Аймақтар • 08 Тамыз, 2019

Музейдегі ерекше көрме

534 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «КСРО жылдар белесінен» атты көрме ашылды. Бір ай бойы келушілер назарында болатын бұл көрме советтік дүкен көрінісін бейнелеген.

 

Музейдегі ерекше көрме

Көрмеде көрермен назарына Совет Одағы заманындағы бұйымдар ұсынылған. Кеңестік дүкен сөресі түріндегі экспозицияда сол замандағы тұрмыстық бұйымдар: радиола, магнитофон, шаңсорғыш, тігін машинасы; мектеп оқушыларына арналған оқулықтар, ойыншықтар қойылған. Пионерлік керней мен барабан, қызыл галстук пен оқушылар киімі де сол заманды көрген жанның көзіне оттай басылары анық. Кезінде біраз жерге әйгілі болған Орал ет-консерві комбинатының қалбырдағы өнімдері де екінің бірі қол жеткізе алмайтын қат дүние болатын.

Балалық шағы Орал қаласында өткен Елена Казаногина бүгінде Ресейдің Тольятти қаласында тұрады екен. Туған жеріне табаны тимегеніне 35 жыл болыпты. Жастық шағын, советтік Орал қаласын сағынып келген мейман музейдегі кейбір жәдігерді көргенде көзіне жас келгенін де байқамай қалған.

- Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – жас буынды тарихпен таныстыру, барды бағалауға үйрету. Бүгінгі экспозицияда 265 жәдігер қойылды, мұның бәрін музейге Орал қаласының тұрғындары әр кездері тапсырған болатын, - дейді музей қызметкері Талшын Анатаева.

Расында да бұл көрме келушілердің кейбіріне сағынышты жастық шағын еске салса, көп адамға кеңестік тұрмыстың қарабайыр, сүреңсіз көрінісін көрсетіп тұр.  

 

Батыс Қазақстан