Ел аумағында қауіпті өндіріспен 1,8 мың кәсіпорын және ұйым айналысады. Соңғы 12 жылда Қазақстанда 2500 өндірістік апат орын алған. Соның салдарынан 1680 адам зардап шегіп, 3018-і қаза тапқан. Жыл сайын жұмыс орнындағы апаттың кесірінен 260-тан аса адам түрлі деңгейде жарақат алады. Бас шаһарда биыл 28 өндірістік жарақат тіркеліп, 26 қызметкер жапа шеккен. 7 жағдай адам өлімімен аяқталған.
– Мұның басты себебі неде? Осы жағдайды зерттеп, саралай келе көбісіне жұмыс берушілер кінәлі екені анықталды. Өйткені жұмыс орындарында қызметкерлерге дұрыс жағдай қарастырылмаған. Еңбек қауіпсіздігі сақталмайды және бұл туралы жөнді түсіндірілмейді. Көптеген ұжымда өндірістік кеңес берілмейді десек те болады. Бұл да жағымсыз динамикаға әсер беріп отыр. Өкінішке қарай, еңбек туралы заңда да өндірістік кеңес құру туралы ескерусіз қалған. Ал оның мақсаты – жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қорғау, денсаулығын сақтау және нығайту. Міне, осы іс қолға алынбайынша, жұмысымыз алға жүрмейді деп есептейміз. Неге десеңіз, өндірістік кеңес арқылы жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтаумен қатар, еңбек өнімділігін арттыруға жол ашылады, – дейді Т.Есентаев.
Елордалық кәсіподақтар орталығының басшысы бүгінде өндірістік кеңесті құру жұмыс берушілердің өз еркінде екенін айтты. Сол себепті еңбек реформасындағы осы олқылықты түзету күн тәртібіндегі мәселе.
– Заңға өзгеріс енгізу қажет. Біз ұсыныс жасап жатырмыз. Жыл басынан бері салалық кәсіподақтармен бірлесіп, 100-ден аса кездесу өткіздік. Жұмысшылардың талаптарына қанықтық. Жоғарыда атап өткенімдей, көп жерлерде жұмыс берушілер қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Әлбетте, үлкен ұйымдарда ол сақталған. Алайда, қосалқы мердігерлік компанияларда бұл талап ескерілмей жатады. Жазатайым жағдайға ұшырағандардың дені мердігер ұйымдардың жұмысшылары. Осыны ескеріп, астанада арнайы оқу курсын өткіздік. Шамамен 4 мыңдай адам қамтылды, – деді Т.Есентаев.
Сондай-ақ отандық кәсіподақтар өкілдері сырттан келетін жұмыс кадрларының ағынын қысқартуға байланысты ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, елге келген шетелдік мамандарға жұмыс істетуден бөлек, оларды отандастарымызды өз саласы бойынша үйретуге міндеттеу қажет дейді белсенділер. Сөйтіп Қазақстан азаматтары келімсектердің орнын алмастырады деп санайды Т.Есентаев.
Айта кетейік, статистикаға сәйкес, жылма-жыл өндірістік апаттың салдарынан жаһан бойынша 3 млн-ға жуық адам өлім құшады. Бұдан әлемдік экономикаға келтірілген залал көлемі ішкі жалпы өнімнің
3,94 %-ын құрайды.