Аймақтар • 08 Тамыз, 2019

Батыс Қазақстанда ұрылар 7 айда 175 қалта қаққан

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жыл басынан бері өткен 7 ай ішінде Батыс Қазақстан облысы аумағында 175 мәрте қалта ұрлығы тіркелді» деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Батыс Қазақстанда ұрылар 7 айда 175 қалта қаққан

Қалта ұрлығының басым бөлігі Орал қаласында тіркелген. Мысалы, шілденің 31 күні күндіз белгісіз біреу қаладағы сауда үйлердің бірінде 1967 жылы туған азаматшаның сөмкесінен жасырын түрде «Каспий Голд» банкомат картасын ұрлап алған. Қолданылған шаралар барысында 1980 жылы туған. азамат анықталып, ұсталды. Осыған ұқсас жағдай шілденің 21-і күні Мұхит көшесінің бойындағы «Береке» дүкенінің жанында болған. Ұры 50 жасар қала тұрғынының сөмкесінен «Халық банкі» банкомат картасын ұрлап алып, іле-шала картадан 11 мың теңгені «суырып» алған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 1993 жылы туған азаматша анықталып, ұсталды. Ұрланған зат тәркіленді.

- Аталған екі факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 1-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде, - дейді Полиция департаменті баспасөз қызметкері Асылай Ғұбашева.

Полиция тұрғындарды халық көп жиналатын қоғамдық орындарда мұқият болуға шақырып, қалта ұрлығына тап болған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажеттігін ескертуде.

 

Батыс Қазақстан