Мұндағы басты мәселе – талай жылдан бері жыңғыл, жиде, шеңгел басып кеткен жүздеген гектар жерлерді қалпына келтіру еді. Сонымен қатар тазаланбаған каналдар да шаруалардың егістікпен айналысуына залал келтіргенін айтпасқа болмайды. Себебі шаруалар үшін ең басты мәселеге айналған су тапшылығы жерді тиімді пайдалануға қолбайлау болды.
Жуырда Мойынқұм ауданында болып, шаруалармен жүздескенімізде іс ілгерілеп келе жатқанын байқадық. Бүгінде талай жылдан бергі тоң жібіп, сең қозғалды деуге болады. Мәселен, Күшаман ауылының тұрғыны Қазанбай Абылай мемлекеттің қолдауымен «Күшаман» ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, 40 гектар жерге жүгері егіпті. Әуелі ширек ғасырдан астам уақыт бойы тазаланбаған осынау алқапты қалпына келтіруге облыс және аудан әкімдіктері тарапынан биыл қолдау көрсетілген екен. Көктемде бұл жұмысқа 20-ға тарта адам және 5 техника күші тартылған. Нәтижесінде талай жыл бойы тусырап жатқан кең дала жүгері алқабына айналды. Қазір мұнда 7 отбасы жұмыс істейді екен. Сонымен қатар Шу өзенінен және жергілікті Күшаман каналынан су да тартылған. Ендігі жерде шаруа егістіктен 400 тонна жүгері алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Жалпы, биылғы Мойынқұм даласы қайнаған еңбек майданына толы. Көктерек ауылының тұрғыны Алмабек Әбдіхалықов есімді шаруа биыл «Байбарақ» ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, 40 гектар жерге жүгері еккен. Бірақ шаруа жүгері егуді бастаған 8 жылдан бері әкімдік тарапынан еш көмек болмағанын, су келетін арықтарды шаруалар қолмен қазып келгенін, алайда судың да болмағанын айтты. Оның үстіне шаруа өткен жылдары 4 гектар жерге ғана жүрегі егіп келген. «Биыл облыстық және аудандық әкімдік тарапынан шаруалардың игілігіне тегін техникалар берілді. Нәтижесінде талай жылдан бері түрен түспеген алқап суармалы алқапқа айналды. Енді келесі жылы 250 гектар жерге жүгері егуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылдары аудан бойынша жүгері егетін жалғыз ғана техника бар еді. Оның жүргенінен тұрғаны көп, яғни тозығы жеткен болатын. Соның өзінде біз оларға жанармайынан бөлек, 9000 теңгеден төлеп келдік. Биылдан бастап мемлекеттің қолдауы нәтижесінде бұл жұмыстар тегін болды» дейді А.Әбдіхалықов.
Еліміз бойынша тары егу Қызылорда, Түркістан облыстарында жақсы жолға қойылған. Ал Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында ғана тары өсіріледі. Жергілікті тұрғындар оның да тары деген аты болмаса, заты оған келіңкіремейтін дейді. Биыл бұл кәсіптің де түйіні шешіліп, шаруалар тары егу қамына кірісіп кетті. Күшаман ауылының төрт тұрғыны бірігіп, алғаш рет тары егуді бастағанын айтты. Өзін ауыл тұрғыны Қайырғали Шашубайұлы деп таныстырған шаруа 5 гектар жерге тары егіп отырғанын, бұйырса гектарынан 1 тоннадан өнім алуға болатынын, сонымен қатар тарыны базарға апарып саудалайтынын да жеткізді. Мәселен, 1 кило тары 500-600 теңге көлемінде тұрады. Аптап ыстықта ырысын қара жерден іздеген шаруалар мезгілі жеткенде бейнетінің зейнетін көреді.
Мойынқұм даласына тіршілік көзі су келгелі, кең алқаптардың арнасы кеңігелі бері жергілікті жерді тиімді пайдалануға аудан тұрғындары ғана емес, көрші өңірлер де қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Алматы облысынан Болат Қанапиянов есімді азамат келіп, 350 гектар жерге жүгері егуді бастапты. Бұл шаруаны ол 10 адаммен бірлесе атқарып отырғанын айтты. «Алқапқа су келіп тұр. Биыл өнім жақсы болып жатса, кейінгі уақыттарда да жүгері егуді жалғастыру ойда бар», дейді Б.Қанапиянов.
Бүгінгі таңда Мойынқұм ауданындағы жүздеген гектар алқап тазаланып, су каналдары іске қосылған. Нәтижесінде дала төсінде еңбек етіп, нәсібін кәсіптен тауып жүрген шаруа қатары көбейді. Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың айтуынша, Жамбыл облыстық «Аса-Талас» мекемесінің техникаларымен ағымдағы жылы аудан бойынша жалпы ұзындығы 69,3 шақырымды құрайтын 9 тоғанды тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 58 млн 837 мың теңге, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 9 млн 310 мың теңге қаражат қаралып, толық игерілген. Өткен жылмен салыстырғанда биыл тоғандарды тазалау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 1290 гектар суармалы егістік алқап пайдалануға берілген. Сонымен қатар ауданда егін шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік бюджеттен 65 млн теңге қаражатқа ауыл шаруашылығы техникалары алынса, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы аумағы 5074 гектарды құрады.
Жамбыл облысы