы өмірге

678 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында автомобиль жолдарының сапасын көтеру, бес жылдың ішінде республикалық маңызға ие жолдардың жағдайын 100 пайызға, облыстық және аудандық маңызға ие жолдарды 95 пайызға жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізу туралы міндет қойған болатын. Осылайша Мемлекет басшысы «үйге дейінгі жол» қағидасы жүзеге асырылуы керек екенін айтты.

Сапалы жолдан – сапалы өмірге

Жол – экономиканың күретамыры. Сапалы жол орта есеппен 17-20 жылға жарауы тиіс. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, жолдың талапқа сай салынбауы оның жарамдылығын 40 пайызға дейін төмендетіп жібереді екен. Яғни жұмыс сапасына назар аудармайтын болсақ, әр 10 жыл сайын Қазақстанның ауа райының ерекшелігін ескерсек, тіпті 4-5 жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Біздің мақсатымыз сол сапасыз­дыққа жол бермеу болып отыр.

ЭЫДҰ елдерінің (Аустралия, Ұлы­бри­тания, Германия, Франция, Жапония және т.б.) тәжірибесіне сәйкес 1980 жыл­­дардан бастап «Жол активтерін бас­­қару жүйелері» құрыла бастады. Біз осы халықаралық тәжірибеге сәй­кес ауа райының ұқсастығын ескере келе, көршілес Беларусь елінің әдіс­терін пайдаланғанды жөн санадық. Мыса­лы, Беларусь мемлекетінде автомо­­биль жолдары мен көпірлерді салу, жөндеу және күту саласындағы же­тек­­ші «Белдорцентр» кәсіпорны жұ­мыс істейді. Аталған кәсіпорынның бар­лық жүйесі толығымен цифрлан­ды­рыл­ған. Автомобиль жолдары мен оның құ­рылыстарының, сондай-ақ пайдалану­шыларға ақпарат беретін ақпарат­­­тық жүйелердің бірыңғай дерекқоры бар. Сонымен қатар жолдардағы ауа ра­йы және жөндеу жұмыстары туралы, ав­томобиль жолдары мен көпір құ­ры­лыстарын маусымдық тексеру нәтижелері және жол-көлік оқиғалары мен олардың шоғырлану аймақтары туралы ақпаратты тұтынушының онлайн режімде көруіне мүмкіндік жасалған.

Жол активтері сапасы орталығы жаңа формациядағы мемлекеттік кәсіпорын болып саналады. Бұл нәтижеге назар аудару, жариялылық, сыбайлас жем­қорлыққа төзбеушілік, сапа мен тиім­ділікке ұмтылу, кәсіби командалық жұ­мысты қалыптастыру, өзін-өзі тану және өз бетімен жұмыс істеу, қағаз­бас­ты­лықтан арылу сияқты 7 қағидатқа негізделген.

Жол активтері ұлттық сапа орталығы Индустрия және инфрақұрылым ми­нистр­лігі Автомобиль жолдары коми­тетіне қарасты кәсіпорын. Оның 14 об­лыс орталығы мен 3 республикалық ма­ңызы бар қалаларда филиалдары бар. Ком­панияда қызметкерлерінің автожол саласын дамытуға деген ынта, тілектері мен ұсыныстары ескеріле келе, «сапалы жолдан – сапалы өмірге» деген қағида қалыптасып отыр.

2015-2019 жылдарға арналған инфра­құ­рылымды дамытудың мемле­кет­тік бағ­дарламасын іске асыру кезеңінде жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының сапалық көрсет­кіш­тері едәуір жақсарды, алайда жер­гілікті жолдар мен ондағы жасан­ды құрылыстардың техникалық жағ­дайы­ның нашарлығы көптеген аймақ үшін бүгінге дейін өзекті болып отыр. Бұл проблема халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етіп, негізгі әлеуметтік қыз­меттерге, білім беру және денсаулық сақ­тау объектілеріне, жұмыс орындарына, әлеуметтік, мемлекеттік және қызмет көр­сету орталықтарына қолжетімділікті шек­тейді. Осы мәселені шешу жолында Жол ак­тивтерінің ұлттық сапа орталығы төме­ндегідей міндеттерді алға қойып отыр.

- Автомобиль жолдарын пайдалану процесін одан әрі жетілдіру мақсатында ақпараттық технологияларды пайдалану, бейнебақылау және салмақтың динамикалық бақылау жүйелерін (WIM) қолдану ауқымын кеңейту.

- Техникалық бақылау және қадағалау тұрғысында жолдарды салу, қайта құру және жөндеудің барлық кезеңдерінде бақылау, адами фактор әдістеріне әсер етпейтін технологияларын енгізу.

- Жол-құрылыс техникасының жұмы­сын жергілікті сандық модельдер­дің негізінде ұйымдастыру.

- Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін салу, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау сапасын жақсарту мақ­сатында нормативтік-техникалық базаны жетілдіру.

- Жаңа технологияларды енгізу, соның ішінде «Жол активтерін басқару» тұжырымдамасы негізінде зерттеулерді жалғастыру.

- Жол саласында жаңа материалдар мен технологияларды тиімді енгізу, жол жұмыстарының құнын төмендету, жөн­деу және кепілдік мерзімдерін ұлға­йту, жол инфрақұрылымының қауіпсіз­дігін арттыру.

Жол саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, кәсіпорын базасында «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесін құрдық. Жобалық кеңсенің негізгі міндеті – сыбайлас жем­қ­орлық құқық бұзушылықтың кез келген қауіп-қатерін азайту, бизнес-про­цес­терді автоматтандыру, қабылдана­тын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету. 

Сондай-ақ орталыққа қызметкерлерді жұ­мысқа қабылдау тетігі түбегейлі өз­геру­де. Біріншіден, Мемлекеттік қыз­меттің пер­соналын басқару ұлттық орталы­ғын­да тестілеу өткізіледі. Екінші­ден, Пре­зи­дент жанындағы Мемлекеттік басқару ака­демиясының тәуелсіз сарапшылары баға­лауымен эссе жазу енгізіледі. Әрі қарай кәсіби емтихан өткізіліп, оны қо­ғам мүшесі басқаратын комиссия баға­лай­ды. Бұл комиссия қызметкерді жұмыс­қа қабылдау туралы түпкілікті шешім қабылдай­ды.

Біз Қазақстан азаматтарын жол сала­­сындағы жағдайға бейжай қара­май, бір­лесіп жол сапасын арт­тыру­ға атсалы­су­ға шақырамыз. Осы мақ­сатта кез кел­ген өтініш пен ұсы­ныс­­тары­ңызды +7 (7172) 739-760 байла­ныс нөмірі арқылы хабарлай аласыздар.

 

Замир САГИНОВ,

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РММ Бас директорының міндетін атқарушы

 

Соңғы жаңалықтар