Жуырда Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында алғаш рет көне автокөліктердің көрмесі өтіп, халық не түрлі кереметтерге куә болды. Аталған шараны Жамбыл облысының әкімдігі мен «Джип клуб Тараз» тобы бірлесе ұйымдастырған. Мұнда ескі темір тұлпарлардан бастап, соңғы үлгідегі өте қымбат көліктердің жиынтығына дейін қойылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған көрмеге шаһардағы ең әдемі деген 50-ге жуық автокөлік және оншақты мотоцикл арнайы таңдалып алынған екен. Бір ғажабы, маркасы жағынан бірінен-бірі өткен темір тұлпарлар көрмеге келушілерді қызықтыра түсті. Тіпті көрмені тамашалаушылар өздеріне ұнаған көліктің жанында фотоға түсіп, оларды қызықтап жатты. Айта кету керек, ресейлік «Бригада» сериалындағы көліктер де аталған көрмеден табылып, көпшіліктің таңданысын тудырды. Сонымен қатар көрме ұйымдастырушылары сонау соғыс жылдарынан бері көне жәдігер ретінде сақталып келген автокөліктерді де көптің алдына шығарды.
«Джип клуб Тараз» тобының мүшесі Евгений Дуюнов фестивальға 50-ге жуық темір тұлпар қатысқанын, олардың арасында «Бригада» сериалында бой көрсеткен «Газ-21» («Волга»), сонымен қатар Lincoln Town Car автокөліктерінің де бар екенін айтады. «Сондай-ақ қалың жұртшылыққа Екінші дүниежүзілік соғыс заманына куә болған көліктер де таныстырылды. Соның бірі – Ford GPW автокөлігі. Оны көлік иесі көрмеге эвакуатормен әкелді. Күн көзіне шағылысқан «Мерседес» пен автоәуесқойлардың қызығушылығын тудырған «BMW» автокөлігін де дәл осы жерден таптық», дейді өз сөзінде Евгений Дуюнов.
Тағы бір ерекшелік, көрмеге қойылған көліктердің ішіндегі ең көнесі «ГАЗ – 67» автомашинасы болып шықты. Бұл темір тұлпардың иесі Әбдужәлил Құрбанов есімді азамат екен. Осы уақытқа дейін 20 автокөлік құрастырған ол мұнда оның алтауын әкеліпті.
Жамбыл облысы